Жаңалықтар

Арғымақ мінген Әйгерім

Атбегі Ғұмарова Әйгерім Ғабділмақатқызымен сұхбат
Арғымақ мінген Әйгерім
10.10.2018 15:18 13173

Ғылым мен техниканың прогресі қазіргі адамды таң қалу мүмкіндігінен айырған сияқты. Бұрындары айда тіршілік бар ма десек, бүгінде SpaceX басшысы Илон Маск айға турист ретінде кімді жібереді екен дейміз. Бұрындары еркек пен әйел кәсіптерінің ара-жігі болса, бүгінде таза ерлер мамандығын қыз-келіншектер де игеріп алған. Әйел таксист, шахтер келіншек, жауынгер ару қарапайым жағдайға айналды. Ел аузындағы әңгімеге құлақ түрсе, қыз-келіншектер араласпаған бір ғана спорт түрі  қалыпты. Ол – көкпар. «Көкпардан қыздар командасы бар екен» дегенді әзірге естігеніміз жоқ. Бірақ, ертеректе ер-азаматтың тақымындағы серкені жұлып алған аналарымыз да болған деседі.

Бүгінде ұлттық спортымыздың маңайында алты Алашқа атағы жайылған әпке-қарындастарымыз жеткілікті. Қарағанды облысы, Шет ауданындағы Мақпал Әбдіразақова, Моңғолиялық қандасымыз, бүркітші Айшолпан Нұрғайыпқызы бұл сөзіміздің дәлелі.

Бала кезімде атамның атына мінгесіп, үлкендердің ауызашар, тарауығынан қалмайтынмын. Сондай отырыстардың бірінде атам өзі қатарлас бір қариямен әлденеге дауласып қалды. Сөздеріне құлақ салсам қайсыбір жылы  шопандар тойында атқа шапқан қыз бала жайлы дауласып отыр. Атам:

- Ол қыз тірі. Қазір кәдімгідей кемпір болған. Ауданның басында менің немере інімнің үйінің артында тұрады, - деп өзеурейді.

- Әй, Төлеухан! Ол қыз бертін келе қайтыс болған. Босқа дауласпа, - деп қалыспайды екінші шал.

- Сол шабандоз қыз өлген болса мен мына тарауыққа мініп келіп жүрген «Мысық қарамды» сенің босағаңа байлаймын.

- Егер, сол қыз тірі болса мен саған мына қасқа атымды беремін.

Екеуі топ шалдың арасында отырып шарт-шұрт қол алысты. Ертесіне екеуі бір-бір куәсін ертіп, аудан басына барып, әлгі кемпірдің бұл дүниеде бар-жоғына көз жеткізіп қайтатын болып тарқады.

Менің қорқынышым басқада. Баяғы қыздың, бүгінгі кемпірдің өлі-тірісінде шаруам жоқ. Маңайдағы бәйгелерде жүлделі орын алып жүрген «Мысық қарамыздан» айрыламыз-ау деген үрей басым. Себебі, атамның әлдебір даталарға келгенде ұмытшақтығын жақсы білемін. Мұндайға әжем ұқыпты еді. «Бұл 1968 жыл ғой. Мешін жылы. Ол кезде біз Сарысудың бойындағы базда қой бағатынбыз» деп алдыңызға дерегі мен дәйегін қатар жайып салғанда бұлтара алмай қалар едіңіз. Содан не керек. Үйге барысымен мән-жайды әжеме айттым. «Осылай да осылай. Атам «Мысық қараны» бәске тігіп жіберді. Ертең сол кемпірді іздеп бармақшы. Сіз ол кісіні танисыз ба?» деймін ғой. «Ол қыз тірі. Менің аудандағы қайнымның үйінің артында тұратыны да рас» деген кездегі қуанышымды сезсеңіз ғой. Сөйтіп, келесі тарауыққа барғанымызда бұл бәсте атамның жеңгені жарияланды. Өз атамды мақтағаным емес. Менің атам даланың дархан шалдарының бірі еді. Қаймана қазаққа қой сойып, ат мінгізіп жіберетін мәрттігі де бар еді. Сол мәрттігін бұл жолы да көрсетті. Бәстескен қарияның атын екінші қайтара сұрамады. Ол кісі де біздің босағаға атын әкеліп байламады. Егер, атам ұтылып қалса сол күні «Мысық қараны» жайдақ мінгізіп атымызды бәсте жеңген ақсақалдың үйіне байлар едік. Сол бәсте менің атам ұтылып қалып, атты сол күні жеткізбесек ана қария бір баласын біздің үйге қолына жүген ұстатып жіберер ме еді кім білсін...

Жә, әрнені айтып кеттім-ау. Әңгіменің тиегі шабандоз қыз дегеннен шықты ғой. Қыз-келіншектердің көлік мінгеніне көз жұма қарайтын заманда, арғымақты ауыздықтаған қарындастарымыз көп емес. Соның бірі Ақ Жайықтың атбегі қызы, Сырым ауданы, Аралтөбе ауылының тумасы, Орал қаласындағы Махамбет Өтемісұлы атындағы Мемлекеттік Университеттің «Дене шынықтыру және спорт мамандығы» факультетінің 2-курс студенті  Ғұмарова Әйгерім Ғабділмақатқызымен сұхбатымды ұсынамын.

- Әйгерім, жылқыға деген құмарлығыңыз қашан пайда болды?

- Мені алғаш атқа мінгізіп үйреткен адам – әкем. Төрт жасымнан бастап атқа міне бастаған екенмін. Әрине, ол кездерде жуас аттарға міндім ғой. Әуелі, үлкен адамдардың алдына отырып, келе-келе ердің басынан ұстап, жетекте жүрген атқа отырғаныма мәз болған да шығармын. Жеті жасымнан бастап асау аттарға да міне бастадым. Әудем жердегі малды қайырып келу, атқа міне сала екі-үш шақырым шауып келу мен үшін бұл жасымда үйреншікті дүниеге айналды.

- Шабандоз ретінде атқа қанша жасыңыздан бастап шаптыңыз?

- Мен қаршадайымнан ат жалына жармасып өскен қызбын. Ал, бәйгеге шабу бақыты тек он бір жасымда бұйырған екен. Сол жасымнан басталған шабандоздық ғұмырым он жеті жасыма дейін жалғасты. Қазіргі таңда атбегілік қырымды дамытып жүрмін.

- «Ат шаппайды бап шабады. Бап шаппайды бақ шабады» деп өскен қазақпыз. Қазіргі таңда жүйріктің арғы тегіне, қанына қарайтын болдық. Қазір бап пен бақты ысырмаса да солардың  қатарында қанның да шауып жүргенін көріп жүрміз. Сіздің бұл жайлы ойыңыз қандай?

- Біздің Оралда ат спорты кенжелеп қалған десем ешкім маған ренжи қоймас. Атадан балаға мирас болып қалатын бұл өнерді енді-енді қолға алып, көңіл бөліп жатырмыз. Біздің аймақта көбіне көршілес Ресей жақтан дайын атты әкеліп, бәйгеге қоса салу сән болып тұр. Яғни, қолтума жылқыларға көңіл аз бөлінеді. Биеге айғыр салып, одан жүйрік құлын туғызып, мәпелеп жүргенше Ресейде шауып жүрген аттарды әкеліп, қызығын бірден көргенім дұрыс деп есептейтін жандар көп болып тұр.

- Жүйрік айғырдың тұқымын сату бизнесі қазір дамып тұр. Жалпы, ат жүгіртіп, құс салмай-ақ өзін осы салада басқа қырынан танытып жүргендер жетерлік. Бұл жайында не айтар едіңіз?

- Жалпы, атты бәйгеге дейін жарату, оны жарыс барысында тамашалау кезінің өз ләззаты бар ғой. Қазір жүйрік жылқыны сатуды бизнес қылып алғандар бар. Оларға жоғарыда мен суреттеп кеткен дүниелер қызық емес.  Бір жерде сұмдық жүйрік айғыр бар десе сатып әкеліп, оның тұқымдары арқылы салған ақшаларын он есе артығымен қайтарып алатын азаматтар бар. Жүйрік жылқыны осындай бизнеске айналдырып жібергендеріне менің ішім ашиды.

- Қанша жасыңыздан бастап бәйгеге ат қоса бастадыңыз?

- Мен өзім он бір жасымнан он жетіме дейін атқа шаптым. Сол шабандоз кезімнен бастап, атты қалай баптау керек, бәйге алдында не істеу қажеттілігін мұқият зерделеп, бойыма сіңіре бастадым. Атбегілікті он жеті жасымда қолға ала бастадым. Қазір өзім ешкімнің нұсқау-кеңесінсіз «Хантөре» атты тұлпарымды дайындап жүрмін. Биылдыққа үш жарысқа қостым. Ең бірінші рет Қаратөбе ауданының 90 жылдығына арналған бәйгеге жаратып қостым. Бұл аламанда 36 жүйрік бақ сынады. Менің «Хантөрем» бұл жолы төртінші орынды иемденді. Екінші қатысқан бәйгеміз Ақ Жайық ауданы, Жамбыл ауылында өткен, екінші дүниежүзілік соғыста ерлікпен қаза тапқан, қаһарман ақын Абдолла Жұмағалиевтің  туғанына 100 жыл толуына орай ұйымдастырылған той еді. Бұл астың  «Тоқ бәйгесінде»  менің атымның алдына түсер тұлпар болмады. Осылайша мен атбегі, бапкер ретіндегі алғашқы ірі жеңісіме қол жеткіздім. Осы жақында Сырым ауданы, Бұлдыртты ауылында өткен «Алашорданың 100 жылдығына» арналған бәйгеде тағы да алдына қара салмай бірінші орынды иемденді.  Бұрын шабандоз қыз ретінде танылсам, енді маңайыма  атбегі қыз ретінде таныла бастадым.

- Қазіргі күні атқа мінетін бала азайып кетті. Баяғыда қыс түссе болды бала біткен жабағы мінуге асығушы еді. Шабандоз мәселесін қалай шешіп отырсыз?

- Рас айтасыз. «Ата-бабамыз алты күн аттан түспей, күн астына жортқан екен» деп кеуде соғып мақтанамыз. Қазір ауылдарда атқа шабатын бала шынымен де азайды. Бұның себебі неде екенін біле алмадым. Бәлкім, әр үй бір-екі баламен шектеліп, көзінің ағы мен қарасындай жалғыз ұлдары мен жалғыз қыздарының басын бәйгеге тіккісі келмегендіктен болар... Бұл мен үшін жұмбақ дүние. Ауылда шабандоз мүлдем жоқ. Басқа атбегілердің шабандоздарын сұрап, қолқа салып шаптырып жүрміз. Ауылымдағы балаларды атқа үйретейін деп шақырып та көрдім. Кейбіреулері тіпті қызықпайды, бірен-саран баланың ептеген қызығушылығы бар. Бірақ, шабандоз бала атты сезіне алатын, тақымымен-ақ атқа ықпал жасап, өзінің не қалайтынын сездіре алатын зерек болуы шарт. Шабандоз болғысы келетін, ниеті бар балаларды шақырсаң ата-аналары рұқсатын бермей қалады. Мінекей, осындай мәселелерді шиырлап жүріп жатырмыз.

- Қазіргі таза қанды жылқылар ерекше күтімді талап етеді. Жылқы күтімі жайлы айта кетсеңіз?

- Баяғы қазақы жылқылар көп күтімді талап етпейтін. Қысы-жазы далада жайылушы еді ғой жарықтықтар. Атты бәйгеге қосамын-ау деген кезде ұстап әкеліп, бір айдай дайындап, жарыстың ертеңіне далаға қоя беретінбіз. Қазіргі аттарға ондайды жасай алмайсыз. Таза қанды жылқылар ешқандай тәжірибені көтермейді. Бұларды кәдімгі жас баланы баққандай мәпелеп бағып, ас-суын аузына тосып отырасыз. Бұл жүйріктер тұрақты түрде дәрумендер қабылдап отырады. Таза қандылардың ең әлсіз жері аяқтары. Аяқтан тез қалады. Бұл жылқылар қысы-жазы қолда болады. Біздің халық жылқы малын ақылды жануар деп бағалайды ғой. Таза қанды жылқылардың жүйріктігі болмаса түйсік жағынан біздің қазақы жылқыларға жетпейді. Терісі мен түгі де біздің жылқыларға қарағанда жұқа.

- Ат жарату бір басқа, жылқыны бітіміне, сүйегіне қарап тану бір басқа дүние. Жүйрікті қалай таңдайсыз?

- Сатылымға шыққан аттар жайлы мәліметтерді интернеттен қараймын. Нақты қызықсам, жаныма Оралдағы атбегі ағаларды ертіп алып, жылқыны көріп келемін. Баяғы қазақы аттарды дайындаған үлкен кісілердің де кеңесіне жүгінемін.

- Атбегі ретінде алған бәйгелеріңізді естідік. Шабандоз ретінде алған жүлделерің, шапқан бәйгелерің есіңде ме?

- Қаратөбе ауданы, Саралжын ауылында өткен бәйгеде «Град» есімді жануарға шапқан едім. Мен ол кезде небары он бір жастамын. Жануар таза қанды ағылшын жылқысы болатын. Сол жолы мен төртінші орынды иемдендім. Одан кейін «Айқара» атты қазақы жылқымен Бұлдыртты ауылында екінші болып келген едім.  Ең алғашқы жүлдеге іліккен ұтысым сол болатын. Бас-аяғы жиырма шақты бәйгеге қатысыппын. Соның он бес шақтысында жүлдеге ілігіппін. Жүлденің үлкен-кішісі болмайды ғой. Әр бәйгеде жүлделі орынға іліккен кездегі сезімдерді бастан кешпей түсіну мүмкін емес. Мен негізі көбіне Ақтөбе жақтың атбегілерінің атына шапқан екенмін.

- Әр салада адамға жол көрсететін ұстаздары болады. Өзіңе осы жолда көмек қолын созған, үлгі тұтатын атбегілеріңіз кім?

- Әрине, «Ұстазсыз шәкірт тұл» деген қанатты сөз бекер айтылмаған ғой. Менің де ұстаз тұтар, өзіме атбегілік өнердегі үлгі етер ағаларым бар. Мақсат Тукенов, Атабаев Қайырбай және Қобылан Таңатаров сынды ағаларымды айрықша атап айтқым келеді. Маған қыз бала ретінде қарамай, өздерімен тең дәрежеде сөйлесіп, білгенін үйретуден жалыққан емес. Жалпы, осындай елгезек ағаларымның барына қуанамын.

- Ат жарысы да спорттың бір түрі ғой. Спорт бар жерде тәуекел бар. Сіздердің бұл спорттарыңызда қандай тәуекелдер бар?

- Дұрыс айтасыз. Біздің бұл спортымызда басқа спорт түрлеріндегідей тәуекел бар. Тәуекелдің жоғары не төмен пайызы мынанша деп санмен жауап бере алмаймын. Жазым деген сөз бар ғой қазақта. Мысалы, бәйгенің басынан аяғына дейін алдына қара салмай, оқ бойы озып келе жататын жүйріктер мәреге  100 қадамдай қалған кезде сүрініп, ақыр аяғында еш бәйгеге ілікпей қалатын кездері болады. Мәселен, сіз атыңызды қоңын қыстай даярлап, жаз шыға осының қызығын көремін деп жүресіз. Ал, ол атыңыздың бірінші бәйгеде мертігіп қалу қауіпі бар. Бұл жерде аттың алған жарақатына да көп дүние байланысты. Кей жағдайларда жүйрікті ішіңіз қанша ашып тұрса да сойып, етін жұртқа таратып беруге тура келеді. Бұндай дүние өз басымнан өтіп көрген жоқ. Дегенмен, осындай тәуекелдердің бары рас. Ат спорты меніңше қауіпті спорт түріне жатады. Осы қауіптілігінен болар бастапқыда анам менің шабандоз болуыма қарсы болды. Кейін менің жылқыға деген құштарлығымның басылмайтынына көзі жеткеннен соң үйде тілеуімді тілеп отыратын болды.

Егер, жүйрігіңіз айғыр болса және аяғынан қалса кішкене де болса алданыш табуға болады. Себебі, атағы шыққан айғырдың тұқымын алып қалғысы келетін қызығушылар жетерлік. Айғырыңызды осындай мақсаттарға бұрып жібересіз ондайда. Бағана айтып өткеніміздей бұл бизнес тұрғысындағы дүние. Ал, жүйрігіңіз байтал немесе жас бие болса қаны таза айғырға салып, одан тамаша құлын түсіріп алуыңызға болады. Әрине, жүйрігіңізді аламанға қосып, делебеңізді қоздырып қиқулап отырғанға не жетсін.

- Алдыңызға қойған мақсатыңыз?

- Бағана сөз басында айтып өттім ғой. Біздің Оралда бұл спорт түрі кенжелеп қалған. Болашақта осы олқылықтың орнын толтырғым келеді. Спортшылар әлем чемпионы немесе Олимпиада чемпионы болғысы келеді ғой. Ал, біздің елдегі ат спортында әзірге ең тұғыры биік бәсеке «Алтын тұлпар» болып тұр. Осы сайысты ұтып алып, ол жақта да жылқы сүйер қауымның бар екендігін жұртқа паш еткім келеді.

- Рахмет, Әйгерім! Жүйріктерің сөреден мәреге желдей есіп аман-есен жете берсін. Тұлпарларыңның тұяғы мұқалмасын және  тұғыры биік болсын!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға