Қариялар
Қарияларымыз өткен-кеткен тарихты жалықпай айтып беретін. 1929-1931 жылдары аяусыз елді қырғынға ұшыратқан коммунистердің имансыздығын жиіркене отырып əңгімелеп бергенде бізде оларға қарсы жеккөрінішті түйсік пайда болды. Сол жылдардағы қазақтың ұлттық дəстүріне сай үйлену тойдағы кешкі «ойын» деп аталатын ойын-сауық таңға дейін созылатын кездері аз болған жоқ. Біздің күтетін бар қызығымыз сол «ойын» кештері болатын. Онда үлкен-кіші, əйел-еркек бəрі жиналатын. Үлкендердің əңгімелерін марқұм Темірбай, Қожаназар, Зайыр, Ембергендер, қазір көзі тірі Жаңбыр, Қайырбай, кейінірек Шомақ ағаларымыз нақышына келтіріп жырлаған қазақ термелері мен қисса-дастандарын да рахаттана отырып тыңдайтынбыз. Олардың айтқан кең байтақ қазақ даласын, тамаша дəстүрі бар қазақ халқын қиял əлемімізде суреттеп өмір кешетін едік.
Кітап қадірін түсініп, кітапханаға аяғымыз тиген жылдары əу-баста кітаптардың ішінен қазақ туралы, Қазақстан жайын білуден басқа тақырыптар бізді онша қызықтырмай жүрді. Сонда кітапханаға жиі барып, энциклопедиядан қазақ жəне Қазақстан жайлы жазған қысқаша мəліметті ұдайы оқып, Қазақстан территориясын əлем картасынан көріп, байтақ жеріміз əлем елдері ішінде тоғызыншы орны бар ел екеніне мəз-мейрам болып, марқайып жүретін едік. Бұның бəрі арман қиялымыздың кеңістігін кеңейте берді. Қиялымыз шындыққа жанаса бергендей сезімге жақындай түсетінбіз.
Иранда бастауыш мектеп алты жыл, жалпы білім алу орта мектебі үш жыл, салалық мамандандырылған мектеп үш жыл болған. Он екі жылдық мамандандырылған мектепті парсы тілі мен əдебиеті бойынша тамамдадым. Мектепте де, жалпы білім беретін орта мектепте де қазақ елі деген қиялдан аспай жүрдік. Ал, маманданған орта мектепке келгенімізде ел бар екеніне көз жеткізген кезіміз болды. Олай дейтінім сəбидің дүниетанымының іргетасы отбасында қаланса да оны қоғамдық орта жетілдіруге үлкен ықпал жасайды екен. Өйткені сол жылдары бізге ұстаз болған Пəрвиз Резаи деген бойы ұзын, жүрісі ширақ, қалың қара мұрты мен қалың қара қасы, жайнаған жанары терең ойдың иесі, жүрегі мейірге толы жан екенін куəландырып, қара ұзын шашы артқа қайрылған күйінде өзіне ерекше көрік сыйлап əпсаналардың қаһармандарын бейнелеп тұрған жанды тағдыр ұстаз етіп бізге сыйға тартқандай еді. Ол отаншыл, зиялы ұстаз ретінде қазақ балаларына айрықша ілтипатпен қарап, бізді өзіне жақын тартып, атамекенге деген сағынышымызға құрметпен қарап, «отанды сүю əрбір азаматтың басты парызы, əрі отанды сүю əрбір азаматтың табиғи құқығы» деп түсіндіріп жүрді. Адам баласының ғашықтық обьектісін жан-жақты түсіндіретін. Маулана Жалаледдин Румидің Аллаға деген шексіз махаббатын талдап беретін. Əрбір адам өзінің тегін туған халқынан іздесе, сопылар өзін жаратқан жаратушыдан іздейді. Бұл көзқарасты Румидің «сыбызғы хикаясы» атты мəснəуи поэмасынан анық ұға аламыз. Түйіндеп айтқанда «сүйе білген адам, бақытты адам». Сол жылдары мені ерекше қуандыратыны қазақ елін армандап қияли əлемнің етегінде жүрсің дегендерге қарсы логикалық қорған тапқандай болдым. Сосын туған халқым қазақты қайдан іздеймін деген ойлар мені талай қызықты адамдарға жолықтырды. Өміржолымның бастаушысы болып тағы ұстазым һəм сырлас досым Пəрвиз Резаи болып келді. Сол мектепте оқып жүрген жылдары бір байқағанымыз, қазақ балалары қазақ тіліне парсы сөздерін қосып сөйлейтін болған. Біз ес білген жігіттер болып, бұл кемшілікті жою жолдарын іздестірдік. Сонда бұл іске мұрындық болған ағалы-інілі төрт жігіт еді. Төртеуінің кенжесі мен едім. Сосын Қажы, Хамит пен Ізжан болды. Төртеуіміздің келісіміміз бойынша «кімде кім сөз сөйлеген кезде парсы сөздерін қосар болса айыбын бəрімізді кинотеатрға апарумен төлеуге тиісті» болды. Бұл шара да сол уақытта қазақ балаларын қазақша барынша таза сөйлеуге итермеледі, əрі қазақ деген тегіне көңіл бөлуге септігін тигізді.