Қасқыр – құдай
Көзi қарақты қандай да бiр этнограф не тарихшы болсын, түркi қасқыр мифiне әлемдiк үлгiлерден ұқсастық iздегенде, Римдегi Капитолий қаншық қасқырына бiр соқпай өтуi мүмкiн емес.
Рим аңызы бойынша, қала негiзiн қалаған ағайынды жiгiттер Ромул мен Ремнiң әкесi соғыс тәңiрiсi Марс болып саналады. Олардың Марсты өз қаласының желеп-жебеушiсi ретiнде пiр тұтатындығы да сондықтан. Әфсана бойынша әлдебiр бойжеткен (әрине, жар құшағын көрiп, күнәға батпаған жан) ғибадатханаға орналасады. Осында ол соғыс құдайы Марстың нақсүйерiне айналып, одан егiз ұл табады. Бiрақ бейшара қыздың соғыс тәңiрiсiмен төсек рахатын бөлiскендiгiне кiм сене қойсын (Мұндағы желi Шыңғыс хан ататегi мен жорықтарынан сыр шертетiн «Моңғолдың құпия шежiресiнде» де ұшырасады). Балалар күнәдан туылған жандар ретiнде далаға тасталынады. Мiне, осы жерде оларды қаншық қасқыр тауып алып, асырап бағады. Аман-есен ержеткен балалар кейiннен жауларынан кек алып, Тибр жағалауында әйгiлi Рим қаласының негiзiн қалайды.
Иә, түркiлiк қасқыр мифi мен рим аңызының ұқсастығында дау жоқ. Бiрақ неге тағы да қаншық қасқыр? Неге өзге аң емес, мысалы марал не аю? Олай болуы да әбден мүмкiн едi ғой.
Көне Римдегi Марс сенiмiмен (культi) таныс жан бұл сауалға тез-ақ жауап тапқан болар едi. Ежелгi Грециядағыдай Римде де мүсiн өнерi жақсы дамығаны белгiлi. Олар өздерi табынған құдайлардың бәрiне қаланың көрнектi жерлерiне, ғибадатханалар мен құтханаларға қола не мәрмәрден мүсiндер орнататын. Ал Марсқа келгенде, қала жебеушiсi емес пе, iлтипаттары мен мырзалықтары, тiптi, ерекше болатын. Олар Марс отырған тастұғырдың төңiрегiне бiр үйiр қасқырдың мүсiндерiн тағы да орнататын-ды. Шамасы, бағзы Римде соғыс тәңiрiсi осы бiр қорқау жыртқышпен астастырыла ұғынылған болса керек. Иә, Ромул мен Рем туралы әфсананы тудырушы Рим ақын-абыздары (неге екенi белгiсiз, оларды жергiлiктi халықтың сал деп атағандығы қызық. Бiздiң сал-серiлер солардың заңды жалғасы болмады ма екен) өз замандастарының осы құдай туралы сенiм-түсiнiктерiне қайшы келген жоқ. Олар аңызды белгiлi бiр дайын шеңбердiң iшiнде ғана жасап шығарды. Өйткенi, ырық бермес асау қиялдан туындады дегенмен мифология да белгiлi бiр логикалық қисындарға сүйенетiн. Аңыздың түпнұсқасында қасқыр тотемi жатты.
Бiрақ қасқыр тотемiмен Марс қылышын, мейлi ол қасқыр-құдай қылышы болсын, тiкелей байланыстыруға бұл дерек те аздық етедi. Ендi қасқыр тотемiнiң бағзы гректерге, одан көне римдiктерге қалай жеткендiгiн, оны жеткiзген халықтың кiм екендiгiн зерделеу керек. Әрине, олар прототүркiлер едi.
Әмiрхан Балқыбек, «Қасқыр құдай болған кез»