Жаңалықтар

ҚАРМАЛАУЫШТЫЛАР (Tentaculata)

ҚАРМАЛАУЫШТЫЛАР (Tentaculata) – омыртқасыз жануарлардың бір типі. Бұлар 3 класқа бөлінеді: форонидалар (Phoronіоdae), мшанкалар (Bryozoa) және иінаяқтылар (Brachіopoda).
31.08.2014 07:40 12378

ҚАРМАЛАУЫШТЫЛАР (Tentaculata) – омыртқасыз жануарлардың бір типі. Бұлар 3 класқа бөлінеді: форонидалар (Phoronіоdae), мшанкалар (Bryozoa) және иінаяқтылар (Brachіopoda). Қ-дың денесі анық бунақталмаған, үш бөлімнен құралады. Біріншісі ауыз қалақшасы (эпистом), кейбір түрлерінде редукцияланған (жойылған). Екіншісі кірпікшелі таға пішіндес қармалауыштармен қоршалған ауыз тесігі. Үшіншісі – кеуде бунағы. Форонидалар – теңізде, судың түбінде жеке тіршілік ететін жануарлар. 20-дай түрі белгілі. Дене тұрқы 0,6 см-ден 30 – 40 см-ге жетеді. Олар органик. заттардан құралған түтік ішінде өмір сүреді. Бүкіл денесі арқылы, әсіресе қармалауыштары арқылы тыныс алады. Суды қармалауыштарындағы кірпікшелер арқылы сүзіп бір клеткалы майда балдырлармен, қарапайымдармен, детритпен қоректенеді. Қан айналу жүйесі тұйық, арқа және құрсақ тамырларынан тұрады. Жүйке жүйесі қарапайым. Жыныс жүйесі – гермафродитті. Дамуы метаморфоз арқылы өтеді. Мшанкалардың 2 класс тармағына (жалаңаш ауыздылар және жабықауыздылар) жіктелетін 4 мың түрі белгілі. Теңізде, кейде тұщы су бөгендерінде, бекініп тіршілік етеді және жыныссыз көбеюінің нәтижесінде бұтақтарға ұқсас шоғырлар түзейді. Мшанкалардың тыныс алу, қан айналу және зәр шығару жүйелері болмайды. Жүйке жүйесі ауыз тесігі мен артқы ішектің арасында жатқан жалғыз түйіннен тұрады. Жыныс жүйесі – гермафродитті. Мшанкалар жынысты және жыныссыз жолмен көбейеді. Олардың дамуы метаморфоз арқылы жүреді, алдымен еркін жүзетін дернәсілі пайда болады, кейін дернәсіл судың түбіне түсіп бекінеді. Алғашқы дарабастан (особьтан) әрі қарай бүршіктенуінің арқасында біртіндеп бүтін шоғыр өсіп шығады. Иінаяқтылар – бекініп жеке тіршілік ететін кең таралған теңіз жануарлары. Қазіргі кезде 2 класс тармағына (құлыптылар және құлыпсыздар) бірігетін 280 түрі белгілі. Денесі, тақтажелбезекті моллюскілердегідей, қосжақтаулы бақалшақтың ішінде орналасады. Бақалшақпен судың түбіне, әдетте, сабақша арқылы бекиді. Аузы денесінің алдыңғы жағында, оның екі жағынан ширатылған екі ұзын өсіндісі – қорегін жинайтын қолы шығады. Онда екі қатар ұсақ тербелмелі қармалауыштар орналасқан. Жүйке жүйесі жұтқыншақ маңындағы жүйке сақинасынан тұрады. Тыныс алу мүшелерінің қызметін қолдары атқарады. Қан айналу жүйесі ашық, қарынының арқа жағында кішкене жиырылғыш қапшық – жүрегі орналасқан. Иінаяқтылардың көпшілігі дара жынысты. Іштей ұрықтанады, тек жынысты жолмен көбейеді. Ұсақ жәндіктермен және суда қалқып жүретін органик. түйіршіктермен қоректенеді. Иінаяқтылар – жойылып бара жатқан жануарлар. Палеозой тау жыныстарынан иінаяқтылардың 10 мың түрі табылған. Бұлардың палеонтология үшін маңызы зор. Қ-дың екінші кезектегі дене қуысының болуы және құрылысының күрделілігі буылтық құрттармен бір деңгейде тұрғандығын дәлелдейді.

Әдеб.: Жизнь животных. Под ред. Ю.И. Полянского, 2 изд., т. 1, М., 1987.

Б. Минсаринова

"Қазақ энциклопедиясы"

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға