Жаңалықтар

«Арыстандар сізді күтіп отыр»

Астана циркінен репортаж
16.02.2016 11:25 9070

Таяуда Астана циркінің басшылығына хабарласып, цирк ішіне саяхат жасаймыз деп келіскенбіз. Соның ертесінде телефоным шыр етті. Елордалық цирк манежінің инспекторы Жолдасбек Имашев ағамыз «тезірек келіңіздер! Арыстандар сіздерді күтіп қалды» дейді. Өзімізді адам емес, арыстанның өзі асыға күтіп отырғанын естіген сәтте фототілші екеуміз циркке құстай ұшып жеттік.

«Арыстандар сізді күтіп отыр»

«Арыстандар сізді күтіп отыр»                           Біз келген кезде алда болатын қойылымдарға дайындық жұмыстары жүріп жатыр екен. Анадайдан әртістерді көзім шалып, манежге аяңдай бергенім сол еді, арқа тұсымнан әлдененің «ыр-р-р» еткен дауысын естідім. Сөйтсем, дәл артымда арыстандар жайғасқан тор тұр екен! Зәре-құтым қалмай, қаша жөнелдім. Олар болса, сол баяғы маңғаз қалпынан танбайды: «әп, бәлем, келдің бе?» дейтіндей.

«Арыстандар сізді күтіп отыр»

Манежге шыққан қос арыстанға «алтыным менің, жүре ғой!» деп жылы сөйлеп жүрген әртісті бірден таныдым. Бұл – Қазақстандағы арыстандармен өнер көрсетуші жалғыз әйел Тунгалаг Өселбаева. Тунгалаг – қазақ шаңырағына келін болған бурят қызы. Өзі қазақ тілінде таза сөйлейді. Жолдасы Мұрат Өселбаев (марқұм) екеуі ұзақ жылдар бойы Алматыдағы Қазақ мемлекеттік циркінде акробат, гимнаст ретінде өнер көрсеткен. Ал, 2005 жылы Астана циркі ашылғанда ерлі-зайыпты Өселбаевтар басшылықтың ұйғарымымен дрессура жанрына ауысады. 2011 жылы Мұрат Өселбаев дүниеден өткен соң, оның орнын ұлы Мұхтар басады. Әзірше Тунгалаг мен Мұхтар 3 арыстанды үйретіп жүр. Қартайған 6 арыстан Қырымдағы Тайган деген қорыққа демалысқа жөнелтілген. Жақында олардың орнына кішкентай күшіктер әкелінеді.

«Арыстандар сізді күтіп отыр»

– Тунгалаг апай, өзіңіз бурят қызы болғанмен, түріңіз қазаққа келеді екен. Оның үстіне қазақшаңыз да тәп-тәуір. Қазақстанға алғаш келген кезде неден қатты қиналдыңыз?

– Елге келген жылы ауылда тұрдық. Сонда мен «мынадай аптап ыстықта адамдар қалай өмір сүреді екен?» деп ойлайтынмын. Тұрмысқа шығарда «қазақ тілін үйреніп алам» деп мақсат қойғанмын. Тіл үйрену оңай болған жоқ. Алғашында бір сөз түсінсем, бір сөз түсінбей, әркімнің аузына аңтарыла қарап тұратынмын. Бір жылдан соң таза қазақша сөйлейтін болдым.

– Тамаша! Қолға үйретілетін аңдардың түрі көп қой. Неліктен дәл осы арыстандарды таңдап алдыңыздар?

– Бізде таңдау болған жоқ. Басшылық «арыстандармен жұмыс істейсіңдер» деді. Алғашында жүрексінгенім рас. Арыстандардың жанында жүрем деген ой үш ұйықтасам түсіме кірмеген еді. Жолдасыма «бұл ұсыныстан бас тарт. Арыстандарды үйрету оңай емес» деп бірнеше рет айттым. Өйткені, бұл жұмыста ұзақ демалыс деген болмайды. Арыстандар бізді өздеріне өте жақын қабылдайды. Олармен күнделікті тұрақты жұмыс істеу қажет.

«Арыстандар сізді күтіп отыр»

– Арыстандардың мінезі қандай?

– Әрқайсысы өз алдына жеке әлем десем болады. Біреуі жуас, енді бірі ашушаң. Еркелеткенді ұнататыны да, ұнатпайтыны да бар.

– Біз мынау Таканың атына сырттай қанықпыз. Оны өте ақылды деп естиміз.

– Иә, Така­  – өте ақылды, қабілетті арыстан. Айтқаныңды жылдам қағып алады. Яр деген арыстанымыздың жауапкершілігі жоғары. Трюктарды барынша жақсы жасауға тырысады. Өзінің есте сақтау қабілеті де мықты. Ал, Хати әлі жас. Сондықтан болар, қиялдап, аспанда ұшып жүреді.

– Бұлар қай жақтан әкелінген?

– Біреуі Қарағандыдан, қалған екеуі Гуанджоудан әкелінген.

– Немен қоректенеді?

– Әр арыстан күніне жарты литр сүт  ішіп, 6 келі ет, жарты келі тауық еті және бір жұмыртқа жейді. Олардың ішінде сұйық май, соя күнжарасы, глицерин фосфаты және сәбіз болуы керек.

«Арыстандар сізді күтіп отыр»

– Арыстандар қанша сағат ұйықтайды?

– Ой, бұл сабаздарың ұйқыны соғады (күлді). Бір ұйықтағанда,  23 сағатқа дейін ұйықтай береді. Бір сағаттай серуен құрады. Сосын еттің ең тәуір жерлерін (мысалы, жамбасты) жеп алып, ұйқыға бас қояды. Өздері өте жалқау. Бұларға бірдеңе істету үшін кәдімгідей күш жұмсайсыз.

– Жыртқыштардың көрсетілім кезінде немесе дайындық барысында өміріңізге қауіп төндірген кезі болды ма?

– Жоқ, бізде ондай оқиға болған жоқ, Құдайға шүкір! Бұрынырақта бір арыстан жұбайымның аяғын тістеп алғаны бар еді. Бірақ, ол кездегі жағдайға Мұрат өзі кінәлі болды. Ол 8 арыстанды манеж ішіне жіберіп, өзі солардың жанында әлдекіммен сөйлесіп тұрды. Ал, арыстандар манеж ішінде бос кеңістік болғандықтан, алаңсыз асыр салып ойнайды. Олар бір-бірін тістелеп ойнаған кезде ең шетте тұрған арыстан Мұраттың аяғына жармасты. Әрине, арыстандар мұны ойнап істеді. Ал, жұбайым өзінің аңғарымсыздығының кесірінен таяқ жеп қалды.

– Қандай армандарыңыз бар?

– Арманым көп, бірақ, оны сізге айтпаймын. Айтсам, орындалмай қалуы мүмкін (күлді).

Арыстан үйретуші әртістердің көмекшісі Қасымхан Дүйсеқұлов циркте 8 жылдан бері істеп келеді. Өзі мұнда дағдарыс уақытында кездейсоқ орналасқан екен. Ол арыстандарға тамақ береді, астын тазалайды, оларды манежге шығарып береді.

«Арыстандар сізді күтіп отыр»

– Циркке келгеніңізге біраз уақыт болыпты. Бұл жерде «басқа жұмыс жоқ» деп, мұқтаждықтан жүрсіз бе, әлде, мұндағы өмір ұнап қалды ма?

– Сенесіз бе, қазір жаныма осыдан жақын жұмыс жоқ сияқты. Адам бір жерден көгереді, өседі. Енді өмір бойы осылай кете беретін шығармын. Ел-жұрт қызметімді сұраса, «арыстанға қараймын» деп шынымды айтамын. Біреулер таңғалады, біреулер мысық деп менсінбей қарайды.

– Бұлар неге «аң патшасы» деп аталған екен? Бойында соған лайық қандай қасиеттер бар?

– Арыстанның бойынан ұсақтық көрмейсіз. Мінезі тәкаппар, жан-жағына паңдана көз тастайды. Шай ішіп отырып, сізге сондай бір ойлы көзқараспен қарап отырған кісіні елестетіңізші!

– Елестеттім...

– Ендеше, арыстандар да тура сондай қалыптан танбайды.

«Арыстандар сізді күтіп отыр»

– Балаларыңыз циркке жиі келе ме?

– Иә, кейде екеуі де жанымда еріп жүреді. Бірақ, болашақта олардың бұл салада істегенін қаламас едім. Өйткені, цирк қызметкерлерінің көбі үй көрмей, гастрольде жүреді. Өзім кейде циркті батпақ па деп ойлап қаламын...

– Неліктен?

– Бір кірсең, шыға алмайды екенсің. Сондай бір сиқыры бар...

 «Арыстандар сізді күтіп отыр»

Әйгерім Тілегенова Астана циркі ашылғалы бері осында қызмет етеді. Бұрын қолға үйретілген көгершіндермен билеп, иттермен бірге өнер көрсеткен Әйгерім бүгінде ат пен түйелерді үйретуге көшкен. Оның жолдасы Шыңғыс Урманбетов – Қырғыз ССР Халық әртісі Салморбек Урманбетовтің ұлы. Салморбек Урманбетов кезінде манежге ит, ат, бұғы, аю, як, түйелермен шыққан әйгілі әртіс болғанын ел біледі. Ал, оның жұбайы Мүгіл Урманбетова әлі күнге дейін циркте келін-баласымен бірге жұмыс істейді.

«Арыстандар сізді күтіп отыр»

Әйгерім қазір ат үстінде акробатикалық қимылдар жасап жүр. Бізге алдағы уақытта атпен бірге жеке нөмір дайындағысы келетінін айтты. Аты Кобвой екеуінің алғашқы қадамы да сәтті басталған сияқты:

– Жаңажылдық ертегіде Ковбой аяқтарын кезек-кезек көтеріп биледі. Біз атпен жүру мектебінің элементтерін манежге әкелген едік. Мұнда ат қырымен жүреді, аяғын көтереді, барьерге мінеді, барьер үстімен жүреді және т.б.

– Ал, түйелерге қатысты не айтасыз?

– Түйе – түркі халықтарының өмірінде өзіндік орны бар қасиетті түлік. Кезінде бабаларымыз Ұлы Жібек жолының бойында осы түйелерге мініп, көш түзеген. Қазір біздің Береке, Шахиня, Хан, Алма, Фараон, Алтынай, Сәуле деген түйелеріміз бар. Сәуле – Береке мен Алтынайдың ботасы. Бұлардың арасында Берекенің мінезі шайпаулау. Ал, ең үлкені – Хан.

«Арыстандар сізді күтіп отыр»

Жұмыс барысында қатты ұстанатын өз ырымдарымыз бар. Мәселен, цирк ішінде шемішке шағуға болмайды, манежге теріс қарап отыруға болмайды. Ат үстінде әйелдер трюгін жасауға шығар алдында міндетті түрде әріптестеріммен жиналамыз. Уақыт қанша жерден тығыз болса да, әртістердің бірі Құраннан үзінді оқиды. Іштей Аллаға сыйынып барып, көпшілік алдына шығамыз.

«Арыстандар сізді күтіп отыр»

«Атадан балаға мұра болған киелі өнерді жалғастыру – біздің міндетіміз. Болашақта осы жолды біздің балаларымыз жалғаймын десе, қарсы болмаймыз» дейді Әйгерім.

Шыңғыс Урманбетов Бизе атты понимен бірге

«Арыстандар сізді күтіп отыр»

Ерік ЖОЛЖАҚСЫНОВ, Астана циркінің бас директоры:

Астана циркі 2005 жылы ашылған. Қазір мұнда 220 қызметкер жұмыс істейді. Оның 115-і – әртістер. Өнер ұжымында цирк өнерін атадан балаға мұра еткен даңқты әулеттің өкілдері қызмет етеді. Олар – арыстан үйретуші Өселбаевтар әулеті, ат, түйе үйретуші Урманбетовтер әулеті және циркте ат баптау өнерінің шеберлері – Күнғожиновтер әулеті.

Өткен жылдың 14 желтоқсанында Астана циркінің ашылғанына 10 жыл толды. Ал, менің осында басшылық қызметке келгеніме биыл 5 жыл болды. Осы уақыт ішінде цирк ғимаратының техникалық төлқұжаты жасалып, жер телімі заңдастырылды. Сондай-ақ, мекеме «мәдени-демалыс орны» деген мәртебеге ие болды. Ұжымның онжылдық мерейтойы шетелдік қонақтардың қатысуымен жоғары деңгейде өтті. Циркте жыл сайын қалалық әкімдіктің қолдауымен «Азия жаңғырығы» атты халықаралық фестиваль ұйымдастырылады.

Астана циркіне фотосаяхат – мына жерде


Роза ӘРЕН

Суреттерді түсірген Нұрбек ӘЛМАНБЕТОВ 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға