Жаңалықтар

Асхат Шахаров Ақтөбе облысының дарынды спортшыларымен кездесті

Асхат Шахаров Ақтөбе облысының дарынды спортшыларымен кездесті
Фото: Ақтөбе облысының әкімдігі 26.12.2023 23:18 985

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров биыл спортта жетістікке жеткен және ерлігімен көзге түскен жастарды қабылдады, деп хабарлады El.kz ақпарат агенттігі өңір әкімдігіне сілтеме жасап. 

Санаулы күндерден кейін жаңа жылға қадам басамыз. Осынау жарқын мереке алдында Өздеріңіздей биік белестерді бағындырып жүрген және қауіпті сәтте өзгенің өмірін қорғап, ерлік көрсеткен жігерлі жастармен қауышып отырғаныма қуаныштымын. Бұл жыл тәуелсіз елімізге жарқын істер сыйлаған, берекелі жыл болып тарихқа енді. Сол тарихтың жазылуына Сіздер де үлес қостыңыздар, - деді Асхат Шахаров шараны аша отырып. 

Облыс әкімі кездесудің әрбір қатысушысының еңбегін атап өтті. Шараға шақырылғандардың ішінде Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен IV Азия жазғы Паралимпиада ойындарында қола жүлде иеленген Гүлім Құрманбаева бар. Асхат Шахаров оның жеңісі - мақсатқа ұмтылудың, табандылық пен өз күшіне деген сенімнің үлгісі деді. Гүлім Құрманбаева жаттығу кестесінің тығыздығына қарамастан, көмекке мұқтаж жандарға қайырымдылық жасап жүр.

Нұрқанат Әжіқанов та биыл Қытайда өткен ХІХ жазғы Азия ойындарының каратэден чемпионы. Облыс әкімі спортшының Токио Олимпиадасында жинаған тәжірибесі 2024 жылы өтетін Париж Олимпиадасында септігін тигізеді деген сенім білдірді. 

Кездесуге самбодан әлем чемпионы, дзюдодан Қазақстан чемпионатының жеңімпазы Есет Қуанов, дзюдодан Азия чемпионатының жеңімпазы Жанарыс Рахметқали, аударыспақтан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Шыңғысхан Ержанов, жеңіл салмақтағы Naiza FC лигасының чемпионы Нұрбек Қабдрахманов қатысты.

Үстел теннисінен спорт шеберлігіне үміткер, Стамбұл қаласында өткен халықаралық турнирдің жүлдегері, жасөспірімдер арасындағы командалық ойын бойынша ҚР чемпионы, 13 жастағы Нәби – шараның ең жас қатысушысы болды.

Өңіріміз бен ел намысын қорғайтын барлық спортшыға жеңістер тілеймін. Мемлекет бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөлуде. Биыл Ақтөбе облысында 15 спорт нысаны салынды. Сіздерге қарап, болашақ чемпиондар, өскелең ұрпақ үлгі алып, спортпен шұғылдануда, - деп атап өтті Асхат Шахаров.

Төтенше жағдайлар кезінде батылдық танытқан жастарға ерекше назар аударылды.  Олардың қатарында бесінші қабаттан секіргісі келген әйелді құтқарған Хромтау ауданының полиция инспекторы Райымбек Оңғарбаев, өз-өзіне қол жұмсауға әрекеттенген әйелмен бір сағаттан астам уақыт әңгімелесіп, ойын өзгерткен №2 Ақтөбе қалалық полиция бөлімінің инспекторы Ақасыл Дәулет, өртке оранған үйден адамды алып шыққан Ақтөбе қаласының өрт сөндірушісі Нұртас Иманбай мен есінен танып қалған бейтаныс қызға дер кезінде көмектескен Мейірбек Нұржанов бар. 

Бастарын қатерге тігіп, адам өміріне араша болған батырлар мақтау мен құрметтің қай-қайсысына да лайық. Бізге патриотизм мен шынайы көмектің осындай жарқын үлгісінің негізінде жастарды тәрбиелеу керек, - деді өңір басшысы. 

Облыс әкімі кездесудің басты мақсаты – жастарды тәрбиелеу, қаланы абаттандыру мәселелеріне қатысты жастардың ұсыныстарын тыңдап, оларды іске асыру жолдарын бірге қарастыру екенін атап өтті. Сондықтан кездесу «ашық микрофон» форматында өтті. Шақырылғандар өз ойларын ортаға салып, пікір білдіріп, ұсыныстарымен бөлісті.

Өңір басшысы қонақтарға сындарлы диалог үшін алғыс айтып, естелік сыйлықтар табыс етті.

 
Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға