Асқар НАЙМАНТАЕВ: "Қырқымнан шығар-шықпастан Еңлiктiң баласы болып сахнаға шыққанмын"
Асқар НАЙМАНТАЕВ, «Терiсқақпай» комедия театрының Бас режиссерi.
АНАМ 18 ТIЛДЕ ƏН САЛАТЫН
– Сiздi театрда туып-өстi деген сөз естiп едiк. Осы сөз қаншалықты шындыққа жанасады?
– Менiң əкем – Əбдiғалым Наймантаев, анам – Рəпия Рай-жанова 1963 жылы Қазақстанның Халық əртiсi, жезтаңдай əншi Дəнеш Рақышевпен бiрге Талдықорған облысы Жаркент ауданында Үшарал халық театрын ашқан. Олар осы театрдың дайындаған концертiмен Мəскеуге барып қайтқан. Негiзi, анам 11 жасынан бастап Қытайдағы əскери əн-би ансамблiнде бишi болған. Қазiргi эстраданың əншiлерi сахнада ендi ғана билеп, əн айта бастады ғой. Ал ол кiсiлер сол кезде билеп жүрiп, əн айтатын. Тағы бiр ерекшелiгi – 18 тiлде əн салатын. Қытайда жүрген кезiнде бүкiл дүние жүзiн аралап келген. Бала кезiмiзде картаны ашып қойып, «мына жерде, мына елде болдым» деп айтып отыратын. Аспан асты елiне сапармен барған Сəбит Мұқанов, Ғабит Мүсiрепов, Ғабиден Мұстафин, тағы да басқа қаламгерлердi күтiп алып, соларға өнер көрсеткен екен. Мiне, Дəнеш ағамыз бастап, менiң ата-анам қостап, театрды ашып кеп жiберген кезде, оның аты бiрден дүркiреп жүре берген. Ол кезде Нарынқол ауданында, тiптi Алматы облысында да театр болмаған екен.
Еркiн Iбiтанов, Мақай Нұрқасов ағайлар жаңадан театр ашар кезде таланттарды жинап, Жаркент ауданынан менiң əке-шешемдi шақырып, Нарынқолға көшiрiп алған. Мұхтар Əуезов театрынан Қазақстан Республикасының еңбек сiңірген қайраткері Алдаберген Нұрбеков деген ақсақал режиссердi де сол кезде шақырса керек. Мiне, ата-анам сол Нарынқол теа-трында жұмыс iстеп жүрген кезiнде мен дүниеге келген екенмiн. Анам ол кезде «Еңлiк – Кебек» спектаклiндегi Еңлiктiң рөлiн ойнап жүрген кезi екен. Бала дүниеге келгенмен, театрдың жұмысы тоқтамайды. Ол кезде Еңлiктiң рөлiн менiң анам ғана ойнайтын болса керек. Сондықтан менi қырқымнан шығара салып, жұмысқа қызу кiрiсiп кеткен. Менi сахнаның сыртына жатқызып қояды екен. Осы қойылымның соңында анамның қуыршақ алып шығатын кезi бар екен. Сол қуыршақтың орны-на анам байқамай, менi алып шығып кеткен. Сөйтсе əртiстер əзiлдеп, қуыршақтың орнына менi салып қойған екен. Сөйтiп қырқымнан шығар-шықпастан Еңлiктiң баласы болып сахнаға шыққанмын.
– Содан берi сахнада келе жатыр екенсiз ғой.
– Иə, тұсауым осы сахнада кесiлген соң, бүкiл жастық өмiрiм Нарынқол театры қойылымдарының ортасында өттi. Мен басқа балалар сияқты балабақша көрген жоқпын. Менiң балабақшам да, мектебiм де – театр сахнасы болды. Ата-анаммен бiрге театрға барамын, солармен бiрге қайтамын. Өйткенi мен отба-сында жалғыз бала болып өстiм. Үйде əжем бар едi. Бiрақ маған қызықтың бəрi сол театрда болған тəрiздi. Ата-анаммен бiрге гастрольдерге барып-қайтып жүрдiм.
– Онда Сiз театрдың репертуарындағы барлық қой-ылымдарды жатқа бiлетiн болдыңыз ғой.
– Баланың ойы зерек қой. Нарынқол театрында қойылған бүкiл спектакльдердiң рөлiн түгел жаттап алады екенмiн. Кешке қарай режиссер Алдаберген ағамыз қойылымды өтiрiк талқылаған болып: «Ал Асқаржан, бүгiн рөлiнен мүлт кеткен адамдар болды ма? Кiм сахнаға кешiгiп шықты? Кiм қай жерiн дұрыс ойнамады?» деген кезде, бүкiл əртiстердiң рөлiн бiр өзiм ойнап бередi екенмiн. Ал үлкендерге қызық керек, менiң бiр сағаттық «спектаклiмдi» ерiнбей-жалықпай көрiп отырады екен.
– Ал ендi өзiңiздiң режиссерлiк кəсiбiңiз қалай басталды?
– Мен 6 сыныпта оқып жүрген кезiмде театр Нарынқолдан Қайнарға көшiп келдi. Осыған байланысты бiз де сол ауылға қоныс аудардық. Жаңа ауыл, жаңа мектепке келiп, өнерге бел-сене араласа бастадым. Ата-анам əртiс болғанымен, сол кезге дейiн қолыма домбыра ұстаған адам емеспiн. Ең алғаш домбы-ра үйiрмесiне қатысуға барғанымда, сол үйiрменiң жетекшiсi: «Сенiң əкең режиссер болса да домбыра тарта алмайды. Саған бұл өнер қайдан қона қойсын» деп қуып шыққан. Соған əбден көңiлiм қалған. Қайнарға көшiп келген соң саз пəнiнiң мұғалiмi Əбдiлда Бапиев деген ағамыз домбыра үйiрмесiне шақырды. Сол кiсiден домбыра үйрендiм. Бiрақ əн айта алмаймын. Қа-тарластарымның бəрi сахнаға шығып жатқанда, мен сыртта қалып қоямын. Маған бұдан артық қорлық болмады. Содан сахнаға алып шығатын бiр өнер үйренуiм керек болды. Бiр күнi «Қазақстан пионерi» газетiн оқып отырсам, «Жасарттыңдар-ау, менi қарашықтарым» деген қысқа ғана пьеса шығыпты. Соны сыныптастарыммен бiрге қойдым. Бұл – менiң тырнақалды режиссерлiк еңбегiм едi. Оны бүкiл ауыл көрермендерi жылы қабылдады. «Режиссердiң баласы режиссер болды» деген əңгiме тарады. Содан маған желiк пайда болып, Қадыр Жетпiсбаев ағамыздың «Бала мерген», Қапан Сатыбалдиннiң бiр пьесасындағы немiстi ойнадым. Кейiн Дархан Дайырбеков газеттерге берген сұхбатында «Немiс деген Асқардай болады» деп ойлайтынбыз» деп айтып жүрдi. Ол кезде Дархан басқа ауылда, басқа мектепте оқитын.
ХАЛЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ИНСТИТУТЫНДА ОҚЫҒАНЫМА ӨКIНБЕЙМIН
– Бала кезiңiзден өнерге жақын бола тұра, неге Халық шаруашылығы институтында оқыдыңыз?
– Оның да белгiлi бiр себептерi бар. Негiзi, мен орта мектептi алтын медальмен бiтiргенмiн. Ал алтын медальмен бiтiрген оқушылардың құжатын басқаларға қарағанда өте кеш бередi екен. Сол себептi мен Театр институтына құжаттарымды дер кезiнде тапсыра алмай, кешiгiп қалдым. Бойда қазақы намыс бар. Ертең бiреулер «Алтын медальдi сатып алған екен. Оқуға түсе алмай қалды» деп айтады деген оймен Халық шаруашылығы институтының Қаржы жəне несие факультетiне қойдым да кеттiм. Өйткенi, бұл жерде ең алғашқы емтихан тарих пəнiнен болады екен. Ал мен тарихқа қатты дайындалған болатынмын. Сол жылы оқуға түсiп кеттiм.
– Кейiн өкiнген жоқсыз ба?
– Жалпы, Халық шаруашылығы институтында оқығаныма өкiнбеймiн. Сабақ үлгерiмiм де жаман болған жоқ. Осы жерден қаншама достар таптым. Бiрақ сол кездерi театрға келген сайын iштей «жылап» қайтатынмын. «Мен де өстiп сахнада жүрер едiм ғой» деген ой маза бермедi. Сөйтiп жүргенде əкем қайтыс бол-ды. Академиялық үзiлiс алып, ауылға қайтуға тура келдi. Елге келсем, театр қараң қалған. Сол жерге режиссер болып тұрып, бiр жылдай жұмыс iстедiм. Келер жылы Театр институтының режиссура факультетiне келсем, сөйтсем телевидение режис-сурасы деген жаңа факультет пайда болыпты. Мен оған дайын емеспiн. Содан сағым сынып, баспалдақтан түсiп келе жатсам, Тұңғышбай ағам келе жатыр екен. Студенттерден мəн-жайды сұрастырсам, Хадиша Бөкеева екеуi актерлiк факультетке аби-туриенттер қабылдайды екен. Дереу сол кiсiлердiң сынағынан өттiм. Екеуi де актерлiк қабiлетiмдi жоғары бағалап, сол жылы оқуға түсiп кеттiм.
– Өзiңiз армандаған кəсiби режиссерлiк мамандықты қашан алдыңыз?
– Театр институтының Өнер академиясы болып қайта құрылғаны белгiлi. Оқу жүйесiнде де бiраз өзгерiстер болды. Сол жылдары режиссура факультетiнiң магистратурасына түсiп, соны тəмамдадым. Қазiр арнайы дипломы бар, кəсiби режиссермiн.
– Кезiнде «Тамаша» əзiл-оспақ отауында да өнер көрсетiп жүрдiңiз...
– «Тамашаға» бару себебiм де тосындау болды. Нүкетай Мышбаева апамыздың 60 жылдық мерейтойын Мұхтар Əуезов атындағы драма театрда өткiзу жоспарланды. Қызық болғанда, театр ұжымының бəрi гастрольде жүр едi. Сөйтiп мерейтой сценарийiн жазу маған жүктелдi. Ақыр аяғында мерейтойдың ұйымдастырушысы да, жүргiзушiсi де мен болдым. Кеш өте жоғары деңгейде өттi. Сол мерейтойға қатысқан марқұм Тоқсын Құлыбеков «Мен «Тамашада» шығармашылық кешiмдi өткiзгелi жатырмын. Сен соның сценарийiн жазып бер» деп жата жабысты. «Ойбай, аға, ол үшiн маған Сiздiң бүкiл өмiрбаяныңыз қажет. Онда да өзiңiз жазған емес, Сiз туралы құрдастарыңыздың қалжыңдап айтқан қисық мiнездемелерi қажет» дедiм. Екеумiз көршi тұрушы едiк. Мен сұраған бүкiл мəлiметтi бiр күнде қолыма тапсырды. Мен де бiр түн, бiр күн отырып, сценарийдi жазып бiтiрдiм. Ол кезде компьютер деген атымен жоқ. Қолжазбаны Тоқсын ағама апарып берiп едiм: «Мына қолжазбаңды өзiңнен басқа ешкiм түсiнбейдi. Сен мұны Лұқаңа (Лұқпан Есеновтi айтады. Е.Ш.) апарып, өзiң оқып бер» дедi. Барсақ, «Тамашаның» төрт көзi түгел отыр екен. Оқып бердiм. Бəрi қыран-топан күлiп, ризашылықтарын бiлдiрiстi. Сонда Лұқаң тұрып: «Сен өз жазғаныңды өзiң жақсы түсiнесiң. Сондықтан өзiң қатысып, өзiң жүргiз» дедi. Содан бастап «Тамашаға» жол ашылды.
