Жаңалықтар

Ас / тамақ / тағамға байланысты наным-сенімдер, ғұрыптар мен ырым-тыйымдар

Қазақы ортада белгілі бір жануардың етін азық-түлікке пайдалануға немесе пайдаланбауға байланысты туындаған реттеу, шектеу, яғни ғұрыптар мен ырым-тыйымдар жүйесі қалыптасты.
27.08.2014 07:02 143896

Қазақы ортада белгілі бір жануардың етін азық-түлікке пайдалануға немесе пайдаланбауға байланысты туындаған реттеу, шектеу, яғни ғұрыптар мен ырым-тыйымдар жүйесі қалыптасты. Мұндай үрдістің азық-түлік және оны тұтыну төңірегінде орын алуы заңды құбылыс. Төменде ас-тағамға байланысты көшпелі ортада ежелден қалыптасқан наным-сенімдер және осыған қатысты ғұрыптар мен ырым-тыйымдар, жосын-жоралғылар негізгілері келтіріліп отыр.

 Ас / тамақ / тағамға байланысты наным-сенімдер, ғұрыптар мен ырым-тыйымдар

Ырымдар мен жосын-жоралғылар:

–       садақа немесе құрбандыққа шалғандағы тілек қабыл болу үшін малды құбылаға қаратып, бұйыртып жегіз деп барып бауыздайды;

–       қалыптасқан дәстүр бойынша, тамақты сол қолмен жемейдi – салдары жаманшылыққа апаруы кәдік. Керісінше, мәйіт арулағанда сол қолмен су құяды, жуады т.б., осыған орай, дәрет алғанда да сол қол пайдаланылады. Өйткені, сол қол шайтанның жаңылдыруына апарады, яғни адамға тән қасиет емес саналып, басқа әлемге, дұрыс емес жағдайда жасалатын жайт-мыс;

–       арам өлген малдың, арам аңдар мен құстардың етiн жемейдi. Себебі әлгі арамдардың арамдығы сияқты жаман қасиеттері дариды деп есептеген;

–       түнде тамақтың бетiн жауып қояды. Ашық қалса, жаман, зұлым күш қонып, асты дуалап кетеді, оны жеген адам кеселге ұшырап, ұшынып, дерт жабысуы мүмкін;

– алыс жолға шыққан адамдар қара шаңырақтан немесе аруақты үйден дәм татпай аттанбайды. Дәм татқан адам үлкендердің батасын алып, аруақтардың желеп-жебеуіне ие болады;

«Таңертеңгi асты қалдырма, түскі асқа телмірме, кешкi асты бақпа» – деп келетін тұрақты сөз тіркестері қазақы ортадағы дәстүрлі наным-сенімге негізделген ас қабылдаудың күнделікті тәртібін бейнелейді. «Таңғы ас тәңірден» деген түсінік бойынша, таңғы асты қонақтың отбасы мүшелерімен бірге қабылдауы, тіпті, кездейсоқ кіріп келген адамның үйдегілермен бірге ас ішуі немесе асығыс болса осы астан ауыз тиюі – парыз. Ал соңғы екі ұстанымды түскі және кешкі тамақтанудың үй несібесі мен берекесіне балағандықтан, арнайы және құдайы қонақ болмаса, көрші-қолаң және басқа кездейсоқ келген адамның осы ас мәзірлеріне қатысуын шектейтін, осы арқылы көршілік байланыстарды реттейтін әлеуметтік мәнді жосын деуге болады;

–       шашалған адамға «май қап» дейдi. Бұл май құт-берекенің бастауы – соған жазсын дегенді білдіргені (осындайда үйге алыстан дәм келе жатыр, бөлісетін бол деп қалжыңдап та жатады. Мұны жоғарыдағы тілектің ойнақы түрі деуге де болады);

–       буыны, сүйегi сырқырап ауырған адамға әр ауылдан қырық сирақ жинап әкелiп, қайнатып майын iшкiзсе жазылып кетедi деген ырым бар;

–       сүйегi сынған адамға «қырық үйдiң қылауынан» деп қырық үйден тамақ әкелiп iшкiзсе тез жазылады деген ұғым бар. Осыған орай, туыстары, көршілері мертіккен адамға арнайы «мертік ас» әзірлеп әкеліп жегізеді. Осы жосынның тағы бір нұсқасы – жеті үйден ас жесе, жақсыға саналып сынық тез бітеді дейді. Бұл сынған сүйектің осы жиналған дәм-тұз, тағам сияқты тез бірігіп, тұтасып кетуін ырымдағаны болса керек (осы ретте аталмыш ырымның параллелі ретінде екі жастың басы құралып, бірлігінің нығаюын, ұрпақтарының көбеюін, яғни өмірінде барлығының ию-қиюы келіп тұруын «көздейтін» қыз жасауына кіретін құрақ көрпенің берілу жосынын еске түсіруге болады);

–       мысыққа тамақ бергенде «о дүниеде ұмытып кетесiң» деп маңдайынан шертедi (халық аңызы бойынша мысық о дүниеде «ием маған тамақ бермедi десе, ит «ием менi жақсы бақты» деп араша түседi-мыс). Мысықтың «осы үйде бала болмаса екен, тәтті-дәмдінің бәрін өзім жер едім» дейтін арам тілегі болады-мыс деген түсінікке байланысты мысық тілеу деп аталатын ұғым-теңеу қалыптасты. Пиғылы арам адамды мысық тілеулі дейтіні сондықтан;

–       көктемде, күн алғаш күркiрегенде «мал сүттi болсын» деп шөмiшпен ақ (айран) алып шығып, үйдiң жабығына жағады, босағаға төгедi, дөдеге тұсын шөмішпен айналдыра қағып «сүт көп, көмір аз» айтып шығады. Бұл – қыс кетіп, жаз келді, енді жауын мол болып, көк жақсы шығып, осы үйге ырыс, несібе молынан болсын дегенді ырымдағаны. Бұл жерде «сүт көп, көмір аз» сөз тіркесіндегі сүт пен көмір екі стихия – ақ пен қараның арасындағы күрестің ақтың пайдасына шешілгендігін, яғни тоқшылықтың символы жаздың салтанат құрғандығын бейнелейді;

– «асты (тұзды) теппе (төкпе), қызды сөкпе» деген қағида бойынша ас атаулыны жамандамайды. Кепиет атып, аш қаласың, нанды сол қолмен үзбе, кесірге тап боласың деп ырымдайды.

–       кез келген адам жалаңаш немесе жалаңаяқ, сондай-ақ, сыңар аяқкиіммен отырып тамақ iшуге үзілді-кесілді тыйым салынады. Осыған байланысты Ібіліс айтыпты деген тәмсіл бар: «адамға барлық жамандық істі істеу қолымнан келеді, тек қана бір аяқкиімін киіп, екіншісін шешіп, сыңараяқ отырып тамақ ішкізу қолымнан келмейді». Яғни Ібілістің қолынан келмеген сорақылықты адам баласының істеуі оның кісілік кепиеттен айырылғандығы, шектен шыққандығы деген сөз. Аталмыш тыйымның мәні де осында;

–       малдың жамбасының шұқыршағындағы етті қонақ жемейді, домалас (тоқбас, тоқпан) жiлiгiн қонаққа ұсынбайды, олар үй иелеріне тиесілі (ортан жілікті тоқатай немесе кіші жілік деп те атайды);

–       үйге келген адамдарға дәм таттырмай шығармайды. Дәмнен үлкен нәрсе жоқ, дәм, асты сыйлау қадірлеу, қуыс үйден құр шықпау, тағамды шайнаңдап шығу керек. Бұл жосынның негізінде дәм бұйырған үйден тоқшылық, һәм молшылық арылмайды деген идея жатыр. Осыған орай, қазақы ортада ас үстіне келген адамға «бізге деген көңілің ақ екен», ал астан кейін келгенге «біз туралы пікірің теріс екен» деп келетін тұрақты сөз тіркестері – фразеологизмдер де қалыптасты;

–       нанның қиқымын жеген бала бай болады. Бұл ұстанымның ұрпақты ұқыптылыққа тәрбиелейтін маңызы өз алдына, көшпелі ортада «нан табудың» үлкен еңбекпен болатындығының да рәсімделген көрінісі болса керек. Сондай-ақ, нанды бiр қолымен үзбейдi. Нан үстiне зат қоймайды деп келетін ұстанымның мәнін де осындай қисынмен түсіндіруге болады;

–       тартылған бастың оң құлағы қонақ балаға тиесілі (құлағы түрік болады және сөз тыңдайтын елгезек болып өседі-мыс);

–       таңдайды қыз балаға беруі өнерлі болсын дегені. Шешен, ісмер болу (таңдайдағы бедерлерді меңзеп, кестеші болу), таңдай қақтырарлық өз ісінің шебері, жезтаңдай әнші болу дегенді меңзейді;

–       қол тиген нанның үзігін тауысып жеу керек;

–       дастарқан оң жағынан жайылады, қос қабатты дастарқан болса, бүктелген тұйық жағын қонаққа қаратып, оң жағымен жаяды. «Дастарқан оң болмай, істе жол болмайды» деген мақал осындайда айтылса керек;

–       қыз балаға жүрек береді. Бұл мейірбан болсын дегенді білдіреді;

–       сый табақпен қос кәрі жілік бірге тартылса қонақ жақсылыққа жориды. Жолым оң болады, бақ-дәулет қонады деп жіліктерді мұқият мүжіп, өзімен бірге алып кетеді. Сөйтіп, өз үйінің босағасының оң жақ тұсына іліп қояды. Бұл кәрі жілік қорған болады дегені;

– қасқыр шапқанда жағы қарысып қалсын деген ырыммен түйенің мойнына кәрі жілікті іліп қояды;

– пәле-жаладан қорғайды деп кәрі жілікті ердің басына іліп алып жүреді;

–түйенің етін жегеннен кейін мезгілінде толғағы келмей, босану мерзімі ұзап бара жатса, сол үйдің төріне өлген бураның басын іліп қою керек (әйел қиналмай, тез босанады-мыс);

–       жауырын таза мүжіліп желінуге тиіс, өйткені, толық мүжілген жауырынның ғана етек тұсы жарылып, ашылады. Бұл – жол ашылсын, жарық болсын, алды тығырыққа тірелмесін дегенді білдіргені;

–       балаға жауырын тістетсе жауырыншы болады;

–       жаңа түскен келіннің аяғы ауыр екендігі білінсе, енесі төсек той жосынын жасайды. Келгендер келіннің төсегіне қыран құстың тырнағын немесе қанатын іліп, жастығының астына пышақ қояды;

–       табақ үстінде ет турауға басқа біреудің пышағын пайдаланғаннан кейін, оны құр қайтармай басына май шаншып қайтарады (май алғысты, сондай-ақ, пышағың үнемі майланып жүрсін дегенді меңзейді);

–       әйелге малдың құты дарысын деп өңеш береді;

– соғымсойылған күні тоқпан жілік асылады (тоқшылық, молшылық болсын дегенді білдіреді);

–       соғымның, малдың жілік майы толық болса, сол жыл малға, елге жайлы болады, тоқшылыққа, молшылыққа әкеледі;

–       қонақ қонған түні мал төлдесе, оған арнап көтен асылады және шапан кигізіледі. Қонақ ақжолтай қонақ аталынады;

–       құдаласу барысында табақ тартар алдында араластыра туралған құйрық-бауырдың үстіне айран құйылып, құдаларға кезек-кезек асатады (айран тілектің ақ екендігін, ал құйрық-бауыр құдалар ақ пен қарадай біртұтас арала- сып кетуді білдіреді);

–       судан шошынған адамға жұлын, шеміршек жегізсе, жазылады;

–       шөбересінің алақанынан су ішкен қарт жұмаққа барады;

–       ұлтабар келіннің несібесі (ұл табады-мыс);

–       шілдеханаға арнап сойылған малдың мойын омыртқаларының ішіне түзу шыбық өткізіп барып, кептіру керек (әйтпесе, баланың мойны қисық бітеді-мыс);

–       соғым сойысқандарға қол кесер сыбағасы берілуі тиіс;

–       асты тек оң қолмен ғана жеу керек (астың адалдылығының және сіңімділігінің кепілі деп ырымдайды);

–       дастарқан басында басқа рудың азаматы отырса, бас соған тартылады;

–       бата беру қонаққа немесе жолы үлкен ақсақалға тиесілі;

–       тары түйіскендерге келі түбі сыбағасы берілуі тиіс;

–       күйеу балаға төс тартылады, арнайы тартылған төсі бар табақты төс табақ немесе күйеу табақ деп атайды;

Шамданған аруақ малға ит-құс жібереді, осындайда аруақтың қаһарына ұшырамас үшін әдейілеп ақ шашады.

–       келген қонақтың баласына көгендік беріледі немесе киім алып берілуі тиіс;

–       асқан еттің көбігі екі рет алынады: біріншісі – қанды көбік, екіншісі – ащы көбік (әйтпесе, жеген ет харам болып, ауруға сеп болуы мүмкін);

–       самауыр шуылдап қайнаса, қонақ келеді;

–       ыдыс түбіндегі сұйық ас ыдысқа толып құйылса, иесінің болашақ жары сұлу болады;

–       қыз балаға желке жегізеді (шашы ұзын болады- мыс);

–       қалжаға сойылған қойдың мойыны бітеу мүжілуге тиіс (баланың мойны тез бекиді-мыс);

–       әйел екiқабат кезiнде жерiгi қанбаса одан туған бала әлжуаз болады, әрi аузынан су ағып жүредi және суайт болуы кәдік;

–       сәби тоқ екенін білдірсе (кекірсе) тоқшылық болады;

–       кесесiне сама (шамба, шәме, шама) түскен адамның үйiне қонақ келедi;

–       бiреу ықылық атып тұрса, «ұрлап тамақ жегенсiң бе» деп әзілдейді. Қазақы түсінік бойынша, фразеологизмге айналып кеткен бұл әзіл адамның көңіл-күйіне әсер етіп, оның ықылығын қойдырады;

–       тамақ iшiп отырған адамның асы, ыдысы қолынан түсiп кетсе, оны шайтан қағып жiбердi дейдi. Яғни астың бұйырмағаны және бұл жайт болуы мүмкін кейбір оқыс оқиғаның алдындағы ескерту іспетті;

–       адамның иегi қышыса, бiр жерден дәм бұйырып тұр деп есептелінеді;

–       тышқан нанның бет жағын үңгімей, қажап қана жесе, сол жылы астық мол болады;

–       үй iшiнде құмырсқалар қаптап кетсе, ол үйдiң ырысы мол болады;

–       өреден құрт ұрлап жесе жауын жауады.

–       келiндер төрден қайтқан табаққа сәлем жасайды;

–       үй иесi қонақтан бұрын «тамақтанып болдым» демейдi;

–       қонақжайлық салты бойынша шөлдегенге су бермеген жаман ырым. «Жолаушының азығы жолда» деген ежелден орныққан ұстанымға берік қазақ үшін бұл үлкен қателік болып есептелінді. Тіпті, қонақасыны дұрыс бермегендерге ілкіде айып салынды;

–       жасы үлкен адамнан бұрын тамаққа қол салмайды;

–       арақ iшiп өлгенге жаназа шығарылмайды және бөлек жерленедi.

Тыйымдар:

–       жас балаға малдың миын жегізбейді (былжырақ болып өседi). Бұл табу, бәлкім, бастың астың ең кәделі мүшесі екендігіне байланысты қалыптасқан болса керек;

–       балаға ортан жiлiктiң майын жегізбейді (мұрнынан боқ ағып жүредi және ата-анаға қайырымсыз мейiрiмсіз болады-мыс);

–       балаға қаспақ жеуге болмайды (үйленгенде жазда жаңбыр жауады немесе қыста боран болады-мыс);

–       бала жұлын жеуге болмайды (әйтпесе, суға кетiп қалады-мыс);

–       нанды басуға болмайды;

–       нанды бір қолмен үзіп алып жеуге болмайды;

–       нанды дастарқанға теріс қарата төңкеріп қоюға болмайды;

–       нанды затпен шаншып жеуге болмайды;

–       нанға пышақ шаншуға болмайды;

–       дастарқанды пышақпен қыруға болмайды;

–       балаға айналшық жегізбейді (бала айналып ауылдан шықпай қояды-мыс);

–       балаға өкпе-бауыр жегізуге болмайды (жетім қалады- мыс);

–       балаға құйымшақ жегізбейді (жеңілтек, үшқалақ болады-мыс);

–       балаға малдың бүйенін жегізбейді;

–       балаға бүйрек беруге болмайды (аурушаң болады- мыс);

–       балаға асық етін мүжітпейді (осыған байланысты алты жыл аш болсаң да асықтың етін мүжіме деген тәмсіл қалыптасты);

–       ер балаға кеңірдек жегізбейді (келіншегің жалаңаш келеді-мыс);

–       қыз балаға кеңірдек жегізбейді (жалаңаш күйеуге тиеді-мыс);

–       қалыңдыққа өлітірісіне арналып сойылған қой етін жеуге болмайды;

–       күйеу балаға бас ұстауға болмайды;

–       әкесі тірі адамға бас ұстауға болмайды;

–       дастарқан үстінде әдепсіз сөз айтуға болмайды;

–       суды қарызға беруге болмайды;

–       қол жумай, желін ұстауға болмайды;

–       ұл балаға кетік шыныға тамақ құйып беруге болмайды;

–       уыздан соң, ізінше суық су ішуге болмайды;

–       балаға шеміршек жеуге болмайды (нағашысы өледі- мыс);

–       балаға бұғана қабырғаны мүжуге болмайды (бойы өспей қалады-мыс);

–       асты жерге төгуге болмайды;

–       тамақты сораптап ішуге болмайды;

–       тамақты тығып ішуге болмайды (жамандыққа апарады-мыс);

–       жамбас сүйекке тіс тигізуге болмайды;

–       тобықтың етін тастауға болмайды. Осыған байланы- сты тоғыз жыл тоқ болсаң да, тобық етін тастама деген нақыл сөз қалыптасты;

–       келінге қарынға жабысқан ұйқыны жеуге болмайды (әйтпесе кержалқау ұйқышыл болып кетеді-мыс);

–       аяғы ауыр әйелге қоян етін жеуге болмайды (баланың ерні жырық болады-мыс);

–       аяғы ауыр әйелге түйе етін жеуге болмайды (сәби көтеру ұзаққа созылып кетеді-мыс);

–       жаңа туған нәрестеге құтты болсын айтқанда, шикі етті апаруға болмайды (шикі ет өлімнің символы);

–       емшектегі баланың аузынан артылған тамақты әкесінің жеуіне болмайды;

–       кәрі жілікті әйелге ұсынуға болмайды;

–       кәрі жілікті қыз балаға беруге болмайды (отырып қалады немесе болашақ күйеуі кәрі қақсал болып қалады-мыс);

–       сүйекті отқа тастауға болмайды;

–       соғым малын қуалауға болмайды;

–       соғымға сойылған малдың сүйегін далаға шашып тастауға болмайды;

–       асқа (тойға) арнайы әкелінген қымыз толы сабаны сарқуға болмайды (азғантай сарқыт қалдырылуы тиіс, әйтпесе қымыз сарқылып, сабаның кеберсуі малдың желінінің семуіне және суалуына алып келеді, үйден құт- береке қашады-мыс);

–       саба мен көнекті төңкеруге және бұл ыдыстардың түбін қолмен де, таяқпен де қағуға болмайды (ырыс кетеді деп ырымдайды);

–       үйде ыдыс-аяқты қатты салдырлатуға болмайды (үйдің ырысы мен құты қашады-мыс);

–       ас ішетін ыдысты ит-аяқ деуге болмайды;

–       ожаумен итке ас құюға болмайды;

–       алыс жол жүргенде тұз бен сары май алып шығуға болмайды (әйтпесе, жол сарғайтып, зарықтырады және тұздай ащы азапқа түседі-мыс);

–       дастарқан басында керілуге болмайды;

–       дастарқан бұрышы тұсына отыруға болмайды;

–       дастарқанды басуға болмайды;

–       асқа сойылған малдың етінен үй иесі дәм татпай, қан-жынын итке тастауға болмайды (үйдің несібесі харамдалады-мыс);

–       ыстық асты үрлеуге болмайды (үрлеген ас харам болады-мыс);

–       төстің сүріншегін түз адамы еркектің жеуіне болмай- ды, ол үй адамы әйелге ғана тиесілі;

–       қонақтан үйге келген соң үй иесі өзіне тиесілі сыбағаны жеуіне болмайды (әйтпесе әйелі қыз табады-мыс);

–       үйге ас шайнап кіруге болмайды (ондайда үй иесі әлгі адамға асты түкіртіп, қан түкір дейді. Дұшпанның үйіне жеп кір, досыңның үйінен жеп шық деген тілек осындайда айтылатын болса керек);

–       күйеудің асқа бата жасауына болмайды;

–       дастарқан үстіне келген адамдармен қол алысып амандасуға болмайды;

–       таңертеңгі ас үстінде ерлі-зайыптыларға ренжісуге болмайды;

–       малды басқа малдың көзінше бауыздауға болмайды;

–       төлді енесінің көз алдында, сондай-ақ, аналық малды төлінің көзінше бауыздауға болмайды;

–       мал төлдеген кезде алғашқы уызын асқа пайдалануға болмайды;

–       малдың алғашқы сүтінен алынған майды пайдалануға болмайды (босағаны, үйдің етегін, табалдырықты майлау керек);

–       жұтқыншақ жеуге болмайды (жесе, тойымсыз сұраншақ, жұтынып тұратын болады-мыс);

–       түнде су алуға баруға болмайды (бара қалған жағдайда: Су иесі Сүлеймен, су алуға рұқсат бер, – деп рұқсат сұрап суға үш рет кесек лақтыру керек);

–       мал сауу кезінде иесімен сөйлесуге де және мал сауылып жатқан тұсқа келуге болмайды;

–       ақты жерге төгуге және ысыраптауға болмайды, жазатайым төгіле қалса, баланың немесе өзінің маңдайына жағады, ондайда аруақ дәметіп жатыр деп ырымдайды.

–       сүтті отқа төгуге болмайды (әйтпесе, малдың желіні қотырға ұшырайды);

–       асқа және тойдың барлық түрлеріне арналып сойылған малдың еті үй иелері ауыз тимей, басқаларға таратылмайды;

–       малдың өтін, бездерін, жатырын, көз қарашығын, енін (жыныс мүшесін), желінін асқа пайдалануға болмайды;

–       әйелге мал бауыздауға болмайды;

–       қалжаға сойылған малдың етін ер адамдардың жеуіне болмайды (әйелі қыз табады және шашы түсіп қалады- мыс);

–       тұзды жерге шашуға болмайды (дәм шамданады, ас азаяды, ырыс төгіледі және жерге түскен тұз еріп сіңгенше тұз төккен адам тіршіліктің ащы дәмін татады-мыс);

–       қазан-ошақты тебуге болмайды;

–       қазанның ернеуін босағаға қаратып асуға болмайды (әйтпесе үй иелері дертке шалдығады, қазанның қарасы, ошақтың киесі атады-мыс);

–       қазанды бос қалдыруға болмайды, ең болмаса, май тамызып қойылуы тиіс;

–       жас адамға ожаумен сусын iшуге болмайды (болашақ жарының мұрны үлкен болады-мыс);

–       аяғы ауыр келiншекке толарсақ жеуге болмайды (толғағы қатты болады-мыс);

–       көктемде күн күркiремей дала жуасын жеуге бол- майды;

–       балаға көмекей жеуге болмайды (ұрысқақ болады- мыс);

–       мал төлдеп жатқан кезде асық ойнауға болмайды;

–       дiнi жат адамдарға мал бауыздатпайды (харам бола- ды);

–       қонаққа шақырылатын адамды оның баласы арқылы шақыруға болмайды;

–       беделді адамдарға жауырын, кәрi жiлiк, мойын сияқты мүшелерді тартуға болмайды.

Аталмыш ғұрыптардың, наным-сенімнің, ырымдардың, тыйымдардың және жосын-жоралғылардың адамдардың социумға жат қылықтары мен іс-әрекетін шектейтін сан алуан функциясы оларды қоғамдық тіршілікті ұйымдастыратын және реттейтін институционалдық қатынастың маңызды элементтері ретінде бағамдауға болатындығын айғақтайды.

Ас / тамақ / тағамға байланысты дәстүрлі өлшемдер. Дәстүрлі қазақы ортада тағамды дайындау және қабылдауға байланысты өзіндік өлшемдер, яғни ұғымдар мен атаулар жүйесі қалыптасты. Қолданыстағы ұғымдар мен атаулардың әрқайсысы тағамның әрбір түріне байланысты өзіндік мөлшерлеу ерекшеліктері бар. Мұның дәлелі ретінде төмендегідей мысалдар келтіруге болады: бір салым тұз, бір қайнатым шай, бір шымшым тұз, бір жұтым қымыз, бір асым ет, бір шыны шай, бір тілім нан, бір жапырақ ет, бір тілім ет, сондай-ақ, бір білем құйрық, бір қарын май, бір табақ ет, бір сөре құрт, бір саба қымыз және т.б. Ескере кетер жайт – бұл ұғымдар мен атаулардағы қолданылатын бір сөзінің сандық мәні болмайды. Осы және осы құралыптас атаулар мен ұғымдарды қазақы ортадағы тағамның дайындау және қабылдау үрдісіндегі мөлшерлеудің ең негізгі эталон-өлшемдері деуге болады. Сондай-ақ, ас-судың молшылығын білдіретін метафоралық образды мөлшерлердің қатарына үйме табақ ет, саба-саба қымыз, жеңді біліктей қазы, астау-астау ет, тегене-тегене сүт т.б. жатады. Олардың кеңістіктік-образдық, метафоралық сипатын дәстүрлі дүниетанымның ерекшеліктерімен түсіндіруге болады.

Әдеб.: Ильминский Н.И. Древний обычай распределения кусков мяса, сохранившийся у киргизов // Известия археологического общества. СПб.: 1860. ч.І. Вып.5; Потанин Г.Н. Очерки Северо-Западной Монголии. Результаты путешествия исполнены в 1876-1877 г. по поручению ИРГО. СПб., 1881. Вып.ІІ (материалы этнографические); Фиельструп Ф.А. Кара-космос Рубрука // Этнография. 1926. №№1-2; Он же. Мо- лочные продукты турков-кочевников // Казаки. Вып. XV. Л.: Наука, 1930; Трофимук Н.А. Санитарный очерк обследования водоснабжения, питания, жилища и одежды жителей Казахстана // Казаки. Сборник статей. Вып. XV. Л.: Изд-во АН СССР, 1930; Руденко С.И. Очерк быта Северо-восточных казаков // Казаки. Сб. ст. Вып. XV. Л.: АН СССР, 1930; Потапов Л.П. Особенности материальной культуры казахов, обусловленные кочевым образом жизни // СМАЭ. Т. ХІІ. М.; Л.: Изд-во АН СССР, 1949; Lіnda Benson and Іngvar Svanberg. The Kazaks of Chіna. Essays on a Ethnіc Mіnorіty Uppcala. 1988; Бабажанов С. Этнографиялық мақалалар. Алматы: Қазақстан, 1993; Муканова Т.А. Молочное хозяйство казахов в дореволюционный период. Дисс. канд. ист. наук. Алматы, 1970; Қасиманов С. Қазақтың ұлттық тағамдары. Алматы: Қайнар, 1977; Мұқанов С. Халық мұрасы (тарихи-этнографиялық шолу). Таңдамалы шығармалар. ХV том. Алматы: Жазушы, 1979; Жуковская Н.Л. Пища кочевников Центральной Азии (к вопросу об экономических основах формирования модели питания) // СЭ. 1979. №5; Хозяйство казахов на рубеже ХІХ-ХХ веков. А.: Наука, 1980; Шаханова Н.Ж. Традиционная пища казахов как историко-этнографический источник. Дисс. канд. ист. наук. Л.: 1987; Садықов Б., Сариев И., Отарбаев А. Ақ дастарқан. Алматы: Қайнар, 1987; Мырзаханұлы Ж. Тарихи-этнографиялық зерттеулер. Күйтін. Іле халық баспасы, 1990; Салғарин Қ. Қасапшылық. Алматы: Қайнар, 1990; Кенжеахметов С. Қазақтың салт-дәстүрлерi мен әдет-ғұрыптары. Алматы: Ана тілі, 1994; Оспанов Д. Қазақстанның оңтүстік аймағындағы қазақтардың дәннен жасалған ұлттық тағамдары (ХІХ ғ. аяғынан қазірге дейін). Канд. диссертация. А., 1996; Қайбарұлы А., Бопайұлы Б. Қазақ ырымдары. Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 1998; Қанарбаева Б. Қазақтың наным-сенімдері. Алматы: Қағанат-ҚС, 1999; Қатран Д. Қазақтың дәстүрлi ас-тағам мәдениетi. Ғылыми редактор және алғысөз авторы Нұрсан Әлімбай. Алматы: ҚМӨҒЗИ, 2002; Бопайұлы Б. Қазақ кәдесі (асыл қазына). Алматы: Бастау, 2003; Кенжеахметұлы С. Қазақ халқының салт-дәстүрлері. Алматы: Алматыкітап, 2004; Кенжеахметұлы С. Қазақтың дархан дастарханы. Алматы: Алматыкітап, 2005.

 

«Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі»

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға