Жаңалықтар

ҚАШАҒАН КҮРЖІМАНҰЛЫНЫҢ ӘДЕБИЕТТЕГІ БЕЙНЕСІ - 2

Өмір бойғы шығармашылық қызметімен жыраулар поэзиясы жөнінде еңбектенген, соның ішінде «Қашағантану» ғылымының да негізін қалаған жанкешті жидашы ғалым Қабиболла Сыдиықұлы:
03.03.2014 05:13 5845

Өмір бойғы шығармашылық қызметімен жыраулар поэзиясы жөнінде еңбектенген, соның ішінде «Қашағантану» ғылымының да негізін қалаған жанкешті жидашы ғалым Қабиболла Сыдиықұлы: «Ол – сыншыл, тура, өткір, сықақ мәнді шығармаларымен танылған айтулы бұқара жыршысы. Оның ақындық, жыршылық өнерінен замандастары мен өзінен кейінгі талай өнерпаздар өнеге алған» дейді [5, 339].

Қашаған жайлы сөз айта қалсақ, оның айтыстары туралы тақырыптан айналып өту тіпті де беймүмкін. Діни танымдық сұхбат түрінде Нұрым ақынмен айтысып, батасын алған жас ақын одан кейінгі сөз барымтасында ылғи да тартыс үстінде танылады. Тек «Аралбайды жұбату» жырында «орынды жерде сөйлесем, қызыл тілім дөңгелер» деп жөн-жоралғы бойынша көңіл айтып, сыйлас інісінің қапалы кезінде қам көңілін бірлеуге, қайғысына ортақтасуға, сөйтіп көңілін сергітуге тырысады.

Ақын Темірхан Медетбек «Қатепті қара нары Маңғыстаудың» атты танымдық мақаласында: «Қашаған қалқан қағыстырып, қылыш сермесіп, найза сілтеспесе де, бүкіл ғұмыры күреспен өткен ақын. Ол көргенсіз әдепсіздікпен, қаскөй қиянаттықпен, дарақы даңғойлықпен, қараңғы надандықпен, таңқы дүмшелікпен, қомағай тоғышарлықпен, алакөз алауыздықпен, бетімен кеткен жүгенсіздікпен күрескен. Олармен жан берердей жағаласып, жан алардай шайқасқа түскен. Ол әлгіндей адам жанын бүлдіріп, тоздыратын жат пиғылдарды жойып, оның орнына ізгілік, инабаттылық, ауызбіршілік сияқты қасиеттерді орнықтыру үшін жан салған»,- дейді [10, 85].

Мұнысы рас. Енді төмендегі мысалдарға мұқият зер салсақ. «Қашаған ақын мен Құрманғазы күйші қыстың бір суық күнінде Каспий теңізінің терістік шығысында Елпілдекті деген аралда отырған ауылға келеді. Күн кешкіріп қалған соң, осы ауылға қонбақ болады. Әуелі малшы жігіттерге кезігеді. Олар: «Осы бір қонақжай үй» деп Есқали сұпынікін сілтейді. Сұпы үйінің шықберместігін білетін олар, қонақтардың бірі Қашаған екендігін сезіп, Есқалиды бір жерлеттіруді ойласа керек». Бірақ, біздің ойымызша, бұл көпшілік күле тыңдайтындай, білімі асқан ақынның дүмшелікті әшкерелегеніне айызы қана қуанатындай емес, салмағы зіл батпан жыр. Абай айтпақшы, «Әрбір жаман кісінің қылығына күлсең, оған рахаттанып күлме, ыза болғаныңнан күл, ызалы күлкі – өзі де қайғы. Ондай күлкіге үнемі өзің де салынбассың, әрбір жақсы адамның жақсылық тапқанына рахаттанып күлсең, оның жақсылықты жақсылығынан тапқандығын ғибрат көріп күл. Әрбір ғибрат алмақтың өзі де мастыққа жібермей, уақытымен тоқтатады».

Пейілің мұнша неге қуырылған?

Шапқанда жүйрік едім суырылған.

Сыртымнан естіген  жұрт әуес еді

Тұлпардай шығып жүрген дабылымнан...

 

Бәйгі алдым талай жерде шабыспенен,

Қашаннан күнім кешті жарыспенен.

Несібе осылайша жаралған соң,

Жақынды араладым алыспенен... -

деп қонақ қылып, сый көрсетпеген үй иесін жыр-қамшысымен дүрелейді [1, 35]. Бұл кезде Есқалидікіне бағанағы малшы жігіттер мен олардан «Қашаған келді» деп естіген ауыл адамдары да жиналып қалады. Надан, сараң сұпының қылығы кектендірген Қашаған тағы домбыраны қолына алып, жырды төгілте жөнеледі:

Жақсылар, келдің жиналып,

Қашаған ақын келді деп,

Кеудесі мұның кең-ді деп,

Кеңес берер енді деп.

Сендерге кеңес беруге,

Отырған жоқпын сыйланып,-

деп, «Саналыға сөзі тыңдалып, пайдалы  сөз айтсаң, бұлданғанды – санасыздықтың белгісі» санайды [1, 37]. Мұның өзі – тұнып тұрған тәрбие. Халық мақалдарындағы «Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» немесе «үйрен де жирен» дегендері ең алдымен осындайда ойға оралады.

Өзімен өнер сынасып, сөз сайыстырып отырған қарсыласын тұқыртып, мысын басу, сол арқылы өзін барынша асқақтата сөйлеу, қарама-қарсы түрлі теңеулер қолдану арқылы үсті-үстіне төпелеп жойқын шабуылдар жасау – қай кездегі айтыстарда болмасын көрініс тауып жатады. Осындай әдісті әбден меңгерген Қашаған ақынның өз айтыстарында ақындық «мені» бірден жоғары деңгейге шығады. Мәселен «Сақыпқа айтқанында» көтеріле сөйлейді:

Қара қарға қалбағай,

Қаз бен үйрек, қара құс,

Олар да таласпайтын еді ғой

Бүркіттің жейтін жеміне.

Алыстан көрсе қарасын,

Балапан үйрек баласы,

Көзі түссе жаутаңдап,

Қысса да қайрат қаусаңдап,

Қорқып келмейтін еді ғой

Бүркіттің, сірә, шеміне.

Кесіртке менен жыландар

Жоламайтын еді ғой

Айдаһардың деміне.

Қаршыға аққуды алғанда,

Жапалақ тышқанды басып қалғанда,

О да арланбайтын еді ғой

Дәрежесінің кеміне... [1, 65]

Қазақ әдебиеттану ғылымы корифейлерінің бірі Зәки Ахметов: «Ақынның өз тұлға-бейнесі оны тебіренткен ой-сезімдерден, айтылып, баяндалып отырған өмірдегі алуан түрлі жағдайларға, қоғамдық мәселелерге, әр түрлі адамдардың іс-әрекеттеріне оның қатынасынан, берген бағасынан айқындала түсіп, жан-жақты толық көрінісін табады» дейді [11, 9]. Мынау дәл соның мысалы:

Қара бүркіт, қаршыға,

Қартайып жасы жеткенше,

Бұйрықты күні біткенше

Алатын аңын қоймаған.

Ашуы келсе, аң алып,

Төс етін жемей, төрт тарпып,

Жемсауын қимай, бір қарпып,

Жеген жемге тоймаған.

Адай түгіл, Байұлы,

Байұлы түгіл, Алшында

Жеңемін деп жарысып,

Мерекелі жерлерде

Ешкім жоқ бізбен ойнаған,-

деп келіп [1, 66]: «Пілдің тірі бәсі де мың ділдә, өлсе, тері бәсі де мың ділдә!» дегені – мақалға бергісіз ұтымды, ұлағатты, даналық ой, шын мәнінде. Сөз иесінің қадірін арттырып тұр. Мұндай үлгі Махамбетте де бар. Мұнда Қашаған өзін қара бүркіт пен қаршығаға, демі қатты айдаһарға, жүйрік тұлпарға, алғыр сұңқарға, арлан бөріге теңейді:

Мен – сендей жабының

Талайынан озған тұлпармын.

Сендей жапалақтардың

Талайын алған сұңқармын.

Сен – ауылда үрген көпек ит,

Мен – азулы арлан бөрі едім.

Ашулансам, шырағым,

Жас та болсаң, желкеңнен

Жалғыз-ақ тістеп жұлқармын! [1, 68].

Осындай сарын «Қашаған мен Ізбас айтысында» да айнымай қайталанады:

Менің сөзім – сары алтын,

Сенің сөзің – қола мыс... [1, 92].

 

Топты аузына қаратқан,

Жасымнан жүйрік тілдімін.

Адай түгіл Алшынға

Хан, хәкімдей бұлдымын... [1, 92].

... басы

жалғасы...

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға