ҚАШАҒАН КҮРЖІМАНҰЛЫНЫҢ ӘДЕБИЕТТЕГІ БЕЙНЕСІ - 3
Өз ағайыны көптігін, ата жағынан Қашағанның кең тарамағанын айтып тасынған «Берекет ақынға айтқан» жауап жырында:
Көппін деп, балам, мақтанба,
Көп атадан ел азады.
Балықтай сасып басынан.
Азда қайрат жоқ десең,
Бүкіл тоғай өртенер
Бір зәредей жасылдан.
Мың қарғаға – бір кесек,
Ортасына түссе қашырған.
Отман таудың басында
Дегелек деген бір құс бар,
Аспанда жүріп ысқырса,
Мың орда жылан басылған.
Мен жүлделі жүйрікпін,
Ала жаулы тер шығып,
Сүйегім қызбай ашылман,-
деп асқанға – тосқан, іздегенге – сұраған дегендей, ілік іздеп келіп қаралай ұрынған өлеңшіні ойынан адастырып, сөзінен жаңылдырады [1, 69].
Ахмет Байтұрсынов: «Өлең – ақынның ішкі ғаламының сөзі болғандықтан, мұнда да сөзі мен өзін көрсетіп отырады. Толғауда ақынды қабағын қарс жауып, қайғырып тұрған күйінде де, беті гүл-гүл жайнап, қуанып тұрған күйінде де, сүйінген, күйінген күйінде де, тарыққан, зарыққан, жабыққан күйінде де, шаттанған, марқайған, масайраған күйінде де көріп отырамыз»,- деп жазады [11, 8]. Ал енді мына бір жолдар Қашағанның шамырқанған кезіндегі көңіл күйі:
Мен – мұхит жатқан тереңмін,
Шамшырақ жанған түбімде.
Сен – бір жабы, мен – тұлпар,
Сен – қарға да, мен – сұңқар,
Тоғыңды шайқап бүлінбе.
Сен – өзекте жүрген бөлдірке,
Мен – теңіздегі кемемін.
Басармын да кетермін,
Батарсың да кетерсің... [1, 93].
«Бұл не? Менмендік пе, тәкаппарлық па, астамсу ма? Батыр мен ақынға ғана кешірімді асқақтық. Бұл арқылы ол мақтаншақтық пен астамдықты дәріптеп отырған жоқ, мансұқтап отыр. Ел арасында дүлдүл ақындығымен ғана емес, кемел азаматтығымен, әлсіздің сөзін сөйлеп, ағайынның да жағасынан алған әділдігімен, кісіге құныкер боп, елінен безген қашқынды паналатқан қайырымымен, жауласқандарды бітістіремін деп жауырынын дүреге тосқан ерлік пен мәрттіктің, адалдық пен сақилықтың үлгісін көрсеткен өлшеусіз адамгершілігімен талай аңыз қалдырған Қашаған адамдармен емес, ерді қор, елді сорлы қылатын кесірлі қылық, кесапат құлықтармен – рухани кеселдермен алысқан» [9, 318].
Сөз өнерін зерттеуде соңына соны соқпақ салып, із қалдырған парасатты ғалым Зейнолла Қабдолов: «Лирикалық образ – сыршыл өлең-жырлардағы ақынның бейнесі, оның ішкі бітімі; ақынның мың иірім көңіл-күйінен – нәзік сыры мен сылқым сезімінен өріліп жасалған өзгеше кейіпкер» деп тұжырым жасайды [11, 9].
Жүйрік едім қашаннан,
Ақбөкендей орытқан.
Талай келдім бәйгіден,
Жоқ еді жерім зорыққан,-
деген жырау сөзі өз болмысын байқатып тұр [1, 94].
Зерттеуші, қаламгер Тұрсынжан Шапаев: «Абстракты лирикалық образ төркінінде нақты адамдық, ақындық дара мінез жатады. Сондықтан өлеңдегі парасат өрісі, сезімдік кернеу деңгейі – тек ақындық дара сипатқа тәуелді». «Олай болса, – дейді осы тақырыпты жете зерттеген ғалым Мақпал Оразбек, – бүкіл өлеңнің өн-бойында, лирикалық кейіпкердің түп-төркінінде адамдық, ақындық дара мінез жатса, ақынның терең көңіл қойнауында жеке басқа тән асқақ ақындық сыры жатқаны, биік ақындық тұлғасы төбе көрсетіп тұрғаны талассыз» [11, 9]. Біз бұл ғылыми тұжырымдардан көптеп үзінді келтіріп отырған себебіміз – Қашаған атамыздың әдебиеттегі бейнесін өзімізше тануға тырыстық.
Абыз ағамыз Әбіш Кекілбайұлының мына бір аталы сөзі – жоғарыда айтылған тоқсан ауыз сөзіміздің тобықтай түйіні: «Қашаған жыры, расында да, ең әуелі тарихи санадан бастау алады. Ол аяқасты соқтыққан Ізім, Ізбас, Сақып сынды ақындарға да, аяқ асты қырыс мінез танытқан Есқали сұпы мен ауылдас сараң ағайындарға да жауапты күнделікті күйбең тірлік пәтуасынан емес, дүние жаралып, су аққалы жеңісе алмай келе жатқан күйкі пенделік пен кемел парасаттың тайталасынан іздейді. Қашаған үшін кез келген жұмыр басты пенденің көз алдындағы қылығы мен құлығы тек оның бір басымен шектелмей, күллі қазақ, күллі адам нәсілін қамтып жатқан құбылыстай көрініп, таусыла толғанып, күйзеле тебіренеді. Бәлкім, оған тек өз заманының ғана емес, бағзы замандардың да шындығын жеріне жеткізе жақсы білгендігі себеп шығар» [9, 314].
Өзіне дейінгі қазақ әдебиетіндегі, жалпы ұлт руханиятындағы алыптар бейнесін келешек ұрпаққа таныту – сөз өнеріне қызмет етіп жүрген әр буын өкілдерінің, тіпті ел болашағын ойлаған кез келген қазақтың азаматтық борышы деп білеміз.
ӘДЕБИЕТТЕР
1. Күржіманұлы Қ. Топан. Шығармалары. Құрастырған Қ.Сыдиықов.
Алматы, «Жалын», 1991. 176 б.
2. Абыл, Нұрым, Ақтаным... Алматы, 1993.
3. Жырдария. Ақтау, 1999.
4. Алқаласа әлеумет. Жыр жинағы, құрастырған Қ.Сыдиықов, Ш.Керімов.
Алматы. Жазушы, 1991. 240 б.
5. Сыдиықұлы Қ. Ақберен XVIII-XX ғасырлардағы қазақ ақын-жырауларының шығармалары. Алматы. Нұрлы әлем, 2007. 576 б.
6. Сүйіншәлиев Х. Қазақ әдебиетінің тарихы. Оқулық. Алматы. Санат, 1997. 927 б.
7. Жансүгіров І. Құлагер. Өлеңдер мен поэмалар. Алматы. Атамұра, 2003. 360 б.
8. Ерғалиев Х. Таңдамалы. 2-том. Поэмалар, өлеңдер. Алматы, Жазушы, 1976. 440 б.
9. Кекілбаев Ә. Он екі томдық шығармалар жинағы. 10-том. Алматы. Өлке, 1999 ж. 400 б.
10. Медетбек Т. Баба дәстүрдің мұрагері кім? Туған әдебиет туралы ойлар.
Алматы. Өлке, 2001 ж. 284 б.
11. Оразбек М. Ақындық тұлға табиғаты (Шәкәрім, Мағжан, Сұлтанмахмұт). Зерттеу. Астана. «Фолиант», 2002 ж. 152 б.