Арыстар арасындағы хаттар
Бауырым Ақымет!
11-маусымда жазған хатыңды алдым. Профессор тамыз жəне қыркүйек айларында Ырғыз бен Торғайға барып, сол жақтан Қызылордаға соғатын боп уəде беріп, Берлин қаласына қайтып кетті. Мен оған Қостанайдан бастауын өтіндім. Ол бұған келісті. «Егер осы өңірлерге барсаңыз, Ақымет Байтұр- сынұлын ұшырастыруға тиіссіз», – дедім мен тағы да.
Егер сенің келісіміңді біліп, оған хат жазып, хабарласып, ақпарымды Мəскеудегі неміс өкілдігіне тастап кетпекшімін. Ол өзі біздің қазақ өкілеттілігіне соғып, анықтап сұрап алатын шығар.
Тамыз айында өзің қайда болмақсың? Мырзағалиевті не- міспен ұшырастыруға жіберерсің. Еуропа сүзектің микробын əлдеқашан тапқан. Лизажанның профессоры дəріс үстінде айтатын көрінеді: «Макс па (менің немісім), жоқ мен бе, бұл микробты тапқан сияқтымыз», – деп.
Макс бұл жөнінде ештеңе демеп еді. Бəлкім, оның зерттеуінің нысанасы да сол шығар. Егер сен оған қосылсаң, тіпті жақсы болар еді.
Біздің Орталық баспада көрнекті құралдар шеберханасы бар. Олардың қаржысы жеткілікті. Жұмыс жоспары ауқымды. Бүкіл КСРО бойынша халық ағарту ісіне қажетті нəрселер əрбір ұлттың жағдайы мен ерекшелігіне қарай жасалынбақшы. Мен оларға «Қазақ Академиялық орталығымен байланысыңдар» деп кеңес айттым. Академиялық орталық енді қазақ мектебі мен көшпелі оқу үйлеріне келеді-ау деген ережелерін көрсетіп, арнайы жұмысымен қоса осы мүмкіндікті пайдаланып, өз бағасын берсін.
Академиялық орталық, осыны орындауға тырысыңыздар.
Əміре Қашаубайұлын Парижге жібермекші. Ол бірде бір əн сөзін білмейді ғой. Болмайтын нəрсені айтады. Мен оны бірыңғай əншілердің үйіне апарып əн салғыздырттым. Да- уысын мақтастық, бірақ əн салған кезде, мен қатты ұялдым. Айтқан əнінің сөзінде мəн болсайшы.
Парижде мəнді əнді талап етеді. Əншіні Парижге жібере отырып, бір əннің сөзін болса да жаттатқызуға болады ғой. Əміремен бірге баратын басқа халықтардың əншілері ұлттық киімдерін киген, ал біздің Əміре орыс мещандарынша киініпті. Бұл соншалықты қиын ба?
Абай мен Алтынсары баласы жөніндегі жазуыңды күзге дейін бітірсең кеш емес. Нəзір де Абай туралы жазбақшы. Мейлі жазсын. Алтынсары баласы Ыбырай хақында өзің жазсаң, жақсы болар еді. Ол сенің ағаң емес пе. Егер ол қазір өмір сүрсе, сендей болар еді, ал сен ертерек дүниеге келгенде, оның ісін жасарың хақ.
Сенің ересек сауатсыздарға арналған кітабыңда «бізге» керексіз қазақ хандары мен билерінің сөздері бар екен. «Еңбек- ші қазақтың» 30-санындағы №19 қосымшасында Ғаббас:
«Кітапта бір коммунист жоқ» деп жазыпты. Оған жолдас Мар- дан «Ақ жол» бетінде жауап қайтарды. Мардан жақсы айтып- ты. Мен Марданның мұны неге жазғанын білдім: біздің «жазу- шы» қазақ коммунистер саған риза емес əрі араз көрінеді. Сен кітабыңда Мағрифаның інісінің мақаласына дейін орын беріп, мына «жазушылардың» еңбектерін кіргізбепсің. Орыстың мұндай кітаптарында Ленин мақалалары толы болады екен. Қазақ кітаптарында ондай сүрең байғұс Сəкеннен өзгеде жоқ.
Мұны жақында маған соққан коммунистің бірі айтты. Мен оның есіне мынадай мысалды түсірдім: Көктем шығып, күн аспанға жоғары көтеріліп, тіршілік атаулы ояна бастағанда, Юпитер бұқа кейпінде жерге төмен түсіп, сиырлардың арасын- да ұрпақ өндіру қамымен жүреді екен. Бірде жай ғана кəдімгі бұқа – Юпитер Құдай болуды ойлапты. Сонда біреулер айтып- ты: «Бұқаның Юпитер боламын деп армандауы – бос қиял» деп. Қазақ коммунистері Ленин болуды қаласа, жол ашық. Əлгі бұқаның кебін құшып жүрген қазақ коммунистері Ленин бола ала ма дегенімде, мына «төрем» көңілсізденіп əрі өкпелеп қалды.
Келініне барды деп, Күрден əкесі Едігеге қол жұмсағанда, Едіге айтқан екен: «Егер арғымақты қорласаң, жақсы ат қайдан келмек? Қара сұңқарды қорласаң, ондай құсқа қолың қайта жете ме? Егер жерді өртесең, азықты қайдан алмақсың? Шашымды ақ шалып, көзімді шел басып, қартайған шағымда өз атаң – мені сынасаң, қайдан жақсы боласың» деп («Көксілдер»).
«Көксілдер» мен «Шайырда» осындай өлеңдер бар. Осыны жазуға болады ғой.
Орталық баспаның тапсырмасы бойынша Мағжан Жұма- байұлы əліппе мен өз бетімен оқитындарға арнап кіріспелік жазған-ды. Кеше Нəзір айтады: «Мағжан Жұмабайұлының жазған кітабы Байтұрсынұлының кітабынан жақсы» деп. Ол кітаптар əлі басыла қойған жоқ. Маған көрсетпеді де. Бірақ Нəзір сыншы емес.
Меңдешұлы жолдас «Бөкейханұлы Еңбекші Қазаққа мақала жазады» деп шағымданыпты. Бұл шағымы 15-маусым- да Орталық комитет жанындағы Баспа бөліміне түсіпті. Мен əлгі шағым бойынша онда отырған татарлар тиісінше тезден өткізді. Мəскеу коммунистері: «Қазақтар – ұлтшылдар» деп жалпыға жар салып айқайлап жүр. Мен олардан: «Айтып жүргендерің не?» деп сұрасам, олар: «Өздерің өздеріңе шағым жасап жүрсіңдер, яғни оны жазған – өз қазақтарың» деп айта- ды.
Жазғандарымызды аяқтадық. 30-маусымда елге қарай шығамын.
Мадиярдың балалы болуымен құттықтайын деп едім, бірақ мекенжайын білмеймін. Осы жөнінде Мадиярға жазып жіберші. «Еңбекші Қазақ» маған тиесілі ақшамды бөлер ме екен, соны Жолдыбайұлынан білші...
Хат жаз. Əлихан.
Мəскеу, 23/VІ-25 жыл.
"Ел - шежіре"