Əңгiме арасындағы əзiл
Нарынқолға жетпей, «Қызылқұм» деген тау бар. Бүкiл Нарынқол ну орманға оранып тұрса да, бұл таудың топырағы қызыл. Ол таудың ерекшелiгi де сонда. Сол таудың ұшар басында көлемi киiз үйдей болатын аппақ бiр нəрсе бар. Сырттай қараған адамға жұмыртқадай көрiнедi. Оның не екенiн əлi күнге дейiн өзiмiз де бiлмеймiз. Өйткенi ол таудың айналасында əскери бөлiмше бар. Ол жаққа қарай анау-мынау адамды жолатпайды. Əлгi «ақ жұмыртқаның» айналасында көптеген локатырлар тұр. Нарынқолға алғаш рет келе жатқан адамға əлгi «ақ жұмыртқаны» көрсетемiн де: «Дүние жүзi бойынша динозаврдың жалғыз жұмыртқасы – сол» деймiн. Əрине, түр-түсiмнен əзiлдеп отырғанымды байқатпаймын. Олар сене қоймайды. Мен дəлелдей түсемiн. «Көрмейсiң бе айналасындағы локатырларды? Олар сенiңше жайдан-жай тұр деймiсiң. Анау жұмыртқаның iшiнде тiрi ағза бар. Күндердiң күнiнде ол жұмыртқаны жарып шығары сөзсiз. Сол үшiн арнайы əскер бөлiп, күндiз-түнi қарауылдайды» деймiн қонақтардың сенбесiне қоймай. Олар лажсыз сенедi. Сол кiсiлермен қазiр де кездесiп қалып жүремiн. Сонда олар: «Динозаврдың жұмыртқасы жарылды ма?» деп сұрап қояды. Мен сол қалпы тұрғанын айтамын.
БIЗ ДЕ «ТУЫП» ТЫНДЫҚ-АУ, ƏЙТЕУIР
– «Ағаш бiр жерде көгередi» деген сөз бар. Сол айтпақшы, «Тамашаның» отауынан небiр сатира тарландары өсiп, жетiлдi. Ол сатираның үлкен шеберханасы iспеттес едi. Ендеше «жылы орныңызды» неге суытып кеттiңiз?
– Үнемi iзденiсте жүрiп, шабыты бойына сыймай жүрген адам бiр орнында тұрақтай алушы ма едi?! Кей ойларың жүзеге асса, кей ойларың жарамай, сахна сыртында қалып қоя бередi. Өйткенi «Тамашаның» өз дəстүрi бар. Сөйтiп iштей «ұлып» жүргенде «Тамашаға» Ұлан келдi. Өз ойымды оған айта бастадым. Менiң «ауруым» оған «жұғып», ол да «ауырып» тынды. Екеумiздiң үнемi кездесетiн де, ақылдасатын «офисiмiз» де, «дертке» шипа iздер «емханамыз» да Ұланның көлiгi болды. «Тықылдаған тауық тумай қоймайды» деушi ме едi? Сол айтқандай, бiз де «туып» тындық-ау, əйтеуiр. Сөйтiп дүниеге «Терiсқақпай» келдi. О баста осындай комедия театрын ашуға ой салған да, түрткi болған да Оспанхан ағамыздың осы аттас пьесасы едi.
– Сол «Терiсқақпайдың» ашылғанына да, мiне тоғыз жыл толыпты. Бiрақ соңғы кезде сiздердi сахнадан көре алмай жүрмiз. Ал Ұлан анда-санда «Бауыржан-шоудан» төбе көрсетiп қояды.
– Сөзiңiздiң жаны бар. Көрермендермен қауышпағалы жыл толып қалыпты. Ол – тоқырап та, тарап та, тоқтап та қалғандығымыз емес. Қазiр не көп? Бiз сияқты əзiл-оспақ отау-лары көп. Əрине, мұны жақсылыққа балау қажет. Бiрақ соңғы кезде бiр-бiрiмiздi қайталай бастадық. Тақырып жұтаңдығы байқалады. «Мереке сайын концерт қойып, жұртты мезi қыл-ғанша, мəндi де нəрлi бiр қойылым қойғанымыз жөн шығар» деген ойға келдiк. Құдай қаласа, 1 сəуiр – күлкi күнiне орай үлкен қойылым дайындап жатырмыз. Сонда ешкiмдi қайталамай, халықты риза-хош етемiз бе деген үмiтiмiз бар.
– Соңғы жылдары қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың туған күнiне орайластырып үлкен концерттер ұйымдастырып жүрсiз. Оныңыз құптарлық iс. Бiрақ Сiз үшiн Мұқағали кiм?
– Осы сұрақ менi де көптен мазалап жүр. Шынында да мен үшiн Мұқағали кiм? Мынадай ойға тоқтадым. Мен үшiн Мұқаға-ли – Отан, туған жер. Өйткенi екеумiз де Хантəңiрiнiң етегiнде дүниеге келiппiз. Бiрiншi себебi осы болуы керек. Екiншiден, «махаббат қызық мол жылдар» Мұқағалимен өттi. Қыздарға хат жазсақ та, қырындасақ та, сөз айтсақ та Мұқағалидың жыр-ларын алға тарттық. Үшiншiден, ақын алдындағы азаматтық парызды өтеу. Төртiншiден, Мұқағали – жарнамасы өте мықты ақын. Оның туған күнiн жер-жерлерде атап өтiп, жырларын оқып жатады. Мұнымен ғана шектелiп қалуға болмайды. Сонда маған мынадай ой келдi: Неге осы шаралардың қорытындысы ретiнде ауқымды кеш өткiзбеске? Кеш болғанда да оны қалай өткiзу керек? Оның қандай жаңалығы болуы шарт? Қарап отырсаңыз, Мұқағали сөзiне əн жазған сазгерлер күннен-күнге көбейiп барады. Тiптi, бiр сөздiң өзiне үш əн жазылғандары да бар. Мiне, жыл сайын Мұқағалидың сөзiне жазылған жаңа əндердi осылай халыққа жеткiзiп отырсақ, нағыз жаңалық – осы. Былтырдан бастап бiз осы талапты ұстанып келемiз. Сондықтан Мұқағалиды дəрiптеп бiту, түгесу мүмкiн емес. Ол мəңгiлiк өз жалғасын таба бередi.
– Сiз өзiңiз Мұқағалиды көру бақытына ие болдыңыз ба?
– Ұмытпасам, 5 – 6 сынып оқитын кезiм. Əкем екеумiз Ал-матыға қыдырып келдiк. Сəтбаев пен Байзақов көшелерiнiң қиылысындағы бiр асханаға бас сұқтық. Мен ойын баласымын. Алматыға келген соң саябаққа, зообаққа бару керек. Ауыл ба-ласына балмұздақ жеу де таңсық. Əкемдi бастап кетуге асығып тұрсам, асхананың бұрышында бiр кiсi отыр екен. Ол бiздi көрдi де «Əй, Нарынқолдың иiсi шығып кеттi ғой» дедi. Əкем жалт қарады да маған: «Бар, анау ағаңмен барып амандас» дедi. Барып амандастым. Əкем де келiп, сол кiсiнiң жанына жайғасты. Екеуi бұйырған астан дəм алып, ел жаңалықтарын айтысты. Олардың əңгiмесi созылған сайын маған ұнамай бара жатыр. Тықыршып отырмын. Əлгi кiсiнiң назары маған ауып: «Мынау кiм?» деп əкемнен сұрады. Əкем «Менiң балам. Аты Асқар» дедi. Сонда əлгi кiсi: Əй, Асқар, Асқар, Асқар, Ауырып тұрған бас бар. Əкеңмен ерiп келiпсiң, Өзiң бiлiп басқар, – дедi.
Ол кезде мен оның Мұқағали екенiн бiлген жоқпын. Арада бiр-екi жыл уақыт өткенде, Мұқаң қайтыс болды. Сонда əкем: «Баяғыда саған өлең шығарған кiсi есiңде ме? Сол кiсi қайтыс болды» дедi. Мұқаң менiң есiмде солай қалды.
– Сiздi ел-жұрт актер, режиссер ретiнде жақсы таны-ғанымен, сатирик-жазушы екенiңiздi бiреу бiлсе, бiреу бiлмес.
– Студент кезiмiзде ұстаздарымның бiрi «Түнгi мотоциклист» деген пьесаның бiр бөлiмiн аударуға бердi. Мен оны бөлiп-жармай, толық аударып шықтым. Оның өзi бiр қалың дəптер болды. Сабақ үстiнде оны курстастарым оқып отырды да, аяғында жоғалып кеттi. Сөйтiп ол аудармамның «ғұмыры» өте қысқа болды. Əрине, мектепте жүрген кезiмiзде шатып-пұтып бiрдеңе жазған болғанбыз. Ал «Тамашада» жүрген кезде сценарий тапшылығынан жазуға тура келдi. Бiр күнi Гогольдiң «Үйлену» пьесасының қазақша нұсқасын жазып, сах-налап едiк, халық өте жылы қабылдады. Содан «тоқтай алмай» қалдым. Онан кейiн «Бауыржан шоу» тапсырыс бере бастады. Одан өзiмнiң «Терiсқақпайым» ашылған соң, тiптi үдетiп жiбердiм. Бiрақ бұл дүниелердiң барлығы сахнаға арналып жазылғандықтан, олардың ешқайсысын басылымдарға берген емеспiн. Кейiн жора-жолдастарым «Сен осы жазғандарыңды кiтап етiп шығарсаңшы» деп қоймаған соң, баспаға дайындап бердiм. Ол жинағым «Терiс кiтап» деген атпен жарық көрдi. Тағы да екi-үш кiтапқа жүк боларлық дүниелерiм бар. «Сабақты ине сəтiмен» дегендей, егер Құдай сəтiн салса, алдағы уақытта жарық көрiп қалар.
– Бiреуге аға, бiреуге жаға болатын жасқа жеттiңiз. Оның үстiне, бiлдей бiр театрдың құлағын ұстап отырсыз. Тəр-биелеп жүрген шəкiрттерiңiз бар шығар?
– Мен ешкiмдi «шəкiртiм», ешкiм менi «ұстазым» деп жүрген жоқ. Дей тұрсақ та театрды жас таланттармен толықтырып отыратынымыз рас. Осыдан 3 – 4 жыл бұрын сахнаға шығып, елдi елең еткiзген Олжас Сыдықбеков, қатарымызға жаңадан келiп қосылып жатқан Гүлден Жұмабай, Жанна Хамзина, был-тырдан берi театр актрисасы болып жүрген Сандуғаш Нұралы, ал 5 – 6 жылдан берi ұжымның ыстық-суығына төзiп жүрген Айгүл Iзiмбетованың орны бөлек. Ол қазiр өзiнiң қолтаңбасын қалыптастырған шебер актриса. Қарап тұрсаңыз, дарынды жастар көп. Бiрақ олардың бəрiн бiр шаңырақтың астына жинай алмайсың. Осындайда «əттең тонның келтесi-ай» деп «əндететiнiмiз» ақиқат.
Əңгiме арасындағы əзiл
Осыдан 3 – 4 жыл бұрын депутаттарды сайлау кезiнде Панаркүл Нұрқадiлованың үгiт-насихат жұмыстарына қатыстық. Панаркүл апайдың сайлау округiне кiретiн барлық аудандарда концерт қойып жүрдiк. Сондай мақсатпен Нарынқолға бара жатқанбыз. Жолда Кеген базарына тоқтадық. Дəл сол жерде «Терiсқақпайдың» жiгiттерi қытайша «сөйлегiлерi» келiп кеттi. Бiр қызығы, солардың бiрi де қытай-ша бiр ауыз сөз бiлмейдi. Бiрақ олардың қытайша шүлдiрлеп отырғанына қарасаң, шынымен қытайша сөйлеп тұр екен деп қаласың. Содан Дархан мен Отаралы қытай болып, ал Ұлан аудармашы болып шыға келдi. Үшеуi шүлдiрлеп жүрiп бiр апайдан құрт алды. Сөйтсе ол апай бiр кездерi Қытайдан көшiп келген екен. Төркiнiн көргендей болып бiздiң жiгiттерге құртын тегiн бердi. Сөйтiп тұрғанда жанымызға бiр əскери көлiк келiп тоқтай қалды да, менiң жаныма келiп: «Аналар Қытай ма?» деп сұрады. Қарап тұрмай мен де «Иə» дедiм. «Қайда бара жатыр?» деп сұрады анау. «Нарынқолға» деп едiм, «Бəрiбiр бекеттен өте алмайды» дедi анау зiркiлдеп. Маған сонысы ұнамай қалды да «өтедi» дедiм нық сенiммен. Содан автобусқа отырып, жүрiп кеттiк. Жiгiттер Нарынқолдың шекара бекетiне келгенше қытайша «сөйлеп» келдi. Бiз мiнген автобусқа шекарашылар мiнiп, құжаттарымызды тексере бастады. Панаркүл апай құжаттарын көрсетiп, арғы бетке өтiп кеттi де бiз бергi жақта қалдық. Жiгiттер əлi «Қытай» болып отыр. Кезек Дарханға келгенде қытайша «сөйлеп», əлгiлердiң айтқанына түсiнбеген адам сияқты болып отырып алды. Анау құжат сұрайды. Ал Дархан болса, əмиянын ашып, 3х4 суретiн көрсетедi. Анау «сурет емес, құжатыңды көрсет» дейдi безiлдеп. Дархан ақша көрсетедi. Болмаған соң олар Дарханды сыртқа алып шықты. Бекеттен тағы бiр сардар мен солдаттар келдi. Ұлан аудармашы болып, мəн-жайды түсiндiрген болып жүр. Мəселе ушыға бастады. Шекарашылар қылмыскер ұстағандай желпiнiп тұр. Панаркүл апай бiздiң кешiккенiмiзге алаңдап берi қарай аяңдай бастады. Сол кезде бiз де «спектаклiмiздi» тоқтаттық. Мəн-жайды шекарашыларға айтып түсiндiрдiк. Олар қалжыңды дұрыс қабылдап, бiздi босатты. Автобусқа мiнiп, ендi қозғала бергенiмiзде, бағана Кегенде кездескен көлiк қуып жеттi. Iшiнен 5-6 солдат секiрiп түсiп, автоматтарын кезенiп, бiзге лап қойды. Сөйтсек, олар бекеттегi солдаттарды ауыстыруға келген топ екен. Олар-ды бiздi тексерген сардар əрең тоқтатып қалды. Сөйтiп өз елiмiзге «Қытай» болып өткенiмiз бар.
АНДА-САНДА ƏЙЕЛIМНIҢ ҚОЛЫН «ҰЗАРТЫП» ҚОЯТЫНЫМ БАР
– Кей еркектер ас үйден алты қадам ары жүрсе, ендi бiреулерi əйелiнiң қолын «ұзартып», қазан-ошаққа арала-сып кетедi. Сiз осы екi топтың қай жағындасыз?
– Негiзiнен, мен бiрiншi топтанмын. Бiрақ кейде «ауырып қалып», жаңа өзiңiз айтқандай анда-санда əйелiмнiң қолын «ұзартып» қоятыным бар. Онда да тамақ iстеуге деген шабытым ояғанда.
– Солай-ақ болсын. Сонда қандай тамақ жасайсыз?
– Мен өзi палау дайындағанды жақсы көремiн. Еттi асықпай бөлшектеймiн, сəбiз тұраймын. Палауды асықпай-саспай, ыңылдап əн айтып жүрiп, баппен пiсiремiн. Кейде көмекшi ретiнде ұлым мен қызымды жаныма шақырып аламын. Ондай кезде лағман дайындаймын. Рас, өтiрiгiн қайдам, ұл мен қызым менiң пiсiрген тамағымды «өте дəмдi» деп мақтап қояды. Мен соған мəзбiн. Бiрақ мұндай аспаздық өнерiм айына бiр, кейде маусымына бiр рет қана болады. Басқа уақытта арқан байлап, мылтық тақасаң да ас үйге қарай адым баспаймын.
– Жаңа бiр сөзiңiзде ұл-қызыңыз туралы айтып қалдыңыз. Олардың бойынан өнердiң ұшқыны байқала ма?
– Қызым биыл мектептi бiтiргелi отыр. Аты – Дiлбар. Ұлым сегiзiншi сыныпта оқиды. Оның есiмi – Бекнар. Жан деген-де жалғыз жарым бар. Оның аты – Майра. Негiзi, қызым өте сабырлы, салмақты, байыпты. Кез келген нəрсенi тереңiнен ойлап, асықпай шешiм қабылдайды. Қазiр екi-үш мамандықтың қайсысына тоқтарын бiлмей, ойланып жүр. Бiрақ қайсысы болса да, əйтеуiр олардың iшiнде өнер атаулы жоқ. Ал ұлым бiрде президент, бiрде ғарышкер болғысы келедi. Күнi ертең артист болып шыға келсе, мен оған таң қалмаймын.
– Əңгiмеңiзге рақмет.
Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, «Ағынан жарылсақ», 2007 жыл