Асхат Аймағамбетов: Ауылдағы денсаулық сақтау жобаларында бірқатар мәселелер көп
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жаңадан салынған медициналық нысандарды аралап, бірқатар мәселелерге назар аударды. Депутаттың айтуынша, жобалардың жаңартылған нұсқаларында кейбір жетілдірулер болғанымен, әлі де жүйелік кемшіліктер бар, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Жазда «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында салынған жаңа ФАП-ты аралау барысында көптеген мәселелер анықталды. Бұл жолы біз жаңартылған жобамен салынған дәрігерлік амбулаторияға бардық. Әйтеуір, жаңартылған жобаларда ғимарат бұрынғыдай үйде қолданылатын қарапайым электр жылытқыштармен жылытылмайды екен. Дегенмен, жылыту жүйесі әлі де электр қуатына тәуелді. Ескертулерге көңіл аударылып, ақыры жаңартылған жобада магнитотерапия, электрофорез, УФО сияқты физиопроцедураларға арналған жабдық қарастырылыпты. Бұл – дұрыс шешім. Мұндай жабдықтар қызметті басқа мердігерлерге беруді болдырмайды және ауыл тұрғындары үшін олардың қолжетімділігін арттырады, - дейді депутат.
Алайда жобалардың өзінде әлі де көптеген кемшіліктер бар. Мысалы, санитарлық көлікке арналған гараж қарастырылмаған. Қазір көлік далада тұруға мәжбүр, ал бұл біздің климаттық жағдайымызға мүлдем сәйкес келмейді.
Жалпы, осы ұлттық жоба бойынша көптеген сұрақтар туындайды. Тіпті жобалау сатысында қарапайым нәрселер ескерілмеген. Жоспарлау кезінде-ақ шешуге болатын кемшіліктер өте көп. Бұл жергілікті әкімдіктің кінәсі емес, жобаның дизайнындағы жүйелік мәселелер. Мемлекеттік сатып алудағы проблемалар, қаржыландырудағы кідірістер – бұл тек мұзтаудың ұшы ғана, - дейді Асхат Аймағамбетов.