Жаңалықтар

ҚАШАҒАН ЖЫРАУ МҰРАСЫ – ҚАЗАҚ МӘДЕНИЕТІНІҢ ЖАУҺАРЫ - 1

Ислам ЖЕМЕНЕЙ, шығыстанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор
03.03.2014 06:40 7673

Ислам ЖЕМЕНЕЙ, шығыстанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор

ҚАШАҒАН ЖЫРАУ МҰРАСЫ –

ҚАЗАҚ МӘДЕНИЕТІНІҢ ЖАУҺАРЫ

 

Қашаған – ойшыл ақын ретінде қазақтың психологиялық ерекшелігін дәлдеп тани білген әрі оны нақшына келтіре отырып, жырлай білген жырау, психолог. Бұл пайымдауымызға жыраудың:

Бұл дүниеде не жетім?

Кім қажетсіз болса сол жетім [1, 376],-

деген өлең жолдары дәлел. Қазақтар әр түрлі себеппен қоғамнан бөлектеніп жалғыз қалса, оның салдарынан жетімсірей бастайды.

Ақындар мен жыраулардың бір-бірінен айырмашылығы – кейде олардың шығармашылығындағы көркемдік болса, кейде олардың туындыларындағы ой ұшқырлығы мен ой тереңдігінде жатады. Ал, көркемдік пен ойды ұштастыра білген ақын, ойшыл ақын мәртебеге қол жеткізеді. Халықтың жүрегі мен санасында  ұзағырақ  өмір сүру діңгегі ақын не жыраудың ой-өрісінде жататыны да адамзат тарихынан мәлім. Оған  шеттен мысал іздемей, қазақ әдебиеті тарихынан Асан қайғы, Бұхар жырау, Дулат Бабатайұлы, Махамбет Өтемісұлы, Абай, Шаһкәрім, Мәшһүр Жүсіп, Тұрмағамбет сынды ақын-жырауларды тілге тиек ете аламыз. Қашаған жырау да ойшылдық қасиетімен халқының санасында ұзақ уақыт өмір сүріп келе жатыр. Сүйтіп, қазақтың рухани кеңістігін байытып келеді. Қашаған қазақтың ұлттық психологиясын терең білгендігінен халқының «жетім» деген үғымын қоғамдық қатынастағы барлық болымсыз жайттарға мәйек ретінде пайдаланады. Өйткені өзге елдерге «жетімдік» қасірет болмаса да, қазақ үшін «жетімдік» – асқан қасіретті ұғым. Себебі, көшпенді қазақ халқына ұжымдаса өмір сүру табиғатына сай қоғамдық ортада болу психологиясы қалыптасқан ерекшелік. Жырау осындай ұлттық терең білімімен «Бұл дүниеде не жетім?» атты өлеңінде қоғамдық психологияның болымсыз қатынастардан туындаған қайғы-қасіретті дәл де айқын бере білген. Қашаған қазақ психологиясын дәл бере білу үшін оның кілті «жетім» сөзін саналы түрде қолданған. Себебі көптеген халықтардың жалпы мәдениетінде «жетім» сөзі ана мен әкеден айырылған сәбиге ғана тән ұғым болса, қазақта бір қазақ бір қазаққа мейір-шапағат көрсете алмаса, жаны жүдеп жетімсірей бастайды. Сол үшін қазақта «айналайын» мен «бауырым» деген сөздерінің орны айрықша. Қазақ көппен бірге бола алмаса жетімсірейді. Сол себепті қазақ қонақжай халық ретінде бүкіл әлемге танымал болған. Қазақ өзінің көпшілдік психологиясына орай  «жалғыз жол тапғанша, көппен бірге адас» деп те бекер айтпаған. Қашаған қазақтың қоғамдық психологиясына бағыт-бағдар беру үшін, қазақты психологиялық жетімдіктен сақтандыру үшін «жетім» сөзін өлеңіне ұйытқы еткен. Бұл сөз оның қазақ мәдениетін жақсы да терең білгені үшін пайдаланғаны анық. Өйткені қазақ тілінде «жетім» сөзі – мағыналық ауқымы кең ұғым. Оны ұға білу үшін адам мен адам психологиясының бағына тоқтала кетейік.

Адам жаратылыс табиғатында қоғаммен өмір сүру ерекшелігіне ие. Сол себепті адам баласы қоғамнан, топтан бөлініп өмір сүре алмайды. Адам қоғамдық ерекшелігіне байланысты қоғамдық ортасында өз бойындағы ғажайып дарынын да, жан түршігерлік қылықтарын да, әлсіз тұстарын да көрсетеді. Бір көңіл бөлетін жайт, бұндай ерекшілік өзге ұлттардан гөрі қазақ халқына көбірек тән деуге болады. Себебі қазақтарға мұндай психологиялық ерекшілік оның тарихи жолымен ұштасып жатыр. Қазақ халқының мұндай қоғамдық психологиясының ерекшелігіне сәйкес қоғамдық ортаға мұқтаж, әрі сол қоғамға керектігін сездіруге мұқтаж. Міне, осыдан қазақтың қоғамға мұқтаждығы мен қажеттігі Қашаған жыраудың:

Бұл дүниеде не жетім?

Кім қажетсіз болса сол жетім,-

деген өлең жолдарының мәнін аша түседі. Өйткені қазақтың күнделікті тіршілігіндегі барлық жағымды да жағымсыз, нәтижелі де нәтижесіз, пайдалы да зиянды іс-әрекеті, қимыл-қозғалысы, айла-тәсілі қоғамдағы өз орнын табу болып табылады. Сол үшін Абай да:

Сен де – бір кірпіш, дүниеге

Кетігін тап та, бар қалан» [2,149],-

деп қазақтың сондай талпынысын меңзейді. Бұл да болса, Абай мен Қашаған жыраудың ой үндестігі, ой сабақтастығы болып табылады. Екеуі де бір нүктеге көз тігіп тұр. Тек қана екеуінің бір нүктеге екі қырынан қарап тұрғандығы – айырмасы. Олар бір мақсатқа екі қырынан қараса да, бірі-бірін толықтырушы сыңайлы. Абай ойын бір шумақта:

Әсемпаз болма әр неге,

Өнерпаз болсаң, арқалан.

Сен де – бір кірпіш, дүниеге

Кетігін тап та, бар қалан»,-

деп кеңес береді. Ал, оқырман Абай кеңесіне құлақ аспай, бет алды тіршілігінен қол үзбей жүре берсе, Қашаған жыраудың әр түрлі себептермен адамның қоғамдық ортадан шеттетіліп жалғыз қалғанының салдарынан туған жағымсыз нәтижелеріне барып тірелетінін ұғу қиын емес. Расында қоғамнан шеттетіліп қалған адам қазақ ұғымында жетім жанның күйін кешеді.

Шынтуайтына келгенде, адамдар ұжымдық тіршіліктен қаша алмайды. Сол үшін де адам адамға тіршілік ету үшін мұқтаж жан екендігін білуге тиіс. Сондай-ақ адам осы мұқтаждық пен бірге қоғамға керек жан болғанын да қалайды.

жалғасы...

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға