Асхат Аймағамбетов қатерлі ісікке қарсы екпе салдырады
2024 жылдың күзінде Қазақстанда папиллома вирусына қарсы екпе егу науқаны басталған. 9 бен 14 жас аралығындағы қыздарды вакцинациялау тегін жүзеге асырылып жатыр. Дегенмен, қызына екпе салдырудан ерікті түрде бас тартып жатқандар қатары қалың. Елімізде жыл сайын жатыр мойыны обыры салдарынан 600 әйел көз жұматынын ескерсек, аталмыш екпенің маңызды екені айтпаса да түсінікті. Бұл мәселеге депутат Асхат Аймағамбетов те үн қосты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Мәжілісмен қатерлі ісікке қарсы екпені өзі де салдырту туралы шешім қабылдағанын атап өтті.
Жуырда қонақта, дастархан басында балалардың екпесі туралы әңгіме болды. Кейбір ата-аналар екпеден бас тарып, сол себепті олардың балалары көкжөтелмен, кейін паротитпен ауырыпты. Кейін әңгіме жатыр мойны обырынан қорғайтын ВПЧ екпесіне ауысты. Бірақ мұнда да күмән мен қорқыныш басым болды – әсіресе, бұл екпенің қыз балаларға зияны бар деген пікір көп айтылды. Бұл жай ғана бір отбасының әңгімесі емес. Бұл – біздің қоғамдағы үлкен мәселенің көрінісі. Бүгін – Дүниежүзілік қатерлі ісікпен күрес күні. Сондықтан мен өз ойыммен бөліскім келеді, - дейді депутат.
Аймағамбетов өзінің 2020 жылы ковидке қарсы екпе салдырған кезін еске алды.
Екпе – өмірді қорғайды. Мен мұны жай ғана кітаптан оқып немесе дәрігерлерден естіген жоқпын. Мен мұны өз өмірімнен білемін, өйткені өзім тұрақты түрде екпе аламын. 2020 жылы, «Қазвак» вакцинасы әлі клиникалық сынақтан өтпей тұрғанда, мен алғашқылардың бірі болып екпе жасаттым. Кунсулу Дальтоновна екеуміз бір құтыдан вакцина алдық. Бұл – ғылымға, оның адам өмірін сақтап қалу қабілетіне деген сеніміміз еді. Пандемия кезінде анама ковидке қарсы екпе салдырдым. Кейін оған пневмококк инфекциясына қарсы вакцина да алдық. Бұл шешім маған алаңдамай, көңілімнің орнына түсуіне көмектесті, - дейді ол.
Мәжіліс депутаты екпенің қатерлі ісікке қарсы қорғанысты күшейтетінін айтады.
Соңғы уақытта онкологиялық аурулармен күрес тақырыбына терең үңіліп жүрмін. Онкологиялық клиникаларға жиі барып, көп оқимын. Жақында өзім ВПЧ-ға қарсы екпе алуды шештім. Адам папилломасы вирусы – жай ғана вирус емес. Ол қатерлі ісіктің себебі. Жатыр мойны обыры, ауыз қуысы мен көмей обыры – осы вирустың салдары болуы мүмкін. Бірақ бұл аурулардың алдын алуға болады. Біз бұған мүмкіндік бере алмаймыз – әрекет етуіміз керек, - дейді Асхат Аймағамбетов.
Оған қоса екпенің қоғам үшін қаншалықты маңызды екеніне тоқталды.
Маңызды қадам жасалды. Өткен жылдан бастап Қазақстанда қыз балаларға ВПЧ-ға қарсы екпе тегін салына бастады. Бұл жүз мыңдаған өмірді сақтайды. Бірақ бұл жеткіліксіз. Бізге көбірек ақпарат, ашық әңгіме және сенім керек. Екпеге қарсы адамдарды кінәлау оңай. Бірақ олар бізге жау емес. Олар да өз жақындары үшін алаңдайды. Оларды тыңдау керек. Оларға нақты, түсінікті, шынайы ақпарат беру керек. Екпе – бұл таңдау емес. Бұл – қорғаныс. Бұл – өмір. Біз мұны неғұрлым тезірек түсінсек, соғұрлым мықты боламыз. Бұл туралы ашық сөйлесейік. Дұрыс шешім қабылдайық. Жақындарымызды қорғайық, - деп түйіндеді депутат.