Жаңалықтар

Арпа, бидай ас екен...

А.И.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми өндірістік орталығына сапар
Арпа, бидай ас екен...
02.10.2018 18:37 12647

Баяғыда жеңгелерімізден, шешелерімізден «Ұның бірінші сорт па әлде высший ма?» деген тектес сөздерді жиі еститінбіз. Ол замандар ел үшін қиын кезеңдер еді ғой. Жоғары сұрып тұрмақ екінші сұрыпты ұн табу, келе-келе қандай болса да ұн табу қиындап кеткен болатын. Біз  бидай деп атайтын дәнді дақылдың да түр-түрі болатынын, одан жасалған ұндарының да әр келкі болатынын кейін білдік.

Қазір заман басқа. Баламызды нанға жүгіртпес бұрын келіншектеріміз «Астананың» нанын ал, сол жақсы. Жұмсақ әрі дәмді» дегендей тапсырма беріп жатады. Кезінде ұн таба алмай қалған буынның балалары бұл күнде нан таңдап жеп отыр. Ол нанның да бір-бірінен айырмашылығының болуы құрамына қосылатын ұндарына тағы  басқа  қоспаларға байланысты.

Астананың дәл түбінде, Шортанды ауданы, Научный ауылында А.И.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми өндірістік орталығы орналасқан.  Осы жерде жоғарыда мысалға келтірілген дәнді дақылдардың түр-түрі зерттеліп, қажет болса будандастырып, тіпті, болашақта әлдеқандай күн болса жойылып кетпесін деп арнайы сақталады екен. Бұл орталық Кеңес заманында бүкіл Одаққа дүрілдеп тұрған, тікелей Кремльге бағынған орталық екен.

Әуелгіде Шортанды ауыл шаруашылық тәжірибе станциясы болып құрылған бұл мекеме, 1956 жылы Қазақ астық шаруашылығы ғылыми институты болып құрылады. Бұл мекеменің басы-қасында академик Валентин Петрович Кузьмин тұрған болатын. Валентин Петровичтің өзі сол жылдары Қазақстанға жер аударылған «Халық жауларының» бірі еді. Бұл станцияда атақты Карлагтың құрсауын көрген бірнеше ғалымдар қызмет еткен. Кейін келе тың жылдары сіңірген еңбегі үшін, жердің жел және топырақ эрозиясына ұшырауына қарсы атқарған және шешімін тапқан қыруар жұмыстары үшін Бараев Александр Ивановичтің есімі берілген.

Бұл ауылды неліктен "Научный" деп атаған деген заңды сұрақ туады ғой. Жауабы да қарапайым, бұл ауылдан осы орталық құрылғаннан бері ғалымдар үзілмеген. Ғылым қуған жандарға барлық жағдайлар жасалған. Сол замандардың өзінде екі қабатты, терассалы кең үйлермен қамтамасыз етілген. Ғылыми институтты Бараев басқарып тұрған тұста ол қарамағындағы ғалымдарға  мал ұстауға рұқсат етпеген екен. Оның себебі, малына алаңдаған ғалым ғылымға көңіл бөлмей кетеді-міс. Бірақ, сәйкесінше ақшадан қыспай, жеткілікті деңгейде жоғары мөлшердегі айлық төлеп отырған. Ауыл үйлерінің ауласын аралап, кімде-кімнің үйінің алдында арамшөп өсіп тұрса, сол арамшөпті жұлып алып, үй есігінің алдына тастап кететін, көпшіліктің алдында жиналысқа салып, «Өзің ғалымсың! Үйіңнің алдында арамшөп өсіп тұрғанын қалай түсінуге болады? Бұл ертең гүлдеп, тұқым шашып, желмен егіс алқаптарына түспей ме?» деп  талай мәрте шыр-пыр болған деседі.

Кезінде 70 мың гектар жерге дәнді дақылдар еккен бұл орталықтың дәл қазір 5 мың гектар жері бар. Келмеске кеткен Кеңес уақытында суарылмалы жүйелері де болған екен. 2000 гектар алқапты сумен қамтамасыз ететін су қоймасы да болған. Балапан басына, тұрымтай тұсына кеткен заманда ол су қоймасы жекеменшікке өтіп кеткен. Дегенмен, келесі жылы 200 гектар алқапты суармалы жүйемен сынап көрмекші. Бұл алқапта әлемде бар 5000 түрлі дәнді дақылдар шақталып-шақталып себілмекші.

Орталықтың ғимаратының табалдырығын аттай салысымен сізді Кеңес жүйесінің атмосферасы өз қойнына тартып әкетеді. Ғимарат бөлмелерінің есіктері, ішкі безендірілуі, орталықтың тарихынан сыр шертетін мұражай бөлмелері сізді еріксіз сол заманның қақ ортасына топ еткізеді.

Дегенмен, бұл тек сырт келбеті ғана. Орталық қазіргі заманғы технологиялардың бар игілігін барынша пайдалануда. 2016 жылдан бастап барлық егіс алқаптары картаға түсіп, қазіргі таңда спутник арқылы бақылау жүйесімен қамтамасыз етілген. Орталық бақылау бөлмесінде отырып-ақ қай алқапта қанша техниканың жүргені, қай комбайнның қанша  гектар егін шапқандығы жайлы ақпаратты ала аласыз. Техникалардың барлығы GPSпен жабдықталған. Бұл өз кезегінде тоқтап қалған техникаға шұғыл көмек көрсетуге септігін тигізеді және  жүргізушінің жанар-жағармайды оңды-солды шашуына жол бермейді.

Егістікте өз елімізде, яғни, Қостанай қаласында құрастырылған 3 VECTOR комбайыны, John Deer Америка машина құрастыру компаниясының 1 комбайыны, немістің  Fendt және  Claas комбайндары бір-бірден жүр. John Deer комбайыны бір өткен кезде ені 9 метр  жерді шауып өте алады. Қалған комбайндар 7 метрлік жадкамен қамтамасыз етілген.

Жалпы, бұл орталықта дәнді дақылдардың түр-түрі өсіріледі, бұршақ, жасымық, қарақұмық, тары деп тізіп кете беруге болады.

- Біздің шаруалар жердің шаршайтынын білмейтіндей. Білсе де ол құбылысты тек бидайдың тұқымын ауыстырумен шешеміз деп ойлайтын секілді. Сіз екі жыл бидай еккен жеріңізге үшінші жылы арпа ексеңіз, төртінші жылы жасымық ексеңіз, жер өз құнарын жоғалтпас еді. Сәйкесінше сіздің өніміңіздің өсімі де төмендемес еді.

Жалпы, мемлекетіміз түрлі субсидиялар бөліп жатыр ғой. Жасымық өсіруге субсидия беруді қолға алса, бұл кәсіпті әрі қарай дөңгелетіп әкетуге әзір отырғандар баршылық. - дейді А.И.Бараев атындағы АШҒӨО-ның директоры Кенже Қожахметұлы Абдуллаев. - Жасымық, бұршаққа қарағанда, құрғақшылыққа төзімді келеді, зиянкестер мен өсімдік ауруларына дес бере қоймайды, жапырылып құлап қалмайды. Төменгі дәндердің 15-16 см биіктікте орналасуы өнімді жинап алуға оң әсерін тигізеді.

Жасымық егудің тағы бір маңызды тұсы, оны өсірген алқапты соңынан басқа ауылшаруашылығы дақылдары үшін тиімді пайдалануға болады. Жасымық өсімдігі түйнектік бактериялармен бірлесіп атмосфералық азот жиып, оны өсіп-өну процесіне пайдаланады. Осы азоттың бір бөлігі (40-90 кг/га) топырақта қалады. Сіз білесіз бе? Қайсібір жылы жасымық экспорттаудан Қазақстан әлемде 9 орынды иемденген. Жасымықты сатып алушы елдер қатарында Қазақстанға жақын орналасқан мемлекеттер — Түркиядан бөлек, Үндістан, Иран, Бангладеш, сондай-ақ Шығыс Азия мемлекеттері бар. Демек, сұраныс ұзақ жылдарға жалғасады және жасымық дақылын ірі көлемде жоғары бағаға өткізуге болады. Еуропада да жасымыққа деген сұраныс артып келеді, өйткені ол жақта қазір бойына зиянды химиялық заттар мен радионуклидтерді жинақтамайтын «органикалық» өнімдерге деген сұраныс жоғары, ал жасымық нақ сондай өнімдер қатарына жатады.  Біздің еліміздің климаты жасымық өсіруге өте қолайлы. Кез келген аймағымызда өсіруге болады. Мұның шығыны бидай еккеннен әлдеқайда аз.

Бізде ғалымдарымыз тірнектеп жинаған түрлі бидайларымыздың, басқа да дақылдарымыздың  тұқымдары сақтаулы. Тұқымдарды бес жылдан он бес жылға дейін сақтай аламыз. Бірақ, елімізде осының барлығын реттеп отыратын орталықтандырылған жүйе жоқ. Бұл мәселелер мемлекеттік деңгейде шешілуі тиіс. Әйтпесе, қыруар жыл жинаған генофондымыздан айрылып қалуымыз да мүмкін.

Орталықтың іші зертхана бөлмелеріне толы. Бір жерде топырақ құрамындағы азотты зерттеп жатса, енді бір бөлмеде бидай дәнінің клейковинасын тексеруде. Әр жердің топырақтары тек өздеріне ғана белгілі реттілікпен қораптарға салынып, сырттарына қай күні, қай жылы келген топырақ екендігі және өздеріне ғана мәлім әлдебір сандар жазылып, қоймада сақталынады.

Бұл орталықтың елімізге тигізер пайдасы орасан. Шағын шаруа қожалықтарынан бастап ірі холдингтер өздеріне қалаған мөлшерде, қалаған дақылының тұқымдарына тапсырыс бере алады. Осылайша олар өсімдік ауру-сырқауынан ада тұқымдарды егіп, жыл соңында шыққан шығынды әлденеше есе пайдамен жаба алады.

Осылайша, «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деген нақыл сөздің шындығына кезекті мәрте көз жеткізіп қайтқан сапар болды.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға