Жаңалықтар

Қасқыр құдай болған кез!

Өлеңдер, балладалар, поэмалар,тарихи эсселер, әдеби мақалалар.
30.06.2014 11:12 3996

Ақын Әмірхан Балқыбек – бүгінгі қазақ әдебиетінің ең талантты өкілдерінің бірі. Көпшілік оқырман оны қарапайым да күрделі жыр шоғырларының иесі ретінде ғана емес, өзіндік айтары бар ойлы түркітанушы, зерделі мифолог ретінде де жақсы біледі.

Бабалар тарихына ақындық көзбен үңіліп, жұрт күтпеген батыл болжамдар жасау – бұл қолдарыңыздағы «Қасқыр құдай болған кез» жинағының басты ерекшелігі. Оның кейбір тұстары оқырман арасында қызу пікір-талас тудыратыны күмәнсіз.

Бұл кітап, сондай-ақ, ақынның әрқилы әдебиет салаларындағы жиырма жылдық шығармашылық ізденістерінің нәтижесі болып табылады.

ӘЛҚИССА

Қадiрлi оқырман!

Бiз бұл кiтапта соңғы жиырма жылда жазылған дүниелерiмiздiң әлi де уақыт сынына шыдайды-ау, парақтап үңілгендерге айтары бар-ау дегендерiн топтастырдық. Бұл жағынан алғанда қолыңыздағы жинақты ендiгi отыздың орманынан өтуге тақап қалған ақынның жақсылы-жаманды өз шығармашылығына есеп беру талпынысы деп санауыңызға болады.

Ендi кiтап, оның құрылымы жайлы аз ғана сөз.

Бiз кiтапты өзара тең дәрежелi үш бөлiмнен түздiк. Бiрiншi бөлiм “Қасқыр құдай болған кез” деп аталды. Кiтаптың жалпы атауына да осы ат лайық-ау деп ұйғардық. Бұл бөлiмге негiзiнен анау бiр жылы, бiр кездесiп әңгiмелесiп қалғанда Марат ағамыз (Қабанбай) жоғары бағалаған “Гомер Илиадасы”, түркiлер және мәңгiлiк қала” секiлдi бағзы түркi тарихынан сыр шертетiн материалдар жинақталды.

Мәкең жоғарыдағы жазбамыз жайлы “Әмiрхан, тағы да осындай он мақала жазуға ой қуатың жететiн болса, халқыңның алдындағы азаматтық парызыңды, ел алдындағы перзенттiк борышыңды артығымен өтегенiң” деп едi. Ендiгi мекенi Аспан болған аға үмiтiнiң үдесiнен шыға алдық па, ол жағына осы бөлiктегi iзденiстердi оқып отырып көз жеткiзе аласыздар.

Бiздiкi қазiрше аға сенiмiн ақтасақ деген ниет қана.

Ал екiншi бөлiмдi “Ауа түстес жыр” деп атадық. Мұнда  өлеңдер, балладалар және екi поэма топтастырылды. Егер бiрiншi бөлiмдi қазақ баласы ақыл-ойының еркiн шарлар рухани кеңiстiгiн аңғартатын дүниелер деп пайымдасақ, бұл бөлiмдi ақындық шабытпен өрнектелген өз өмiрiмнiң қалтарыстары мен бұлтарыстары, талпыныстары мен алқыныстары, табыстары мен жаңылыстары, яғни өзiм куә болған уақыттың күнделiгi деуге болады. Қысқасы, бұл жағынан алғанда, “­Өмiрiм – өлеңдерiмде” деп түйiнделетiн Сергей Есениннiң сөзiне менiң де толығымен қосылатындығымды айтқым келедi.

Үшiншi “Кесе түбiндегi төңкерiлген Фудзияма” деп аталатын бөлiмiнен оқырман әдебиет, өнер төңiрегiндегi ой-толғамдарыммен таныса алады. Олардың да оқырманға өз айтарлары бар ғой деп ойлаймын.

Сөз соңында осы кiтаптың шығуына рухани қолдау, қаржылай демеушiлiк жасаған туған бауырларым Сапар, Ақжол, Ауажан, Ерболдарға шексiз алғысымды жеткiзгiм келедi. Нанын адал еңбекпен тауып жеп жүрген оларға Тәңірімнің нұры жауғай!

Сонымен, бүгiнге дейiн жиған-тергенiм сiздiң қолыңызда, құрметтi Оқырман!

Жетiстiгiме бiрге қуанып, кемшiн тұстарына кешiрiммен қарайтындығыңызға сенiмдiмiн.

Тәңiрiм алдағы уақыттарда да өзiңiзбен шығармашылық iзденiс шиырларында жүздесе беруге жазсын.

 

Iзетпен Әмiрхан Балқыбек

12.10.2008 ж. "Қасқыр құдай болған кез"

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға