Жаңалықтар

Артық дене салмағы мен семіздіктің даму себептері

Артық дене салмағы мен семіздіктің даму себептері
26.10.2015 12:18 12005

Бүгінгі жарияланымымызда артық дене салмағы мен семіздіктің даму себептерін әңгіме қыламыз

Артық дене салмағы мен семіздіктің даму себептері

Кез келген аурудың алдын алу мен емдеу үшін оның даму себептерін білу қажет. Бүгін дене салмағының тез артып, семіздіктің даму себептерін талқылаймыз.
Семіздік организмде майлардың синтезделу үрдістерінің күшейіп, ағзадағы арнайы орындарда артық мөлшерде жинақтала бастауынынан дамиды. Майлардың ағзадағы энергия қорларының маңызды көзі екені белгілі. Олар тотығып, ыдырағанда көп мөлшерде энергия бөлінеді. Майлар организмнің ерекше май клеткаларында синтезделіп, жинақталады. Қалыпты жағдайда, әрбір адамның тәнінде белгілі мөлшерде майлар қоры болуы керек. 
Семіздік пен артық дене салмағының негізгі себебі - организмдегі энергия алмасуында тепе-теңдіктің бұзылуы, яғни тамақпен бірге алатын калорияның жұмсалатын шығындарынан басым болуы. Артық дене салмағының даму себептері әртүрлі болғанымен, сайып келгенде, адамның тамақтанудағы теріс әдеттерімен байланысты. Бұлардың негізгілері: майлы және тәтті тағамды көп мөлшерде қабылдау, аз қимылдау, көңіл күйзелістерін тамақтарды ішіп-ішіп жеумен басу, толық, етжеңді адамның өмір салтын ұстану. 
Соңғы жылдары жүргізілген көптеген ғылыми зерттеулер көрсеткендей, денеде майдың артық жинақталуына жоғары калориялы, құндылығы төмен тағамдық өнімдерді көп мөлшерде ішіп-жеу алып келеді. Бұлар қандай тағамдық өнімдер? Бұлар - құрамында жеңіл сіңірілетін көмірсулары мен майлары мол, бірақ тағамдық талшықтары, дәрумендер мен минералдық заттары аз тағамдық өнімдер, яғни рафинадталған өнімдер: қант, кондитерлік өнімдер, ақ нан, жоғары сортты ұннан пісірілген өнімдер, тәтті сусындар, картоп чипсілері, фри картоп, жүгері қауызынан дайын таңертеңгілік астар. Осындай тағамды артық мөлшерде, жиі қабылдау организмде заттар алмасуын бұзады. 
Мысал ретінде, құрамындағы калориясы бірдей, екі порция тағамды қарастырайық. Біріншісі рафинадталған және құндылығы төмен тағамдық өнімдерден тұрады, яғни майқоспа нан мен газдалған тәтті сусын. Екіншісі – талшықтарға, дәрумендер мен минералдық заттарға бай, тек қана табиғи азық-түліктерден дайындалған, яғни, зәйтүн майы қосылған көкөністік салат. Екеуі мөлшерлік тұрғыдан ұқсас, бірдей калориялы, яғни организмге бірдей мөлшерде энергия береді. Алайда, сапалық тұрғыдан айырмашылықтары көп. Салат жеген адамда тоқтық сезімін тудырып, организмді энергия, дәрумендер, минералдар және басқа биологиялық белсенді заттармен қамтамасыз етеді. Ал, майқоспа нан мен газдалған тәтті сусын қандағы глюкоза мөлшерінің деңгейін тез жоғарылатқанымен, оны азайтуға инсулинді көбірек бөліп шығару үшін организм өзінің қорын шығындауға мәжбүр болады. Кейіннен, осындай әсер тудыратын тағамды жиі қайталап қабылдау метаболитттік синдромның (инсулинге тұрақтылығы) дамуына соқтырады. Ол инсулиннің қандағы мөлшерінің тұрақты түрде жоғарылауымен сипатталады. Инсулин организмде көптеген қызметтер атқарады: біріншісі – майдың іш пен белдің аумағында жинақталуын жандандырады (ол майлардың синтезделуін күшейтіп, және керісінше, олардың ыдырауын тежейді); екіншісі – асқа тәбетті күшейтеді (әсіресе, тәтті тағамдарға); үшіншісі (соңғысы емес, бірақ кеңінен белгілісі) – қанда глюкозаның мөлшерін азайтады.
Инсулиннің шамадан артық болуы глюкозаның мөлшерін шектімежелік деңгейден төмендетеді де (гипогликемия), адамда үрейлену сезімін тудырады, күші қатты әлсіреп, тағы да ашығу байқалады. 
Осымен қатар, артық дене салмағы мен семіздіктің дамуына себепкер болатын басқа да факторлар бар:
• Аз қимылды өмір салты - физиологиялық белсенділіктің төмендеуі (гипокинезия), яғни өндірістің автоматтандырылуы мен көліктің дамуы салдарынан жалпы энергиялық шығындардың азаюы. Аз қимылдау салдарынан организмнің майларды тотықтыру қабілеті төмендейді. 
• Кейбір аурулар, атап айтқанда, эндокриндік аурулар (гипогонадизм, гипотиреоз, инсулинома).
• Тағам қабылдау бұзылыстарына апаратын тамақтану дағдысының психологиялық бұзылыстары (мысалы, психогендік артық тамақтану).
• Күйзелістерге бейімділік.
• Ұйқы қанбау. 
• Психотропты дәрі-дәрмектер.

Артық дене салмағы мен семіздіктің даму механизмі

Тәбет сезімін бас мидағы ашығу және тоқтық «орталықтарына» әсер етуші әр түрлі гормондар мен биологиялық белсенді заттар бақылайды. Бұл заттардың біразы («тоқтық факторлары») мидағы тоқтық «орталығын» қоздырады да, адам асқа тойғанда тамақ қабылдауды тоқтатады. Осындай заттың біреуі лептин болып табылады. Ол адам тамақ ішіп болып, тойған соң май ұлпасында жасалып шығарыла бастайды. Басқа «ашығу субстанциялары» (грелин, инсулин және т.б.) керісінше, мидағы ашығу «орталығын» қоздырады. Нәтежесінде адамның асқа тәбеті ашылып, тамақ жеуге асығады. 
Адам үнемі рафинадталған тағамдық өнімдерді қабылдайтын болса, организм көп калория алғанымен, дәрумендермен, микроэлементтермен және тағами талшықтармен өте аз мөлшерде қамтамасыз етіледі. Қандағы глюкоза мөлшерінің жиі өзгеріске ұшырауы адамның асқа тәбетін ашып, оны жиі және көп мөлшерде тамақ жеуіне итермелейді. Нәтежесінде «лептин жетісіпеушілігі» деп аталатын жағдай қалыптасады. Бұндай жағдайда, бір жағынан мидағы тойыну «орталығы» лептиннің бұйрығын елемегендіктен, оны қоздыру үшін лептин көп мөлшерде қажет болады, екінші жағынан май ұлпасы да лептиннің сигналын нашар қабылдап, ондағы майлардың синтезделуін тежеу үшін лептин тағы да көбірек керек. Яғни, созылмалы көп мөлшерде тағам ішіп-жеу нәтежесінде бас мидағы ашығу «орталығы» жеткіліксіз тежеледі. Сонымен қатар, тағаммен бірге түскен және синтезделген майларды ыдыратуға организмнің мүмкіншіліктері жетіспейді де, май қор ретінде жинақтала бастайды. 
Бұған адамның аз қимылдауы себебінен энергия шығындарының төмендеуіне байланысты майларды жұмсауға қажеттіліктің азайатындығын есепке алсақ, онда дене салмағы тез артып, семіздік ауруына жылдам шалдығатыны сөзсіз

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға