Жаңалықтар

Қарулы күштердің әскери қызметшісі мемлекеттік наградаға ие болды

Абай облысының Үржар ауданында туып-өскен Александр биылғы жылдың көктемінде Қарулы күштер қатарына шақырылған
Қарулы күштердің әскери қызметшісі мемлекеттік наградаға ие болды
Фото: gov.kz 30.09.2022 10:51 1514

Төтенше жағдайлар министрлігінде Қостанай облысындағы өртті сөндіруге қатысушылар марапатталды, деп хабарлайды El.kz. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Олардың қатарында 31775 әскери бөлімінің мерзімді қызметтегі әскери қызметшісі қатардағы жауынгер Александр Флейтлинг бар.

Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин Мемлекет басшысының атынан жауынгерге «Ерлігі үшін» медалін салтанатты жағдайда табыс етті.

Қарулы күштердің әскери қызметшісі мемлекеттік наградаға ие болды

Қыркүйек айының басында Қостанай облысында орын алған тілсіз жауды ауыздықтауға Қарулы күштердің әскери қызметшілері де жұмылдырылған болатын.

«Астана» өңірлік қолбасшылығына қарасты 31775 әскери бөлімінде жеке құрамды дағдарыс ауданына жіберуге шешім қабылдағанда Александр Флейтлингке таңдау бекерге түскен жоқ. Ауылды жерде туып-өсіп, механизатор мамандығын меңгерген сарбаз өзіне бекітілген МТЗ-80 тракторымен тілсіз жауды ауыздықтауда жауапкершілігімен көзге түсті.

– Әулиекөл ауданында бірнеше күн болдық. Жағдай өте күрделі еді. Әйтсе де, біздің сол сындарлы сәтте қауіп-қатер мен шаршау туралы ойлауға мұршамыз болған жоқ. Бәріміз бір кісідей жұмылып, өртке тосқауыл қойып, адамдар мен орманға барынша зиян келтірмеуге тырысып бақтық, – деді Александр Флейтлинг.

Абай облысының Үржар ауданында туып-өскен Александр биылғы жылдың көктемінде Қарулы күштер қатарына шақырылған. Бүгінде ол Қарағанды гарнизонындағы әскери бөлімде материалдық-техникалық қамтамасыз ету батальонында қызмет етеді.

Әскери бөлім қолбасшылығы мемлекеттік наградадан бөлек, сарбазға он тәулік мерзімге қысқа мерзімді демалыс бергенін естеріңізге саламыз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға