Жаңалықтар

Арыстанбек Мұхамедиұлын қамауда ұстау мерзімі ұзартылды

Арыстанбек Мұхамедиұлын қамауда ұстау мерзімі ұзартылды
Фото: baigenews.kz 20.01.2023 10:09 959

Арыстанбек Мұхамедиұлын қамауда ұстау мерзімі тағы бір айға ұзартылды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.Бұл туралы елордалық соттың баспасөз қызметі мәлімдеді.

Бұрынғы Мәдениет және спорт министрі 2022 жылдың наурыз айынан бері қамауда. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет оған бюджет қаражатын жымқырды деген айып тағып отыр.

«2023 жылдың 17 қаңтарында Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты күдікті Мұхамедиұлы Арыстанбекке қатысты қамауға алу түріндегі санкцияланған бұлтартпау шарасының мерзімін бір айға ұзартты», деп хабарлады елордалық соттың баспасөз қызметінен. 

Еске сала кетейік, 2022 жылдың тамызында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Мәдениет министрлігінің бұрынғы басшысы, Ұлттық музейдің директоры Арыстанбек Мұхамедиұлына және басқа да тұлғаларға аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқыру және құқық бұзушылық фактілері бойынша тергеу басталғанын хабарлаған еді.

Тергеу «Алтын адамның әлем мұражайлары арқылы өтуі» халықаралық көрмесін өткізуге, сондай-ақ «Қазақстанның ұлттық киелі нысандарын ұлттық фотограмметриялық 3D сканерлеу және мұражай» және «Қазақстан Республикасының ұлттық цифрлық фильмдер жинағын цифрландыру» жобаларына бөлінген бюджет қаражатын жымқыру фактілері бойынша жүргізілді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға