Ғарышқа аттанатын үшінші қазақ – Айдын Айымбетов
Ғарышкерлерді даярлау орталығындағы Мекемеаралық комиссия қазақстандық ғарышкер Айдын Айымбетовты Халықаралық ғарыш станциясына ұшатын құрамның мүшесі ретінде бекітті. Ол британиялық әнші Сара Брайтманның орнына ұшатын болды.
Бұған дейін Сара Брайтманның орнына ұшудан жапон бизнесмені Сатоси Такамацу бас тартқан болатын. Алайда ол ұшуға дайындығын одан әрі жалғастыра береді. Space Advertures компаниясының сайтында көрсетілгендей, ол екі-төрт жыл ішінде ғарышқа аттанбақ.
Егер Айдын Айымбетовтың сапары сәтті аяқталса, ол ғарышты бағындырған үшінші қазақ болмақ. Оған дейін бұл белеске Тоқтар Әубәкіров пен Талғат Мұсабаев жеткен болатын.
Тоқтар Әубәкіров 1991 жылдың 2 қазан күні «Союз ТМ-13» ғарышқа ұшып, бір апта бойы «Мир» орбиталды кешенінде жұмыс істеді. Ғарышта өткізген мерзімі — 7 күн 22 сағат 13 минут.
Талғат Мұсабаев ғарыш әлемін 3 рет бағындырды.
Алғаш рет ол 1994 жылы ұшып Союз ТМ-19), салмақсыздық күйде 126 күн болды. 1998 жылы екінші рет ұшқанда (Союз ТМ-27), ғарышта өткізген уақыты 208 күнге созылған. Сонымен қатар, ол бір айдың ішінде 5 рет ашық ғарышқа шығып, 30 сағат 8 минут қалықтаған ғарышкер ретінде Гиннес рекордына енді. Үшінші рет 2001 жылы ұшып (Союз ТМ-32), 8 күн ғарышта өткізген.
Еске сала кетейік, Сара Брайтманның Халықаралық ғарыш станциясына ұшуы 2015 жылдың 1 қыркүйегіне жоспарланған болатын.
Үстіміздегі жылдың 13 мамыр күні әнші отбасылық жағдайларға сүйеніп, ұшудан бас тартты.