Аруақ
Аруақ – дәстүрлі қазақы наным-сенім бойынша, о дүниелік болғандардың тіршіліктегі жақын адамдарды желеп-жебеп жүретін рухы, жаны. Әсіресе, көшпелі ортада ерекше беделді хандар, сұлтандар, билер мен батырлар, рубасылары және ақсақалдардан басқа қарапайым халық арасында ерлігімен де, ақылымен де атақ-даңққа ие болған тұлғалардың да рухы, яғни аруағы айырықша киелі, бек пәрменді болады-мыс.
Осындай тұлғалардың бейіттері аруақтар мекендейтін киелі орындар ретінде тәу етудің объектілері болды. Бүкіл ру-қауым үшін маңызды іске байланысты А.-тарды көмекке шақыру әдеттегі дағды болды. Сондай-ақ, ауруларды емдегенде де бақсылардың қолданатын әртүрлі ем-дом шараларының, соның ішінде зікір салу үрдісінің ең басты элементтерінің бірі А. шақыру болды. А. жаугершілік заманда ғана емес, қазақы ортада болып тұратын руаралық, тайпааралық қақтығыстарда да дем беретін ұранның да функциясын атқарды.
Қазақтар дәстүрлі дүниетаным бойынша, зират жанынан өтіп бара жатқан кезде алақанын жайып дұға оқиды және «қияметтің күні жақын» деп үш мәрте дауыстап А.-ты «тыныштандыруға» тырысады. Мұндай рәсім А.-тың тербелмеуін, тыныштығының бұзылмауын қамтамасыз етеді деп есептейді. Басына қиын-қыстау күн туып, ата жұрттан ауа көшкендер ата-бабалары жатқан бейіт басынан А.-тың «көзі» – бір уыс топырақты түйіп ала кететін дәстүр болды. Бұл А. қолдап жүрсін деген тілекті бейнелейді.
Бала көтермеген әйелдер және созылмалы сырқатқа ұшырағандар бейітке түнеп, А.-тарға сыйынады. Өйткені, дәстүрлі түсінік бойынша, А.-тар– пенделердің тілегін Алла тағалаға жеткізе алатын бірден бір пәрменді күш. Сондай- ақ, ант берісу, серттесу барысында уағдаластықтың бірден бір кепілі – А. Осыған орай, сөз байласқандар бейітке бет қаратып, бата оқып, А.-ды кепілдікке шақырған. Ал, бата бұзып, ант аттағандарды «Аруақ атсын, Құдай атсын» деп қарғайтын болған. Осындай қарғыс алғаннан кейін ондай адам қырсыққа ұшырайды деп есептелінді. Қазақы ортада А.-қа байланысты көптеген фразеологизмдер қалыптасты: аруағы басты (мерейі үстем болды, мысы жеңді және т.б.), аруағы қозды (рухтанды, шабыттанды, күшейді), А.-қа шет болды (А.-қа күмән келтірді, ата- бабасының жолынан тайды, біреудің обалына қалды), аруағына сиынды (ата-бабаның рухына бас иді), А. аттады, аруақ сындырды (ата-баба рухын қорлады), А. сүйесін, А. желеп-жебесін (жар болсын, демесін және т.б.), А. қонды (ата-бабаларының біріндегі әулиелік, көріпкелдік қасиеті балаларына дарыды), А. қолдады (жолы болды, бағы жан- ды) және т.б. осындай тұрақты сөз тіркестері А.-тың сан алуан функционалдық болмысын бейнелейді.
Әдеб.: Поярков О. Из области киргизских верований // ЭО. 1891, №4; Этнографические очерки киргизов Перовского и Казалинского уездов. Сочинение Х.Кустанаева воспитанника ІV класса. Туркестанской учительской семинарии под ред. Н.А.Воскресенского. Ташкент, 1894.
Аруақ қону – адамға ата-бабаларының киелі рухының, қуатының даруы. Адам бойына тылсым күш қуаттың кейінгі кезде пайда болуы, о дүниедегі рухтың жердегі ұрпағына көмекке келуін меңзейтін ұғым. Бұл тылсымға дәстүрлі ортада ерекше мән береді және бағзыдағы анимистік түсінікпен тығыз байланысты болса керек. А. қ. құбылысы мұрагерлік сипатта, яғни алдыңғы ұрпақ буынында қасиетті адамдар болса, олар дүниеден озғаннан кейін тіпті бірнеше ұрпақ өткеннен кейін де оның ерекше қасиеті тікелей ұрпағына дариды деп есептеген. Ол әйел, еркек екенін таңдамай, қабілеті мен жаратылысы бөлек ерекше туған бір ұрпағына қонады. Аруақ қонған адамға аян береді, дер кезінде қабылдай алмаса, түрлі аурулар мен келеңсіздікке тап болады. Адам өзіне аталмыш қасиет қонғанын білсе немесе оған аян берілсе, ол сол өңірдегі жолы үлкен емші, қасиетті адамның батасын алып, кімнің аруағы қонса, сол адамның зиратының басына барып түнеп, мінажат етеді. Сонан кейін ғана қасиет дариды деп сенген. Қасиет қонған адам рухани жағынан да, тұрмыстық жағынан да тазалықты ұстанып, ішкі рухы мен өмірлік пайым ұстанымдарын бір арнаға бағыттайды. Көбінесе емшілік, сәуегейлік, болжаушылық жолға түсіп, мұқтаж адамдарға жәрдем жасап, ауруынан айықтыру, жолын ашу, бал ашу тәрізді істерді жасайды.
Әдеб.: Толеубаев А.Т. Реликты доисламских верований в семейной обрядности казахов (ХIХ – начало ХХ вв). Алматы: Ғылым, 1991; ҚР МОМ – материалдарынан; ОМЭЭ – материалдарынан.
«Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі»