Жаңалықтар

Арыстанбек Мұхамедиұлының ісі апелляциялық шағыммен қаралып жатыр

Арыстанбек Мұхамедиұлының ісі апелляциялық шағыммен қаралып жатыр
Фото: El.kz 05.07.2024 15:43 359

Бүгін Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының апелляциялық алқасы бұрынғы мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына, оның әйелі мен адвокатына қатысты іс пен үкімді қарады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Айта кетейік, ақпан айында Астана қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Қазақстан Ұлттық музейінің бұрынғы директоры, бұрынғы мәдениет және спорт экс-министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына және басқа да адамдарға қатысты үкім шығарған еді.

Арыстанбек Мұхамедиұлы аса ірі көлемде пара алуға әрекеттенгені үшін кінәлі деп танылды. Өткен жазаны ескере отырып, бұрынғы шенеунік өмір бойына мемлекеттік қызметте қызмет атқаруға тыйым салынып, 11 жылға бас бостандығынан айырылды.

Бүгінгі сотта сотталғандардың адвокаттары мен қоғамдық қорғаушылары сөз сөйледі.

Арыстанбек Мұхамедиұлының қоғамдық қорғаушысы оның ұлы Димаш Мұхамеди болды.

Димаш өзінің сотқа дайындалып үлгермегенін айтып, өз сөзін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс білдіруден бастады. Президентке Жаңа Қазақстанды енгізгені үшін және Сот жүйесінің объективті, ашық және әділ болуына ерекше назар аударғаны үшін ризашылығын білдірді.

Арыстанбектің ұлы ата-анасының бала кезінен адалдыққа, әдептілікке және әділеттілікке үйреткенін де атап өтті.

Біздің адвокатымызды қолдағым келеді. Әкем Арыстанбек Мұхамедиұлын толығымен ақтауды сұраймын. Себебі бұл ойдан шығарылған іс. Менің анам Ғалия Ысқақованы толығымен ақтаңыздар. Екі жылдан астам уақыт бойы менің отбасым ешқандай қуаныш, бақытты сезінбеді, - деді ол.

Димаш Мұхамедидің айтуынша, әкесі екі жылдан астам уақыт қамауда болғандықтан, ол әлі өзінің бірінші немересін де көрмеген. Сондай-ақ анасы заңсыз алты ай бойы үй қамауында отыр.

Сотта Мұстахим Төлеевтің адвокаты Карина Жұмағазиева да сөз сөйледі.

Төлеев басқа сотталғандармен заң көмегін көрсету туралы шарт жасасты. Ол өз ісін соңына дейін аяқтамады және заң талаптарына сәйкес алған сыйақысын қайтаруға міндетті. Төлеев оны қайтарды, мүліктік немесе басқа сипаттағы шағымдар жоқ екені туралы қолхатта жазылған. Адвокат пен клиент арасындағы қарапайым азаматтық қатынастар қылмыстық құқық бұзушылық сияқты көрінеді, - деді Карина Жұмағазиева.

Мұстахим Төлеевті оның ұлы Темірлан Төлеев, Арыстанбек Мұхамедиұлының мүддесін адвокат Рахым Мақажанов, тағы да бірқатар адвокаттар мен қоғамдық қорғаушылар қорғады.

Прокурор Арман Казикен апелляциялық шағымдарда келтірілген дәлелдер үкімнің күшін жоюға негіз бола алмайды деп санайды. Сот кеңесу бөлмесіне кетті. Шешім бүгін түстен кейін жарияланады деп күтілуде.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға