Жаңалықтар

Арсен Томский Орталық Еуразияның Кремний алқабындағы конференциясына қолдау көрсетті

Арсен Томский Орталық Еуразияның Кремний алқабындағы конференциясына қолдау көрсетті
Фото: Цифрлық даму министрлігі 28.10.2024 06:20 186

Кремний алқабында Орталық Еуразия өңіріне арналған алғашқы технологиялық конференция – Silkroad Innovation Hub өтеді. Іс-шараға әлемнің жетекші технологиялық компаниялары, университеттер, венчурлық қор өкілдері мен Қазақстанның алдыңғы қатарлы стартаперлері қатысады. inDrive компаниясы және Арсен Томский жеке өзі конференцияның серіктесі болды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Silkroad Innovation Hub – Кремний алқабында Орталық Еуразияны біртұтас өңір ретінде ілгерілету мақсатында құрылған жеке бастама. Хаб өңір елдерінен келген IT кәсіпкерлердің өзара байланысын дамытуға және ынтымақтастығын арттыруға арналған платформа ретінде қызмет етеді.

Орталық Еуразиядағы алғашқы технологиялық конференция (Central Eurasia @ Silicon Valley) 2024 жылғы 25 қазанда Сан-Франциско қаласындағы атақты Yerba Buena Center for the Arts (YBCA) орталығында өтеді. Іс-шараға технологиялық индустрияның көшбасшылары, инвесторлар, стартаптар мен кәсіпкерлер Орталық Еуразия мен Кремний алқабынан жиналады. Іс-шараның негізгі мақсаты – өңірдің әлеуеті мен мүмкіндіктерін көрсету, сондай-ақ жергілікті және халықаралық ойыншылар арасындағы байланысты нығайту.

Бұл іс-шара өңірдің әлеуетін көрсетуге, қазіргі мүмкіндіктерді айқындауға және жергілікті әрі халықаралық ойыншылар арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған. Таяу Шығыс және Солтүстік Африка (MENA) мен Шығыс Еуропа өңірлеріндегі стартап экожүйелерінде болғандай, Орталық Еуразия болашақ «единорог-компаниялар» пайда болатын келесі орталыққа айналады деп сенеміз. Конференция идеялармен алмасуға, серіктестіктер құруға және инвестициялар тартуға арналған платформа болады, бұл біздің өңірдегі технологиялық сектордың дамуын жеделдетуге ықпал етеді, – дейді Silkroad Innovation Hub ұйымдастырушылары.

Конференцияға Қазақстанның табысты стартаптары қатысады. Олардың арасында Parqour – 99,9% дәлдікпен жұмыс істейтін смарт-тұрақ шешімі, YAYA – балалар іс-шараларына арналған 1 млн доллар айналымы бар бірыңғай абонемент, және ARLAN BIOTECH – дәрі-дәрмек әзірлеуге арналған жасанды интеллект негізіндегі инновациялық платформа бар.

Конференцияға 1000-нан астам қатысушы және 50 жаһандық деңгейдегі спикер қатысады, олардың қатарында Қазақстан, Өзбекстан, Әзербайжан үкіметтерінің жоғары лауазымды тұлғалары, Coursera бас директоры Джефф Маджионкалда, Glean бас директоры Арвинд Джейн, Unshackled Ventures негізін қалаушы және серіктесі Нитин Пачисия, Стэнфорд университетінің Жоғары бизнес мектебінің профессоры Илья Стребулаев, сондай-ақ Беркли университетінің профессорлары және басқа да сарапшылар бар.

Орталық Еуразияның ең табысты 100 стартап жобасы Startup Expo көрмесінде өздерінің бірегей өнімдерін ұсынады. Сондай-ақ әрбір стартап GGW Sharks Pitch Competition питчинг байқауына қатысып, Кремний алқабының үздік инвесторларына өз жобаларын ұсынады.

Айта кету керек, inDrive Silkroad Innovation Hub негізі қаланған сәттен бастап оның серіктесі болды.

Компания Қазақстан нарығында 10 жыл бойы жұмыс істеп келеді, inVision атты коммерциялық емес бөлімшесі арқылы әлеуметтік маңызы бар бастамаларды белсенді түрде қолдайды. inVision бағдарламалары қауымдастықтарды қолдау арқылы білім беру, спорт, өнер мен ғылымды, гендерлік теңдікті және басқа да маңызды бастамаларды дамытуға ықпал етеді. Іс-шараны Freedom Holding, Astana Hub және IT Park Uzbekistan қолдады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға