Жаңалықтар

Арман Әшімов UFC-де қашан өнер көрсететінін айтты

Арман Әшімов UFC-де қашан өнер көрсететінін айтты
Фото: instagram.com/ashimovarman 03.05.2023 21:01 1411

Қазақстанда аралас жекпе-жекке деген қызығушылық күн санап артып келеді. Бұған, ең алдымен, қарадомалақтарымыздың түрлі аламанда атой салып жүргені себеп. Солардың бірі ­– Арман Әшімов. Талай мықтының мысын басқан Арман енді UFC-де өнер көрсетуді мақсат қойыпты. Бұл туралы Beren YouTube арнасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

– Арман, аралас жекпе-жекте жүргеніңізге біраз болды, сөйте тұра беделді ұйымдардың белдігін иеленген емессіз. Бірақ халықтың сізге деген ықыласы ерекше. Былайша айтқанда, айтулы чемпиондардан кем емес. Оның сыры неде деп ойлайсыз?

– Нақты айту қиын. Өзім жасандылықтан аулақпын, қалай бар, солай ұстаймын. Бәлкім сол қасиетім де көпшіліктің көңілінен шығатын шығар. Шынайылықты жақсы көремін. Шетелдік демей-ақ қояйын, елімізде өткен, тіпті облыстық жарыстарда жеңіске жетіп көкірегін керетіндер бар.

Берік Шыналиев деген бауырымыз бар, Қазақстанда қоян-қолтық ұрыстан бірінші болып еңбек сіңірген спорт шебері атағын алды. Түріне қарасаң, спортқа өмірінде жақындамаған адам сияқты, өте қарапайым, алайда алаңға шыққанда қарсылас шақ келтірмейді.

Бірде бір жас жігіт Берікті тас-талқан етіп ұтамын деп кеудесіне нан пісіп тұр екен, артық кетпе дегенге тоқтайтын емес. Жарыс басталғаны сол-ақ екен, Берік оны қарсылас көрген жоқ. Әлгі жігіттен: «Не болды, жаңа басқаша айтып едің ғой» десем, «қолым жүрмей қалды» дейді. Сонда «Сенің қолыңды жүргізбей тұрған – ол тәкаппарлық» дедім.

Сондықтан қарапайымдылықты, шынайылықты бағалаймын.

– Атақ адамды өзгерте ме?

– Адамның өзіне байланысты. Өзім мені мақтағанды, биікке көтергенді ұнатпаймын. Негізі төбелесіп жүрген мақтаныш деп ойламаймын. Бізге Алла осындай ерекшелік берсе, оның сұрауы да екі есе болады. Шыны керек, менен «Армансың ба?» деп сұраса, кейде «жоқ» деп жауап беремін, себебі ыңғайсызданамын. Кейбіреулер «суретке түсуден жалыққан шығарсың» дейді. Неге жалығамын? Себебі мені осы деңгейге жеткізген Алла мен халық қой.

– Алғашқы жекпе-жегіңізді 2014 жылғы күзде өткізген екенсіз. Алғашқы айқаста жеңгеніңізбен, екінші айқаста ресейлік Вартян Асатряннан жеңілдіңіз. Осыдан соң аралас жекпе-жекке қатысты қолды бір сілтеу туралы ой келген жоқ па?

– Вартаннан ұтылғаным маған қайта жігер берді. Бір ай ұйықтай алмай жүрдім. Түн жарымда ұйықтап жатқан жерімнен ұшып тұрып қабырғаны ұратынмын. «Неге қолым мен мойныма иелік ете алмадым?» деп күйінетінмін. Ол кезде біле бермейсің ғой, сөйтсем айқас кезінде ұйқы күретамырым қысылып қалған екен. Содан сылқ ете түскенмін.

Вартаннан кейін ешкімге қылқындыру әдісімен ұтылған емеспін, қолым сынып жарыстан шығып қалғаным болмаса, қарсыластарыммен кемінде тең түсемін.

– 2016 жылы Шыңғыс Қайрановпен өткен жекпе-жек біраз талқыланды. Жеңіс Шыңғысқа бұйырғанымен, көпшілік сіздің басым болғаныңызды айтты...

– Төреші кімнің қолын көтерді, сол жеңімпаз. Сондықтан Шыңғыс жеңді. Есімде, аяғымнан теуіп тастаған екен, сол күні сыныптасымның туған күніне ақсаңдап барғанмын.

– 2017 жылы Ресейдің ең танымал промоушені М-1 Global-да бақ сынадыңыз. Ал қарсыласыңыз Гаджимурат Алиев еді. Ол кезде Алиев әлі жеңілістің кермек дәмін татпаған кез. Сондай мықтымен жолығу қаншалықты қиын болды?

 – 2017 жылы ораза айында Алладан жақсы жекпе-жек бұйыртуын сұрадым. Шілденің 3-күні ораза бітіп, 4-іне жаттығуға барсам, Нұрлан Мамыралиев ағамыз: «Арман, М-1 Global-дан ұсыныс түсіп тұр, қалай қарайсың?» деп сұрады. «Қабылдай беріңіз» дедім. Ал 8-і күні келіншегімді алып қашып келіп, 16-сы күні Ингушетияға ұшып кеттік.

Ингуштар, шешендер күресте мықты деп жатады, бірақ адамның ең алғашқы қарсыласы өзі екенін ұмытпау керек.

Досым Болат Манарбек Таиландта жаттығу жасап жүрген. Еліміздің ең беделді деген 16 спортшысы сол жақта еді. Досым әлгілерден пікір сұраса, Қайрат Ахметовтен басқасының бәрі «Арман «ет» болу үшін бара жатыр, сыйақасын алып қайтады» депті. Болат қоңырау шалып, Алиевті «сұлатып тасташы» деді. Жоспарымызды орындадық.

Негізі көпшілік мені менсіне бермейтін. Соған қарамастан аз-маз жетістікке жеттік.

– Жергілікті жанкүйер қалай қабылдады? Қалай дегенмен Алиев жұлдыздардың бірі еді ғой...

– Негізі спортта қас-қағым сәт шешіп кетеді. Соққы, көзіңді жұмып қалған кез, тіпті ми ойланып үлгермейтін сәттер шешуші рөл атқарып жатады.

Алиев дағыстандық болғандықтан, жергілікті жанкүйерлер соны қолдады деп ойлағандар көп. Біз айқастан соң Ингушетияның басшысымен дастархандас болдық. Сонда әлгі кісі: «Қазақстан – менің екінші отаным, қазақтардың арқасында менің ата-бабам тірі қалды, ол жақсылықты ешқашан ұмытпаймын», – деді.

Арасында Гаджимуратқа жанкүйерлік еткендер болған шығар, бірақ қасымда жүрген жігіттердің бәрі маған қолдау көрсетіп, «Ингушетияға келемін десең болды, өзіміз күтіп аламыз» деп бар жақсысын алдыма тосты. Өте қонақжай халық екен. Қарапайымдылығына сүйсіндім, әйтпесе бәрі мықты спортшылар ғой.

– Санкт-Петербургте М1 уақытша чемпиондық белбеуі үшін жекпе-жекке шықтыңыз. Финляндиялықты жеңу қаншалықты оңай болды?

– Белбеу иеленеді екенмін деп көкірегімді керген де, уайымдаған да жоқпын. Күнделікті жекпе-жек секілді қарадым.

Мақсатым – қазақтың көк туын желбірету. Белбеу деген ол кейінгі сатыда тұрады.

– ММА-ге келгенде кімдер қолдау білдірді?

– Қайыр Мейірбеков деген ағамыз бар, спортта қалуыма сол кісінің қосқан үлесі зор. Спорттағы қадамымды Мұстафа Өзтүрік орталығында бастадым. Бауыржан Оспанов, Ербол Әбдірайымов, Айбек Барысов секілді кәсіпкер ағаларымыз қолдап келеді. Қолы ашық, жомарт ағаларымыздың барына рахмет. Негізі қолдап, қуаттайтын, өзім бірге жұмыс істейтін ағаларымыздың барлығы қазаққа жаны ашитын, елдегі өндірісті дамытып жүрген азаматтар.

– Лақап атыңызға Мұстафа Өзтүріктің атын таңдауыңызға не себеп болды?

– 2014 жылы біреулер қателесіп «Гладиатор» деп жазыпты. Өзіме бұл ат келмейтін секілді көрініп, Қайыр Мейірбеков ағама қоңырау шалдым. Ол кісі «Алладан сұрадым, бүгіннен бастап лақап атың – Мұстафа Өзтүрік» деді. Бір жағынан, қазақтың біртуар азаматының есімін алып жүру өте ауыр, екінші жағынан, бұл үлкен қуаныш.

– Жалпы, осы уақытқа дейін қанша жекпе-жек өткіздіңіз?

– Қазақстан біріншілігін, ММА-ді қосатын болсақ, онда 100-ден астам айқас өткіздім.

Бұрын қарсыласымды жеңу үшін барымды салатынмын, ойлап қарасам, жеңіп жүрген адамдарымның бәрі қазақтың балалары екен. Сонда мен жеңген кемі 80 бала спортты тастап, басқа салаға кетті. 2017 жылдан бастап қазақтың балаларын ақырын ұра бастадым. Ол туралы алдын ала ескертіп те қоямын. Егер айқас басталған бойда «құтырса», тиісті жазасын алады ғой, бірақ басқа уақытта күшімді толық көрсетпеймін.

Мысалы, Өскеменнің 18 жастағы өренімен айқастым. Техникасы өте жақсы, болашақ жұлдыз. Қолы да, аяғы да шапшаң. Бұл жолы жеңілсе де, әлі алар асуы биік екені көрініп тұрды.

– Киевте жалаң жұдырықпен айқасқаныңызды білеміз. Қарсыласыңыз аты дардай Тимур Беляк болды. Осы айқас туралы айта кетсеңіз...

– Бастапқыда қарсыласым басқа біреу болды. Жекпе-жекке 17 күн қалғанда коронавирусты сылтауратып айқастан бас тартты. Орнына Белякты ұсынды. Екеуіміз 62 келіде жекпе-жекке шығатын болып келістік.

Спаррингке шыққандар оның мықты екенін айтты. Бірге барған достарымның бәрі Арман құлап қалмаса екен деп тілепті. Абырой болғанда, бәрі ойдағыдай өтіп, қарсыласты сұлатып салдым. Сонан соң сол Белякты ұпаймен жеңген тағы бір украиналық жекпе-жекке шақырды. Келістім, 9 ақпан деп күнді белгілеп едік, сөйтсем ол райынан қайтып қалыпты. Айқасты көрмей айта салды ма, пиар үшін артық сөйледі ме, ол жағын білмеймін.

– Сонда айқас үшін қанша төледі?

– Өзім 30 мың доллар сұрағанмын. «ММА-де мықты шығарсың, бірақ жалаң жұдырықпен айқасқаныңды көрген емеспіз» деді. Саудаласып жүріп 16 мың долларға келістік. Олар мені бірден Олимпиада чемпиондарымен шығарғысы келді. «Бұлай болмайды, 2-3 айқас өткізіп, үйренуім керек немесе 50 мың доллардан жоғары келісімшарт беріңдер» деп талап еттім. «Ойланып көреміз» деген, әрі қарай Украинада соғыс басталып кетті.

­­­– Арман Әшімовты UFC-ден қашан көруіміз мүмкін?

­– Оған да аз қалды. Бұйыртса, алдағы уақытта АҚШ-тың ең танымал промоушенінен де көрінуге тырысамыз. Қазір басты мәселе ­– виза. Соны реттеп алған соң Америкаға барып, жаттығуды сол жақта жалғастырамыз. Әзірге нақты уақытын айта алмаймын, күндердің күнінде UFC-де айқасамыз.

­– Отбасыңыз жайлы айта кетсеңіз...

– Әке-шешем, Аллаға шүкір, аман. Отбасында бір қыз, екі ұлмыз. Ата-анам Абай облысында тұрады, әкем шағын шаруа қожалығымен айналысады. Анам ініме қарап үйде отыр. Себебі інім І топтағы мүгедек.

Өзім де шаңырақ құрғанмын, жарым Айдана екеуміздің Аяна есімді қызымыз бар. Бұйыртса, тағы сәби күтіп отырмыз. Ұрпағымның көп болғанын қалаймын.

– Ал күшті көшеде пайдаланған кездер болды ма?

– Соңғы рет 2012 жылы сондай жағдай болған. Жастықтың салдары ғой. Содан кейін мұндай әрекетке барған емеспін.

– Аралас жекпе-жекке қызығушылық артып келе жатқаны анық. Есімі көпшіліктің аузында жүретін спортшыларымыз да көбейіп келеді. Солармен қарым-қатынасыңыз қалай? Жастардың апасында қайсысын ерекшелеп айта аласыз?

– Бәрімен жақсы қарым-қатынастамыз, доспыз. Бірге шай ішеміз, әзілдесеміз.

Қазбек Сағын, Бағдат Жұбаныш екеуі Naiza-да төбелесіп жүр. Жасұлан Әкімжанов ­– өте талантты жігіт. Сәбит Жүсіпов өте еңбекқор, ал Мұратбек Қасымбайдың қайсарлығына тәнтімін. Негізі бізде мықты жастар көп, үздіктердің өзін шаң қаптыратындай шамасы да бар, тек әзірге сенімділік жетпейді. Әбден тәжірибе жинаған соң топта тұрған спортшылардың өзін ығыстыратын балаларды білемін. Жақын уақытта оған өздеріңіз де куә боласыздар деп ойлаймын.

Перизат Сәденова

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға