Жаңалықтар

Арматурамен ұрып өлтірген: Шымкент полицейлері екі жыл бұрын болған қылмыстың бетін ашты

Арматурамен ұрып өлтірген: Шымкент полицейлері екі жыл бұрын болған қылмыстың бетін ашты
Фото: ©El.kz/Арман МҰХАТОВ 25.07.2023 14:03 894

Шымкент полицейлері екі жыл бұрын болған адам өлтіру қылмысының бетін ашты. Бұл туралы Polisia.kz сайтына сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

2021 жылы Еңбекші ауданының полиция басқармасына 32 жастағы ұлының жоғалып кеткені туралы жергілікті тұрғын хабарласты. Анасы ер адамның екі апта бұрын үйден шығып, қайтып оралмағанын айтты.

Хабар-ошарсыз кеткен азаматтың жүрген жерін анықтау мақсатында криминалдық полиция қызметкерлері кешенді шаралар жүргізді. Тәртіп сақшылары оның отбасы мүшелерінен, көршілерінен, достарынан сауалнама жүргізіп, жақын маңдағы бейнебақылау камераларының жазбаларын тексерді.

Оқи отырыңыз:

Ер адамның сыртқы келбетін сипаттайтын бағдарлар қалалық полиция департаментінің басқармаларына, сондай-ақ еліміздің барлық аймақтарындағы полиция бөлімдеріне жолданды. 2 жыл бойы іздестіру жұмыстары нәтижесіз болғанымен, биылғы жылдың басында жедел қызметкерлер осы дерек бойынша ілмек таба алды. Кездейсоқ куәгердің жауабына сәйкес, азаматтың жоғалып кетуіне інісінің қатысы бар болған.

Қабылданған шаралар нәтижесінде отбасылық жанжал барысында ол туысын басынан арматурамен бірнеше рет ұрып, өлтіргені анықталды. Бұл іске ол өгей ағасының мас күйінде анасымен жанжалдасатыны итермелеген. Аса ауыр қылмыстың ізін жасыру үшін қаскүнем мәйітті сырттағы дәретханаға тастап, шұңқырды бетонмен толтырып, үстіне шағын сарай тұрғызған.

 Күдікті қамауға алынды. Еңбекші АПБ-ның тергеушілері қылмыстық істі айыптау актісімен сотқа жолдады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға