ҚАШАҒАН ЖЫРЛАРЫНДАҒЫ СЫНШЫЛДЫҚ НАЗАР - 2
«Бұл өмірдің мысалы» өлеңінде қазақтың ақын-жырауларының дәстүрімен өмір-тіршіліктің жарасымын, сол жарастықты тірліктегі әр нәрсенің өз орнында болуын ескертіп, адамгершілік қасиеттерді, рухани құндылықтарды жоғары қояды. «Бұл дүниеде не жетім» толғауында өмір жайлы толғанып, тірліктегі жарасымдылықты жырлайды, жастық шақтың базарын кәріліктің қадірсіздік көріністерін суреттеу арқылы көз алдымызға елестетеді. «Жетімдік» ұғымының мәнін өмір-тіршіліктегі түрлі толымсыздықтар мен орынсыздықтардың суреттері арқылы концептуальдық пайымға жетелейді.
Ақын жырларында өмір сырларын халықтың түсінігіне орай арыдан қозғап, түрлі адамгершілік сипаттарды шендестіре толғап, өлең сөздің өрімімен, ақындық асқақ шабытпен, жыршылдық мақаммен түйдектете төгіп, түйінді ойларға жетелеуге шебер. Сөйтіп өмір философиясын ұлттық ұғымға сай тебіренте төгеді:
Өмір бір дулы шәр болар...
Біреу кем, біреу хан болар;
Басына қайғы түспеген,
Сәл нәрсеге таң болар.
Ашу деген – көк бөрі,
Ақылың – қорған, тал болар.
Тәуекел – қайық, сал болар.
Ойлап кетсең жеткізбес,
Бойлап кетсең шыққызбас,
Уайым деген – жар болар.
Ақыл деген – қой болса,
Ашу деген – көк бөрі,
Бөрі қойға жолықса –
Дүние қиғаш шаң болар,
Арты айықпас лаң болар...
Қашаған шығармаларының ерекше сипаттарының бірі – оның сатирасы. Ақын шығармаларында қазақтың халық шығармашылығындағы ілкіден желі тартып келе жатқан сын-сықақ, әзіл-әжуа, кекесін-мысқыл молынан кездеседі. Ауыз әдебиетіндегі, кейінгі ақын-жыраулар шығармашылығындағы сатира мен юморлық дәстүрлерді Қашаған сәтті жалғастырып, өз кезеңінің шындығына сәйкес дамыта білді. Ол, әсіресе, Абыл ақынның, Шернияз бен Махамбеттің сатиралық дәстүрлерінен үйреніп, оны жалғастырған сыншыл ақын. Ақын жыр-толғаулары мен айтыс-дастандарының қай-қайсысында да бұқара атынан сөйлейді, еңбек адамын жырлайды, сараң байлар мен әділетсіз билерді, жебір болыс пен дүмше молдаларды аяусыз шенейді, екіжүзділік пен тоғышарлықты әшкерелеп, келеке қылады. Бұл туралы белгігі ғалым Қ.Сыдиықов: «Қашаған мұрасынан айқын аңғарылатын сыр – оның бұлтақсыз бұқара жыршысы, асқақ дарынды айтулы ақын екендігі. Ол үстем тап өкілдерін аяусыз шенеп, әр кез кемтар қауым атынан жырлайды», – деп жазады [4, 102].
Мысалы, ақынның «Есқали сұпыға айтқаны» – адамның бойындағы жағымсыз әдет-мінездерді аяусыз шенеген, өз тұжырымдарын білімдарлықпен дәлелдеп, өнерді қорғап шыққан ерекше шығарма. Онда ақын сұпының екіжүзділігі мен қатыгездігін, сараңдығын әшкерелеп, домбыраны «қу ағаш» деген сөзін іліп әкетіп, домбыраны қорғай жыр төгеді. Ағаш туралы өз ойын дәлелдеу үшін оның түрлі қасиеттерін өмірлік деректермен жан-жақты дәйектеу сипаты ақынның асқан білімдарлығы мен ділмарлық шеберлігін көрсетеді. Сөйтіп, ақын ақпа-төкпе арынмен сопының жер-жебіріне жете екіжүзділігін, надандығын, дүниеқоңыздығын бетіне басады, өмірдің әр саласынан мысалдар келтіре отырып, қасиетсіздігін масқаралайды. Мұндай, тақырыпты жеке детальдық тірекке табан тірей отырып дамыта әкету, оны түрлі комбинациялық тәсілмен шендестіре түйдектету – Қашағанның шеберлік тәсілдерінің бірі.
Қашаған жыр-толғауларында сыншылдық ойдың сығындысын түрлі салыстырулар арқылы түйіндеп беру жиі ұшырасады. Есқали сұпыға айтатын:
Сұпеке, ашу қандай, ақыл қандай?
Болмаса тентек қандай, мақұл қандай?
Атаңнан қонақ ұлы деген жоқ па еді,
Жақсылар айтып кеткен нақыл қандай?
немесе «Сақыпқа айтқанындағы»:
Қара қарға қалбағай,
Қаз бен үйрек, қарақұс,
Олар да таласпайтын еді ғой
Бүркіттің жейтін жеміне.
Алыстан көрсе қарасын,
Балапан үйрек баласы,
Көзі түссе жаутаңдап,
Қысса да қайрат қаусаңдап,
Қорқып келмейтін еді ғой
Бүркіттің, сірә, шеміне.
Кесіртке менен жыландар
Жоламайтын еді ғой
Айдаһардың деміне.
Қаршыға аққуды алғанда,
Жапалақ тышқанды басып қалғанда,
О да арланбайтын еді ғой
Дәрежесінің кеміне,-
деп, ұсынар ойын негіздеу үшін оны түрлі жағдаяттармен нақты айқындап алып, қарсыласының шегінерінге жер қалдырмай орап әкетеді. Қарапайым өмірлік мысалдардан бастап, бірте-бірте өзімен екеуінің арақатынасына ойысып, ақырында тікелей тиісе сөгіп, ит сілікпесін шығарады:
Иә болмаса, шырағым,
Қашағандай ағаңа
Бұрын-соң көңілің қалды ма?
Иә болмаса, шырағым,
Қашаған – кәрі, сен – жас деп,
Бір жаман ақыл салды ма?
Иә болмаса, шырағым,
Ағаңды жеңіл көрдің бе?
Иә өзіңе сендің бе?
Иә болмаса, шырағым,
Көбелек қуып құтырған
Мәтөктігің жеңді ме?
Ақын шығармаларында өзі мен қарсыласын түрлі теңеулер, эпитеттер мен метафоралар арқылы салыстыра бейнелеп, тұқырта түседі. Мысалы, ақынның Ізбаспен айтысындағы үстемеленген метафоралық түйдектер өмір-тұрмыстық суреттермен, өткір шендестірулермен қарсыласының мысын басып, сабасына түсіреді:
Мен – мұхит жатқан тереңмін,
Шамшырақ жанған түбімде.
Сен – бір жабы, мен – тұлпар,
Сен – қарға да, мен – сұңқар,
Тоғыңды шайқап бүлінбе.
Сен – өзекте жүрген бөлдірке,
Мен – теңіздегі кемемін.
Басармын да кетермін,
Батарсың да кетерсің.
Қашаған ақын айтар ойын айқындап, образдылығын артырып, әрін аша түсу үшін көбінесе өмірлік деректер мен мысалдарға сүйенеді. Бұл тыңдарманның танымы мен талғамына терең әсер ететін әрі объектінің адамдық бейнесін мейлінше бейнелі сипаттауға жеткізетін тәсіл болып табылады:
Күйкентай деген құс болар,
Далада жүріп мақтанса,
Қайраты бұтпен бұт болар.
Қарға деген азғын құс,
Қасиеті оның жоқ болар.
Құс жаманы жапалақ,
Кесіртке, тышқан жедім деп,
Қырғидың күшін көрмесе
О да жүрер есіріп.
Шөже деген бір торғай,
Ұясында жатқанда,
Көкті тіреп жатсын деп,
Аяғын жатар көсіліп.
Қырғи құсқа жолықса,
Төрт бөлініп төс еті,
Қанаты қалар кесіліп...
Қулық пен сұмдықты өміріне өзек еткен саудагерлер мен дүмше молдалар, даңғой атқамінерлер мен әділетсіз билерді де сын семсеріне іледі. Сараңдық пен суайттық секілді сиықсыз мінездерді сынағанда Қашаған көбінесе зілді кекесінді пайдаланып отырады. Мысалы, «Оразалы байға айтқанында» әуелі байдың іс-әрекеттерін баяндай отырып, «Қарашы, біздің шіркін бай / Шаруаның құлқын табуын!» деп көтермелей түскендей болады. Ал ақынның:
...Бет терісін түлетіп,
Төбесінен күн өтіп,
Шыбын жанын пида етіп,
Шаруаға жанды жүдетіп
Жүргенде кетпесе игі еді
Біздің аршыланға тіл өтіп,-
деген жолдарында бір қарағанда жанашырлық танытып отырғандай көрінгенмен, қайырсыз байдың дүниеқоңыз, сараңдығын тілдеген өткір кекесін жатыр. Демек, ақынның ирониясы өзіндік әдіс ретінде өрнек құрап, діттеген жерін дөп түйрейді.