Жаңалықтар

Армия дзюдошылары Ташкенттегі әлем чемпионатында үздік үштікке енді

Армия дзюдошылары Ташкенттегі әлем чемпионатында үздік үштікке енді
Фото: Қорғаныс министрлігі 18.10.2024 23:07 503

Өзбекстанда әскери қызметшілер арасында дзюдодан әлем чемпионаты аяқталды. Командалық есепте Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Армия орталық спорт клубының дзюдошылары ең мықты үштікке кіріп, қола медаль жеңіп алды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Татамиде командалық есепте қазақстандық балуандар француздың ең мықты деген дзюдошыларын оңай жеңіп, Оңтүстік Кореядан келген командаға жол берді. Бірақ Алжир мен Испания командаларынан жеңісті жұлып алды. Қола медаль үшін болған күресте қазақстандық дзюдошылар италиялық қарсыластарын 4:1 есебімен жеңді.

Айта кетейік, 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі жеке біріншілікте қазақстандық дзюдошы ефрейтор Нұрқанат Серікбаев чемпион атанды. Оның финалдық жекпе-жектегі қарсыласы әлем чемпионатының күміс жүлдесін жеңіп алған Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің қызметкері Шерзод Давлатов болды. ҚР Қарулы күштерінің қызметкерлері Жанарыс Рахметқали (66 кг) және Бақытжан Абдурахманов (73 кг) қола жүлдегер атанды.

Әйелдер арасында қола медальдарды ҚР Қарулы күштерінің қызметкерлері Камила Берліқаш (78 келіден жоғары) және Екатерина Токарева (78 келі) жеңіп алды. 

Чемпионатты ұйымдастырушылар 100 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен аға лейтенант Марат Байқамұровты "Жеңіске деген жігері үшін" арнайы номинациямен марапаттады.

Мұны армия құрамасының тарихи жетістігі деп атауға болады. Спортшылар жекпе-жек сипатын, жеңіске деген ерік-жігерін көрсетіп, үздік үштікке сенімді кірді. Біз мұны мақтан тұтамыз, - деп атап өтті Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Армия орталық спорт клубының төрағасы полковник Арман Әбеуов.

Естеріңізге сала кетейік, әскери қызметшілер арасында дзюдодан CISM әлем чемпионаты алғаш рет Ташкентте қазанның 16 мен 18 аралығында өткізілді. Оған 29 елден 300-ге жуық әскери дзюдошы қатысты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға