Жаңалықтар

«АрселорМиттал Теміртаудағы» адам өлімін цифрландыру арқылы азайтуға болады

Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин айтты
«АрселорМиттал Теміртаудағы» адам өлімін цифрландыру арқылы азайтуға болады
Фото: Facebook/BagdatMussin 09.07.2022 11:35 1540

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Facebook парақшасында «АрселорМиттал Теміртау» компаниясындағы апаттарды азайту жолдарын айтты, деп хабарлайды El.kz

«Бүгін Премьер-Министрмен бірге Қарағанды облысында іс-сапармен болдым. IT-нарығын дамыту, байланыс сапасын жақсарту, өнеркәсіп секторында цифрлық трансформациялауды қолдану процестері туралы ақпаратпен бөлістім. Атап айтқанда, «АрселорМитталдағы» өндірістік нысандарды аралай отырып, Әлихан Асханұлына өндірістік процестерді цифрландыруға және кәсіпорындарда қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ықпал ете алатын 5G технологиясының мүмкіндіктері туралы баяндадым», - деп жазды министр.

Оның айтуынша, Үкімет басшысы «АрселорМиттал» кәсіпорнына 5G желілері негізінде үздік тәжірибелерді қолдана отырып, жедел түрде цифрландыру жұмыстарын жүргізуге нақты тапсырма берген.

«Мысалы, «ақылды каскалар» жүйесін енгізу арқылы шахталардағы жұмысшылардың орналасқан жерін анықтауға болады, бұл жүйе олардың диспетчерлермен тұрақты байланысын қамтамасыз етеді және шахталарда болып жатқан оқиғалар туралы онлайн режимде үздіксіз ақпарат бере алады. Бұл жұмыскерлердің өмірін сақтап қалуға және жарақаттануын азайтуға бағытталған бір ғана мысал. Цифрландырудың арқасында көптеген маңызды процестерді өзгертуге және өндірістегі адамдардың өмірін қорғауға болады», - деп атап өтті Бағдат Мусин.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға