Арда
Арда – жылқы төлінің енесін екі жаз бойы еміп, бұла өсу үрдісінің атауы. Арданың қысыр ему деп аталатын түрі де болды. Яғни қысыр қалған биені тайдың екі жасқа дейін емуі де арда емді деп аталады. