Жаңалықтар

Ардың жүгін арқалаған азамат

Қоғам қайраткері, ақын, жазушы, журналист әрі сазгер Әкім Ысқақпен сұхбат
Ардың жүгін арқалаған азамат
13.08.2020 16:18 7747

Әмбебап тұлға, майталман қайраткер асыл сөзден өлең өріп, әдебиет әлеміне құлаш сермеген ақын, ән қанатында қалықтап халқына талай сазды әуен сыйлаған сазгер Әкім Ысқақтың кітаптары барша оқырман қауымға таныс. Оның шығармашылығының жастарға берер тәлім-тәрбиесі мол.

Ардың жүгін арқалаған азамат

Ақынның ізгілік пен мейірімділіктің, жылы лебіздің белгісіндей болған өмірлік құндылықтар тақырыбындағы «Алтыным» еңбегі оқыған жанның жүрегіне ерекше бір жылулық сезімін орнатады. Тағылымды сөз айтқан даналарымыз: «Бір ауыз сөз жазады, мың көңілдің жарасын, бір тәуекел бұзады, мың қайғының наласын» дегендей ақынның мейірімге толы жылы сөзі қаншама оқырманның көңілінен шығып, жүрегінен орын алып жүр. Сол жинақтағы «Алтыным» деп басталатын әрбір ой-ұшқындары көңіл отын тұтандырып, өмірге деген құштарлықты оятады. Жабырқау жандардың көңілдеріне медет болып, үзілген үміттерді жалғап, жүректеріне мейірім ұялатады. Тек бұл ғана емес, «Бір физиктің махаббаты» деген сатиралық өлеңі қандай нәрсе болмасын махаббат болмаса, адам еш нәрсеге жете алмайтындығын дәлелдей отырып, оқырман қауымның жанын тебіренте түседі. Ардың жүгін арқалаған азаматтың асқаралы 60 жас мерейтойы қарсаңында ақынмен сұхбаттасуды жөн санадық.

Жүректегі жазулар

Әкім Ысқақ – Түркістан облысының киелі жері Ордабасы ауданындағы Бөржар ауылының перзенті. Арыс өзенінің алабындағы Бөржар өзенінің жағалауында сазгердің балалық шағы өткен.

Ардың жүгін арқалаған азамат

– Адамың туған жері кіндігімен мәңгілікке байланған. Менің туған ауылым – Ұялыжар. Халық арасында бұл жерді қасқырлар жайлаған мекен болған деп айтып жатады. Ну орман-тоғай жерге ата-бабаларымыз көшіп келген болуы керек. Мен әкем анам екеуі шаңырақ көтергеннен соң алты жылдан кейін дүниеге келгенмін. Атам мен әжемнің қолында еркелеп өстім. Туған әкемді көке деп атадым. Анам жарықтық атымды атай алмай кетті. «Үлкен бала», «Мырза аға» деп жүрді. Мен 8-сыныпта оқып жүргенімде атам қайтыс болды. Сол жылы комсомолға (советтік дәуірдегі жастар ұйымына) өттім. Оған дейін менің фамилиям Сұлтанұлы еді. Үйге өкіріп жылап апама мені көкемнің баласы деп жазып қойыпты деп келгенім бар. Әжемнің сол кезде күлімсіреп айтқан сөзі мәңгілікке жадымда сақталып қойыпты. Апам: «Айналайын, қайдағы бір қатырма қағазға мән берме, ең үлкен жазу ол жүректегі жазу, – деді. Егер жүректегі жазуыңа адал болсаң, елдің адамы боласың. Халық та сені құрметтейді», – деген еді. Сонда қарап отырсаңыз бұрынғы кісілердің барлығының сөзі философияға толы. Сондықтан туған жердің, ата-ананың, ата-әженің қадірін білу керек деп есептеймін, – дейді Әкім Ысқақ.

«Біз –  ұстаздар әулетіненбіз»

Әкім Ысқақ – Қазақстанға белгілі ұстаздар әулетінен шыққан. Атасы – Түркістан облысына белгілі білім мен ағарту саласының қайраткері, «Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі» атанған кісі. 1940 жылы Түркістан облысы Бөріжар елді-мекенінде мектеп салдырып, сол мектепті соғысқа дейін және соғыстан кейін жиырма жыл басқарған.

Ардың жүгін арқалаған азамат

– Атам – Оңтүстік өлкесінде бірнеше жерде мектептер салғызған азамат. Сол мектептердің бірі бүгінде менің туған ауылым Бөріжардағы Абай атындағы орта мектеп. Атамыз  Абайдың өлеңдерін, қарасөздерін жатқа оқып, оның даналығына бас иген. Бұл әйгілі «Абай жолы» кітабы шықпай тұрған кез. Сондықтан да кейбіреулердің қарсылығына қарамай, аудан бекітпегеніне мойынсұнбай облыс басшыларына барып, ақынның өлеңдерін жатқа оқып, есімін мектепке алып берген. Еліміздегі хәкім есімін иеленген алғашқы мектепті атам Кеңестер одағына, Мәскеуге танытты. Содан кейінгі ата жолын қуған әкем Абай атындағы мектепті 30 жыл басқарды. Атам географиядан, әкем химиядан сабақ берді. Құдайдың құдіреті, құтты жолмен мен де сол мектепте физика, астрономия және еңбек пәндерінен он жыл сабақ бердім. Ендігі жұрттың барлығының күткені сол мектептің директоры мен болуым керек деп ойлады. Келген кісілер болашақ директор араларыңда дейтін. Бірақ мен басшы болуға ешуақытта ұмтылған емеспін. Менің бала күнімде атам ота жасатуға кетіп бара жатқан кезде, кім болғың келеді деп сұрағаны бар еді. Іштегі бір арманым журналист болу еді. Бірақ барлық оқушы бала күнінде журнал мен күнделікке баға қойып, балаларға білім беріп, мұғалім болуды армандайтыны сияқты, менің де ұстаз болғым келетіндін атама айттым. «Айналайын, менің жолымды жалғайтын адам бар екен...» деп атам маңдайымнан ерекше құштарлықпен иіскеді. Сол жолы дүниеден өтіп кетті. Артында мол мұра қалды. «Адам деген не қажет, Жақсылыққа жетпесе, Ғибрат, тағлым сездіртіп, Жан жылуын сеппесе» деген өлеңдерін ұрпақтары жатқа айтып жүр. Ұстаз болып жұмыс істеуім атамның маған артқан үміті мен сенімін, аманатын ақтау еді. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» демекші, сол мұғалімдік біздің ұрпақ арасында әлі күнге дейін жалғасып келеді. Бір әулеттен 20 мұғалім шықты, – дейді ақын.

Ардың жүгін арқалаған азамат

Ал Әкім Ысқақтың журналистикаға келіп, Халықаралық Журналистер Одағының мүшесі атануына бірден-бір себепкер болған адам - жазушы, журналист және аудармашы Мархабат Байғұт екен. 

– Бірінші курстан бастап, «Оңтүстік Қазақстан», «Лениншіл жас», «Қазақстан пионеріне» сан алуан тақырыпта мақалалар жазып жүрдім. Түске дейін сабақ оқысам, түстен кейін «Оңтүстік Қазақстан» газетінде әдебиет, мәдениет және тұрмыс бөлімінің меңгерушісі Мархабат Байғұттың академиясынан өттім. Ол кісі қарапайым болғанымен, өте талапшыл кісі болатын. Көзі тірі классик бүгінде Шымкентте, елде тұрады. Сол кісі мені шыңдады. Ұстазым Мархабат Байғұт ағаның мектебінен өтіп, түрлі байқауларда жеңіске жетіп, журналистика саласындағы сыйлықтарды да алдым. Осылайша іштегі бір бала арманым орындалды, – дейді қоғам қайраткері Әкім Ысқақ.

Әкім Ысқақ Парламент Мәжілісінің депутаты болып сайланған тұста тұңғыш қазақ тілінде қабылданған «Халықтың көші-қоны туралы» заңының авторы атанды. Парламентте ең ұзақ талқыланған заң жобасы ретінде тарихта қалған бұл заң аясында еліміздегі көші-қон саласы бір жүйеге келтірілді.

Өлең – өмірдің үзіліп түскен мөлдір тамшысы

Ауылда өскен ақын алғашқы өлең жолдарын 10 жасында шығарыпты. Балалармен асыр салып ойнап, қозы жайып жүріп қошақандарға алғашқы шумақтарын арнаған екен.

– Атамыз жарықтық көптеген жылдар бойы ұстаздардың ұстазы атанып, өмірлік мәні бар афоризмдер жазып кеткен екен. Сол жазбаларында «Айналайын, ұрпақтарым, аталарың арнайы жазып кетті деп осы өсиеттерді көкейлеріңе түйіп жүрсеңдер және кейінгі ұрпақтарға жеткізе берсеңдер мен ризамын» – деп жазыпты. «Е, балам, саған артылар жүк ауыр. Неге маған ауыр жүк артып жатыр деп сөкпе. Біле білсең, адам боп өмір сүрудің өзі – қаншама жүкті арқалауға тура келеді. Өмір жүгі – қап арқалағаннан ауыр. Осының байыбын бағамда, тереңіне мән бер», – деп атам жазып кеткен. Ойланып қарасаңыз, адамға ой салады. Сондай ой айту, нақыл сөздер жазу маған атамнан берілген деп білемін. Әжем өте мейірімді әрі кішіпейіл жан еді. Біздерге ертегілер, аңыз-әңгімелер және өмірде болған оқиғаларды айтып беретін,– деді Әкім Ысқақ.

Ардың жүгін арқалаған азамат

Бүгінде жазушы ата ізіменен түрлі тақырыпта қалам тербеп, ой толғамдарын жазып жүр. Соның ішінде философиялық тәлім-тәрбиеге толы «Жүректегі жазулар», «Адам іздеп жүрмін» эссе кітаптары, «Ой-шырағдан», «Алтыным» атты қанатты сөздер, «Көңіл қымбат», «Досыма» атты ән альбомдары мен балаларға арналған лирикалық және сатиралық өлеңдер жинақтары да бар.

– Өмірдің әр күні әр түрлі. Бір күн шуақты, бір күн ызғарлы. Шуақты күнге жылынасың. Ызғарлы күннен тоңасың. Адам біткеннің ойлайтыны – суыққа тоңбау, жылылыққа бойын жақынырақ ұстау. Өзі ғана емес, ұрпағына да соны тілейді. Өйткені, жылылықты сезінген, шапағатты ұғынған сайын адам Адам бола бастайды. Бәлкім, адам біткеннің бір бақыты осында жатқан шығар.Адам – тал бесік пен жер бесіктің арасындағы жолаушы. Кемшіліксіз адам жоқ. Сүрінген тұрып кеткісі келеді. Құлап жатқан жан ғана жүргеннің қадірін біледі, – деді ақын.

   Ең бай әке

Әкім Ысқақ тек қоғам қайраткері ғана емес. Ол – адал жар, қамқор әке және мейірімді ата. Сонымен бірге әмбебап тұлға өз өмір жолында шәкірт тәрбиелеумен, тілеулестерінің басын қосумен, кітап сыйлап, кездесу өткізумен келеді.

Ардың жүгін арқалаған азамат 

– Биіктікке ұмтылмаған, өзін құрметтемеген өкпе-реніштің аясында өмір сүреді. Барлық өкпелерден құтылу – кешіре білу. Жамандықтың ең зоры – өзін зор тұтып, өзгелерді менсінбеу. Жұлдызды аурумен ауырған жан – нағыз бейшара. Мақсатың болмаса, жолыңды тұман шалғаны, талабың болмаса, тауды да көре алмайсың. Өмірде байлық көп қой. Ең үлкен байлық – адамдық байлық дер едім. Шынында шәкірттерге бай адаммын. Рухани балаларымның бәрі талантты десем, артық айтқандық емес. Кейбіреулері «әке» деп еркелеп тұрады. Сүп-сүйкімді Бекзат Ахметов деген балам бар. Сайрамға кітапханаға барған кезде тапқан болатынмын. Әке мен бала арасындағы ізгілікті байланыс қалыптасқан. Қолымнан келгенше бәріне уақыт бөлуге тырысамын. Сол Бекзат жақында үйленді. Содан кейін Ерқасым деген балам бар. Оны 6-сыныптан бастап білемін. Ерқасым мектеп қабырғасында жүріп, менің 25 өлеңімді оқып, бас жүлдені жеңіп алған бала. Сол рухани балам үйленген. Биыл немерелі болдық. Тағы бір Берік Бейсенбай деген оқушы кезінен бір құдай табыстырған балам бар. Өзі сондай талантты, керемет әнші, ұйымдастырушы және спектакльде де ойнайды. Балалар үйіндегі мектеп оқушысы кезінен құдай жолықтырған Арайлым Мұраталиева деген ақын қызым бар. Бүгінде көп адамдар біледі. Қазіргі кезде жыр-жинақтарға өлеңдері жарияланып жүр. Жастар орталығында жұмыс істеп жатыр. Бұл тізімді Абай, Мейіржан, Балғын, Дәулетхан, Айбек, Рахат деп ары қарай жалғастыра беруіме болады. Әрқайсысы туралы бір сағат әңгіме айта аламын. Дүниеннің көркі – адам. Оны қуанта білу, түсіне білу – ең үлкен бақыт дер едім. Өмірде адамға сеніммен, құрметпен қарасаң, әлем сұлулана бастайды. Менің шәкірттерім – менің сұлулық әлемім. Ең керемет адам – адамдарды жақсы көретін адам, – деп әңгімесін аяқтады ақын.

Сөз соңына алпыстың асқарына жеткен ардақты азаматқа зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілейміз. Ақынның әрқашан беделі биік, мерейі үстем болсын! Шығармашылығыңыз одан әрі өрлеп, оқырман қауымды қуанта беріңіз! Жазарыңыз таусылмасын!

Бөлісу:
(Суреттер: Бауыржан Жуасбаевтікі) Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға