Жаңалықтар

ҚАРЖЫ ФЬЮЧЕРСІ

ҚАРЖЫ ФЬЮЧЕРСІ (фьючерс – ағыл. futures – күні бұрын сатып алынатын тауар) – белгілібір көрсеткішке – қайсыбір қаржы құралы.
31.08.2014 07:33 5098

ҚАРЖЫ ФЬЮЧЕРСІ (фьючерс – ағыл. futures – күні бұрын сатып алынатын тауар) – белгілібір көрсеткішке – қайсыбір қаржы құралына, не қаржы рыногінің жекелеген көрсеткіштеріне: валютаға, валюта бағамының индексіне, іскерлік белсенділік индексіне, мемл. борыш міндеттемелеріне, несие бойынша пайыз мөлшерлемесіне, асыл металдарға, т.б негізделген фьючерстік (болашаққа арналған) келісім-шарт.  Әдетте, тауар, фьючерс биржаларында кездеседі. Қ. ф. биржадан тыс саудада, ең алдымен банктерде қолданылады. Ол 70-жылдары, американ доллары әлемдік рынокта тұрақтылығынан айрылып, пайыз нормасы күрт ауытқуға ұшыраған кезде, негізгі рынокқа айналады. Қ. ф. пайыз мөлшерлемесінің, валюта бағамының, жалпы бүкіл рыноктың болжап білуге болмайтын ауытқуынан қорғаудың тиімді тәсілі болды. Қ. ф-нің бірнеше түрі бар: валюталық фьючерс – шет ел валютасына жасалған фьючерстік келісім-шарт, 1972 ж. енгізілді. Оның көп бөлігі американ долларын, ағылшын стерлинг фунтын, неміс маркасын, Швейцария франкін, Канада долларын, жапон иенін, Австралия долларын сатуға немесе сатып алуға қатысты жасалады. Валюталық фьючерсті иеленушілер шет ел валютасының белгілі бір мөлшеріне құқылы. Келісім-шартта валютамен жасалатын мәміленің ең аз мөлшері, ал биржа бюллетеньдерінде – ұлттық валюта өлшемдеріне шаққандағы тиісті шет ел валютасының бағаланымы көзделеді; пайыздық фьючерс – ел қазынашылығының вексельдері, облигациялары, еуродолларлық депозиттік сертификаттар, т.б. борыштық бағалы қағаздарға жасалған фьючерстік келісім-шарттар. 1975 ж. енгізілді. Пайыздық фьючерсті иеленушілер борыштық бағалы қағаз-

дардың біраз мөлшерін иеленуге құқылы. Келісім-шартта мәміленің ең аз мөлшері көзделеді, ал биржа бюллетенінде пайыздық фьючерс борыштық міндеттеменің атаулы құнынан есептелетін пайыз түрінде бағаланады; қор индекстеріне (рыноктық қоржынға) жасалған фьючерстік келісім-шарт қор рыногінің жалпылама бағалау көрсеткіштеріне негізделеді. Ол 1982 ж. енгізілді. Оған “Мейджор маркет индекстері”, “Вэлью лайн” құрамдас индексі, Нью-Йорк қор биржасының құрамдас индексі жатады. Индекске жасалған Қ. ф-ның иесі тиісті акцияларды келісім-шарт мерзімі біткенде сатып алуға не сатуға міндетті емес. Ол тікелей ақшалай қаражатқа негізделген. Келісім-шартта биржа белгілеген бағаның еселенетін шамасы көрсетіледі.

Қ. ф.: а) хеджирлеу (сақтандыру);  ә) спрэдті пайдалану (шығасы ықтималдығын шектеу үшін екі және одан көп түрлі келісім-шартты бір инвестиц. жайғасымға біріктіру); б) алып-сатарлық үшін пайдаланылуы мүмкін. Халықар. саудада хеджирлеу мақсатымен негізінен валюталық фьючерс, еуродолларлық депозиттік сертификаттар қолданылады. Ішкі рынокта әрекет ететін компаниялар сақтандыру мақсатымен пайыздық фьючерсті қолданады. Спрэдті бір мезгілде бірнеше келісім-шартты  сатып  алатын  және сататын инвесторлар пайдаланды. Сонымен қатар жаңа қаржы құралы – Қ. ф-не арналған пут және колл опциондары қалыптасты.

С. Рахымжанұлы  

"Қазақ энциклопедиясы"

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға