Жаңалықтар

Арсен Долбаев: Жасанды интеллектті бақылаусыз қалдырмаған жөн

Арсен Долбаев: Жасанды интеллектті бақылаусыз қалдырмаған жөн
Фото: ©El.kz/Ербол БЕКБОЛАТ/Midjourney 16.09.2024 13:01 655

Қазақстан финтех елі деген атқа ие болып отыр. Шетелдік сарапшылар еліміздегі цифрландырудың дамуына осындай баға беріп жүр. Бұған оңай қол жеткізілген жоқ. Бәрі енгізілген инновациялар, құрылған инновациялық инфрақұрылымдардың арқасы. Электронды үкімет және финтех, ІТ-технологиялар адамдардың уақытын үнемдеді. Өмірін жеңілдетті. Десе де, ақпараттық технологиялар дамыған сайын киберқауіпсіздікті нығайту мәселесі де алдымыздан шығып отыр. Бұл мақсатта мемлекет тарапынан «Қазақстан киберқалқаны» жобасы қолға алынып отыр.

ІТ қауіпсіздік маманы Арсен Долбаев осы саладағы жетістіктер мен қауіп-қатерлер туралы El.kz-ке сұхбат берді.

El.kz: Сарапшылардың айтуынша, шетелдік мамандар Қазақстанды финтех елі деп атап жүрген көрінеді. Бұл біздің қаржы саласындағы жаңа технологиялар тұрғысынан көп елдерден ілгері екенімізді көрсете ме?

Арсен Долбаев: Финтех – қаржы құрылымдарына сандық технологияларды енгізу, автоматтандыру. Елімізде бұл салада бағдарламалық қамсыздандыру үдерісі жүргізілді. Қазақстан бойынша сандық жүйелер дамып келе жатыр. Қазір тек қана қаржы құрылымдары ғана емес, ел өмірінің барлық салалары туралы да осылай айтуға негіз бар. Біз қазір бір төлем жасау үшін Халыққа қызмет көрсету орталықтарына барып, кезекке тұрмайтын болдық. Сандық технологиялар ерекше жылдамдықпен дамып жатыр.

Электронды үкімет – e-GOV Қазақстан халқына өте ыңғайлы. Көп уақытты үнемдеуге үлес қосып жатыр. Бұрынғыдай жұмыстан сұранып, талай мекеменің табалдырығын тоздыру артта қалды. Қолыңыздағы смартфон арқылы үйден шықпай-ақ көп шаруаңызды тындыра аласыз. 

El.kz: Қазақстан шынымен де осы салада өзге елдердің алдына түсіп кетті ме? Нақты қандай мысалдар келтіре аласыз?

Арсен Долбаев: Жақында Дэвид есімді автралиялық әріптесіміз Қазақстанға бірнеше жылдан кейін қайта ат басып бұрып келді. Еліміздің осы саладағы жетістіктерін көріп, қайраң қалып, көзі шарасынан шыға жаздады. Тәжірибе алмасу үшін он бес жылдан кейін елімізге келіп, жаңашылдықтарды көріп, Қазақстандағы технологиялар Австралияда жоқ екенін айтып, басын шайқады. Каspі-дің мүмкіндіктері туралы тек қана шет жағасын ғана айтып бердім.

Мәселен, біз үйден шықпай-ақ мемлекеттік органдарға өтініш, арыз бере аламыз. Үйленемін десеңіз де, үйге тіркеуге тұрамын, шығамын десеңіз де, қолыңызда телефоныңыз болса, жеткілікті. Креслода отырып, көлігімізді тіркеуден шығарып жатырмыз. Кез келген анықтаманы ешқайда сандалмай-ақ, құзырлы органдарға барып, күзек күтпей-ақ, e-GOV-тан алатын болдық.  Мұның бәрі – сандық технологиялардың арқасы. 

Мәселен, Түркия және Еуропада Халыққа қызмет көрсету орталықтарының баламаларында ұзын-сонар кезекті көресіз. Бір құжат немесе анықтама алу үшін адамдардың бір күні кетіп жатыр. Олар Қазақстанның осы артықшылықтарын жақсы біледі екен. Қызыға қарайтындарын жасырмай айтып отыр.

Осы қарқын бойынша дами берсек, Қазақстан әлемнің алдына түсіп кетпесе де, сандық технология тұрғысынан озық елдердің алдынғы қатарында боларымыз анық.

El.kz: Цифрландыру үрдісі тек қана қаржы саласында ғана емес, кез келген саланы қамтып жатқанын айттыңыз. Мұны халықтың өзі де байқап жүр. Мұның артықшылықтары неде?

Арсен Долбаев: Әрине, барлық салада жүргізіліп жатыр. Мәселен, жақын арада әскери билеттерді цифрлық жүйелер арқылы алатын боламыз. Медицина саласы бұрынғы медициналық карталардан бас тартып, сандық жүйеге көшіп жатыр. Бұрынғы құжаттарды цифрландыруға беріп, сандық құжаттар жасап, мәліметтер базасын құру үстінде. Қазір «Дамумед» туралы көп әңгіме айтылып жүр. Қазір бұрынғыдай талон алып, емханаларда кезекке тұрмайсыз. Кезек үшін таласып, айқайласу тыйылатын болды. Үйде не жұмыста отырып, кезек алып қоя аласыз. Көрсетілген уақытта барып, дәрігеріңізге қара аласыз. Қазір емханалар да осындай жүйеге көшіп жатыр. Қазір кезек бар шығар. Бірақ ақырындап, бәрі реттеліп, осы озық жүйеге үйренетін боламыз.

Рас, қазір мынадай бір келеңсіз жағдай бар. Бір емханадағы дәрігерге қаралау үшін көп адам кезекте тұрады. Ал осы уақытта басқа емханалардағы дәрігерлер бос отыруы мүмкін. Ауданға тіркелуді, бекітуді алып тастаса, болашақта: «Мына дәрігер қазір бос. Мекен-жайы мынадай. Хабарлассаңыз болады» деген ақпаратты алуға болады. Қатты ауырып, жаны қиналып тұрған адамға тез көмек көрсете алатын дәрігер керек. Бұл мәселе шешілсе, кезек мәселесі де шешілер еді.

El.kz: Сандық жүйе медицина мекемелеріндегі кезекті болдырмау мәселесін де шеше алады дейсіз бе?

Арсен Долбаев: Бүкіл деректер енгізілген бір мәліметтер базасы болса, адам «кезек» батырмасын басқан кезде жүйенің өзі қай жерде бос дәрігер бар екенін қарап, көрсетіп береді. Мәселен, сізге шұғыл невропотолог керек болса, қосымша өзіңіздің дәрігеріңіздегі кезекті және кезегі аз дәрігерді бірден көрсетіп бере алады. Демек, адамға таңдау жасауға мүмкіндік беріледі.

El.kz: Біз қалай ІТ саласында серпіліс жасадық? Бұл біздегі ақпараттық технологиялар мамандарының мықтылығын көрсете ме? Әлде, бұл технологияларды шетелдік мамандар енгізіп жатыр ма?

Арсен Долбаев: ІТ технологиялар – бұл заманның талабы. Бұрын Кеңес одағы жабық мемлекет болды. Шетелге адамдар еркін шыға алмайтын еді. Қазір еш кедергісіз ел аралап, басқа мемлекеттердегі үздік дүниелерді көреді. ІТ-дан хабары адамдар, шенеуніктер, компания басшылары болсын, «бізде де осындай дүниелерді енгізсек, қалай болады?» – деп ойланады. 

Қаржы бөлінсе, шетелде жақсы технологияларды алып, біздің жүйелерге сәйкестендіріп, бізге де енгізеді.

Мен қазір Ұлттық төлем корпорациясында жұмыс істеп жатырмын. Ол жерде халыққа ыңғайлы болсын деп, open banking қосымшасын енгізуді жоспарлап отыр. Мәселен, сіздің әртүрлі банктерде – Халық банкінде және Каспи банкінде, Форте банкте шоттарыңыз, депозиттеріңіз болса, қаржыңызды бір ғана open banking қосымшасымен басқара аласыз. Бұл да – адамдар үшін оңтайлы дүние. Уақытыңызды үнемдеп, операцияларды жеңілдетеді. Ақшаңызды бір шоттан екінші шотқа аудару үшін банктерге барып кезек күтпейсіз. Бәрін бір қосымшаны ашып, көре аласыз. Яғни, «мына жерде мынанша кредитім бар, ана жерде мынанша депозитім бар екен» деп қарай аласыз. Дереу мына банктен шешіп алып, келесі банкке аударып, қарызыңызды жаба аласыз.

Бізде жақсы мамандар бар. Мәселен, бір жақсы бағдарламашы компания құрып, мықты бағдарламашылардың басын қосады. Тапсырыс түссе, қалаған қосымшаңызды, мәліметтер базасын әзірлеп бере алады. Кез келген қалауыңызды жасап беруге дайын. Бұл салада қолынан іс келетін азаматтарымыз аз емес. Мұндай жобаларды іске асыру бұрынғыдай қиындық тудырмайды. Инфрақұрылым, қажетті серверлер бар болса, бәрін жасауға болады.

El.kz: Талантты ІТ мамандары шетелге кетіп жатыр деген әңгімені естіп жүрміз. Бұл қаншалықты рас?

Арсен Долбаев: Талантты, білгір мамандар шетелге кетеді. Өйткені, біздің бір кемшілігіміз, айлықты шетелдегідей қатты көтере алмайды. Мықты бағдарламашыларға шетелмен салыстырып қарағанда бізде аз айлық төленеді. Сондықтан, екі жұмыс істеуге немесе қосымша жұмыс істеуге тура келеді. Ол қанағаттырмаса, шетелге кетіп қалады. Мәселен, шетелдік ірі корпорацияларда қаражаттан таршылық жоқ. Жақсы жалақы төлеу еш қиындық тудырмайды. Жақсы маман болса, өздеріне тартып ала алады. Бұл жерде бес мың долларға жұмыс істеп жүрген адамға он мың доллар жалақы ұсынса, ойланбастан жұмысын ауыстырады.

Әрине, ешқайда көшпей, Қазақстанда қалып жатқандар да бар. Олардың дені – отбасы бар, үйі-жайы бар адамдар. Ал жастарды ұстап тұрған ештеңе жоқ. Канада, Австралия, Еуропаға кетіп жатыр. Бұрын Ресейге кететіндер көп еді. Соңғы кездері геосаяси жағдайларға байланысты бұл көш тыйылды. 

El.kz: ІТ мамандары шетелде, теңіз жағалауында демалып жатып,  онлайн жұмыс істей береді дегенді естіп жүрміз. Осы шындық па?

Арсен Долбаев: Әрине, ондайлар бар. Пандемиядан кейін көп адамдар қашықтан жұмыс істеуді үйренді. Алматыда тұрып, қашықтан Ресейдің және басқа елдердің компанияларына жұмыс істеп жүрген қазақстандық мамандарды білемін. Кейбір мықты бағдарламашылар біздегі банктердің өзінде қашықтан жұмыс істей береді.

El.kz: Қазір мемлекет киберқауіпсіздікке қатты назар аударып жатыр. Қазақстанға ауқымды кибершабуыл жасалғанын әлі есімізден шыға қойған жоқ. Осы киберқауіпсіздікті сақтау үшін қандай нақты шаралар жасалып жатыр?

Арсен Долбаев: Киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін елімізде кибер-сауаттылықты көтерген жөн. Халыққа киберқауіпсіздіктің негіздерін түсіндіру қажет. Мәселен, «мынадай қауіп-қатерлер бар» деп айтып түсіндіріп, сақтану шараларын үйрету керек.

Мәселен, күнделікті өмірде кілтсөздерді біреуге жаза саламыз. Бере саламыз. Мұның арты ертең қандай жағдайға душар ететінін түсіндіру ләзім. Соның кесірінен түрлі алаяқтардың арбауына түсіп қалады.

Неше түрлі хакерлер бар. Жолға әдейі бір флешканы тастай салады. Оны біреу тауып алып, «тегін келген зат» ретінде көріп, пайдаланып жүруі ықтимал. Күмәнді флешканы компьютерге  жалғасе, мұның салдары ауыр болуы ықтимал. Жұқпалы бағдарлама компьютерге орнатылады. Мұның қауіпті екенін, пошта арқылы келген күдікті хаттарды ашпауды, сілтемелерге өтпеуді адамдарға үйрету керек. Онсыз қанша жерден керемет қорғаныс жүйесін қойсаң да, нәтиже бермейді. Қызметкерлердің бірі қауіпсіздік ережелерін бұзса, бүкіл қорғанысты жоққа шығарады.

Кейде бәсекелестер кибершабуыл жасау үшін хакерлерге арнайы тапсырма беруі де ықтимал. Оның құны да қымбат емес. Небәрі бір хакерге мың доллар беріп, сайтты бұзғыза алады. Қазір мұны мамандығын енді ғана үйреніп келе жатқан бағдарламашы да істей алатын нәрсеге айналды. Ақпараттардың бәрі ашық жерде тұр.

Заң бойынша қойылатын талаптар көп. Біз сол заң бойынша, жұмыс істейміз. Ал қаржы ұйымдарына – банктерге қойылатын талап бөлек. Басқаларға қарағанда талап қаталырақ. Ол жерде міндетті түрде антивирус болуы, жиі жаңартылып тұруы, қорғаныс периметрлер жүйесі орнатылуы тиіс. Бұл талаптарды мұқият орындаса, қызметкерлер киберқауіпсіздік әдістерін меңгерсе, кибершабуылдардың алдын алуға болады.

Өз басым, қазір дәл осы жұмыстармен айналысып жатырмын. Қолданушының хабардар болуы жөнінде бүтін бір үйрету бағдарламасы бар. Онда киберқауіпсіздік амалдарын, поштамен, интернетпен қалай жұмыс істеуді, құпия ақпараттарды кез келген жерге қалдырмауды үйретемін. Соңында сынақ жүргіземін.

Қазір әр компанияда, банктерде осындай талаптар бар. Осы талаптар мүлтіксіз орындалуы шарт.

Шынтуайтында, киберқауіпсіздік мәселесі – бүкіл әлем үшін қалыпты нәрсе. Кибершабуылдар болмайды деп ешкім кепілдік бермейді.

El.kz: Қазақстанда «киберқалқан жобасы» қабылданған. Бұл қалай орындалып жатыр?

Арсен Долбаев: Бұл да – киберқорғаныстың тағы бір түрі. Сақтық шаралары ешқашан артықтық етпейді.

El.kz: ІТ саласындағы инновациялар қалай жүзеге асып жатыр? Инновациялық инфрақұрылымдар жөнінде не айтар едіңіз?

Арсен Долбаев: Біздің алдымыздағы негізгі міндет – ақпараттардың сақтауды әртараптандыру. Бар ақпараттарды бір жерде ұстауға болмайды. Өйткені, табиғат апаттар және басқа да қауіп-қатерлер бар. «Бұлттар» әр жерде болады. Неше түрлі серверлер бар. Соның ішінде мәліметтер сақталады. Серверлер болуы үшін оған ғимарат керек. Қорегі қажет. Қазір банктерде «бұлтты» шешімдерді шетелге шығарғызбайды. Оған тыйым салынған. Қазақстанда «бұлтты шешімдер» болса, бәрі сол «бұлтты» қолданатын еді деп ойлаймын.

Жұмыстағы мәліметтер – фото, бейне және басқа да құжаттар мен материалдарыңызды интернет арқылы кез келген жерден кіріп көру ыңғайлы болады. Мобильды құрылғылармен де жұмыс істей аласың. Тек қана авторизация жасап, мәліметтеріңді ала бересің. Бірақ мұның да екінші қыры бар. Қауіптілігі сол, олардың қайда жатқанын білмейсің. Оған да қауіпсіздік қорғанысы қажет. 

Инфрақұрылымдарға қуаттылық керек. «Бұлтқа» өтсе, шығыны мол серверлер ұстаудың қажеті болмайды. Өйткені, оған көп қуаттылық керек емес. Сол жағынан тиімді деп ойлаймын.

El.kz: Жасанды интеллект туралы көп әңгіме айтылып жатыр. Бұған қатысты пікірлер де кереғар. Біреулер қолдаса, біреулер күдікпен қарайды? Маман ретінде сіздің пікіріңізді білуге бола ма?

Арсен Долбаев: Жасанды интеллект қажет деп ойлаймын. Бірақ ойланып, абайлап пайдалану қажет. Өйткені, қауіп-қатері де бар. Жасанды интеллект өздігінен көп нәрсені үйреніп алады. Мәселен, автопилот алғашқы сынақ кезінде кез келген жерге көлікті ұрып ала берген. Бірақ біраз уақыттан кейін бағдарламаның өзі көлік жүргізудің қыр-сырын меңгеріп алып, қателік жібермейтін болған.

Жасанды интеллект дамып келе жатыр. Бірақ оны қолданғанда өте сақ болу қажет.

El.kz: Сонда, бұл несімен қауіпті? Адамға бағынбай кетуі ықтимал ма?

Арсен Долбаев: Адамдарға бағынбай, сенің бұйрықтарыңды тыңдамай, өз бетінше әрекет жасауы мүмкін. Қазір бәрі электронды түрде. Қуат, жарық және тағысын тағылар. Ертең жасанды интеллект базаларды өзгертіп, сені сандық түрде жойып жіберуі мүмкін. Жоқ дегенде, атыңа кредит жазып қоюы да ғажап емес. Оған сенің мәліметтерін керек болып, кейбір деректерді алып тастауы да ықтимал. Сондықтан жасанды интеллектті бақылаусыз қалдырмаған жөн.

Өшіру бұйрығын бергенде адамға бағынбай, басқаша әрекет жасай бастаған. Тоқтата алмай қалатынын сезіп, адамдар сасқанынан жойып тастауды жөн көрген. Мұндай кезде жасанды интеллектің ойындағысын алдын ала білу қиын. Ол жарықты, бағдаршамдарды өшіріп тастауы мүмкін. Өзіне энергия жетпеген соң, көрші ауданның жарығын өшіріп тастаған деректер де бар.

Адамға қарсы шығып кетуі де ықтимал деген пікір айтылып жүр. Сондықтан абай болған жөн. Бірақ дұрыс пайдалана алса, адамға көмегі көп болары анық.

El.kz: Әңгімеңізге көп рахмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға