Жаңалықтар

Аристотельдің еңбектері мен көзқарастары

Аристотель еңбектері көзі тірісінде реттеліп жинақталмаған.
26.11.2015 12:22 99504

 Аристотельдің еңбектері мен көзқарастары

Аристотель еңбектері көзі тірісінде реттеліп жинақталмаған. Сондықтан оның шығармалары туралы ғылымда талас әлі тоқтаған жоқ. Неміс ғалымы В. Иегер Аристотель шығармаларын ғалымның дүниетаным эволюциясы негізінде жүйелеп шыққан.

Аристотель алғашқы кезеңде, яғни Платон дүниеден қайтқанға дейін оның шәкірті, ізін қуушы бола тұрып ұстазына қарсы шығады, оның идеялар туралы іліміне сын айтады. Осы тұжырымды негізге алып, Философия институтының ұжымы «Философиялық мұра» топтамасымен Аристотельдің төрт томдық шығармаларын жарыққа шығарды. 1-томға Аристотельдің екі еңбегі енген: «Метафизика» және «Жан туралы». Құрылымы жағынан «Метафизика» дербес он төрт кітаптан тұрады.

Кеңес дәуірінде метафизиканы түсінуде теріс көзқарастар орын алды. Философия тарихында метафизика – философияның бір түрі әрі философиялық тәсіл. Аристотель метафизиканы «алғашқы философия» деп те, «құдайлар туралы ілім» деп те, жай ғана «ақыл кітабы» деп те атаған. Қазір метафизика онтология (болмыс туралы ілім) деп аталады.

«Метафизикасында» Аристотель Платонның негізгі ілімі – идеялар туралы тұжырымын сынға алады. Платон осы тұжырымында болмыс пен ілім-білім үшін түсініктің мәні мен атқаратын рөлін анықтамақ болған. Бұл мәселеде ол Сократ ілімінің танымдық мәніне сүйенеді. Аристотель де дәл осы тақырыпты өз философиясының негізгі мәселесі етіп алған. Оның Платонмен келіспеушілігі, В. Асмустың көрсетуінше, мынадай төрт мәселеге қатысты: 1. Платон «идеялар болмыстан тыс субстанция» дейді, ал Аристотель бұған қарсы. 2. Платон идеялары сезу арқылы қабылданатын нәрселерге қатыссыз. Аристотель бұған да қарсы пікір білдірген. 3. Платонның идеясына орай сезу арқылы қабылданатын нәрселер туралы Аристотель өзінше пікір айтқан, олардың байланысын көрсеткен. 4. Аристотельдін айтуынша, Платон идеялары сезу арқылы қабылданатын нәрселердің пайда болуы мен жойылуына түсінік бермейді.

Аристотель субстанция элементтері «материя» және «форма» дейді. Материалдық әлемнің төрт бастауын атайды. Олар: материя, форма, козғалыс және оның себебі, өзгерістің жаратылыстық мәні мен мақсаты және оның жойылуы. Аристотель өзгеріс себебі қозғалыс деп танығанымен, бұл мәселенің мәнін толық аша алмаған. Тек «алғашқы қозғаушы», яғни санадан тыс кұдіретті күш бар деген түсінікте болған. Ол – кұдай. Сана – бақылаушы ғана.

Бірінші томға енген екінші жұмыс – «Жан туралы». Бұл – психология ғылымының бастауы болған тұңғыш еңбек. Аристотельдің айтуынша, жан – тәннің өмір сүру себебі жөне негізі. Оның жан туралы айтқан көптеген пікірлері күні бүгінге дейін өз құндылығьн жойған жоқ.

Екінші томға Аристотельдің «Ұғымдар, «Герменевтика», бірінші және екінші «Аналитика», «Топика» және «Софизмдік (грек, ойдан шығарылған деген ұғымды білдіреді) терістеулер  туралы» еңбектері енген. Бұл еңбектерде Аристотель жана білім саласы логиканың негізін салған.

Үшінші том «Физика», «Аспан туралы», «Пайда болу және жойылу»,   «Метеорология» деген еңбектерінен тұрады. Бұл еңбектер жаратылыстың басталуын зерттеуге, яғни қазіргі физика, астрономия, химия, метеорология және геология ғылымдарына негіз болып қаланды.

Төртінші томға «Никомахтың этикасы», «Үлкен этика», «Саясат», «Поэтика» деген  еңбектері енген. Алғашқы екі шығармада мораль мәселелері қарастырылады. Никомах – Аристотельдің не әкесі, не баласы. Екеуінің де есімдері Никомах болған. Зерттеушілердің айтуына қарағанда, Никомах (баласы) Аристотель дүниеден өткен соң, оның мұрасын жинап кітап етеді. Содан ол кітап «Никомахтың этикасы» деп аталып кеткен. Жалпы этика Аристотельдің білімдер жіктеу жүйесінде көрнекті орын алған. Ол ғылымдарды үлкен үш топқа бөлді: теориялық, практикалық және шығармашылық ғылым. Біріншісіне философия, математика және физиканы, екіншісіне этика мен саясатты, ал үшіншісіне өнер, қолөнер және тұрмысқа тікелей қатысты ғылым түрлерін жатқызды. Этикаға байланысты әділеттілік пен әділетсіздік туралы құнды пікірлер айтқан. Ол әділеттілікті «табиғи» және «заңмен бекітілген» деп екіге бөледі. «Саясат» деген еңбегінде мемлекет мәселелеріне тоқталған. Платонның «Мемлекет» пен «Заңдарында» айтылған ойлар Аристотельдің «Саясатында» да кездеседі. Бірақ мұнда утопиялық сарын жоқ. Ол мемлекеттік кұрылымның алты түрін атап, оларды екі топқа бөледі. Алғашқы үшеуін дұрыс, ал кейінгі үшеуін қате құрылым ретінде көрсетеді. Аристотельдің айтуынша, дұрыс кұрылымдар: патшалық билік, аристократия, полития, теріс кұрылымдар: – тирания, олигархия, демократия. Патшалық билік бір адамның билігі болғанымен халыктық мүддеге қызмет етеді; тирания да бір адамның билігі, бірақ мұнда жеке адам мүддесі ғана есепке алынады. Аристократия – аз адамдар билігі, әйтсе де бұлар бүкіл кауым қамын ойлайтын ізгі жандар; олигархия да – аз адамдар билігі, бірақ ол ел мүддесі үшін емес, ат төбеліндей ауқаттылар мүддесі үшін кұрылған топ.   


Дәурен Омаров

Ұқсас мақалалар:

Аристотельдің дұрыс және бұрыс мемлекеттері

Адамзаттың ең үздік ойлары: Аристотель

Аристотель

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға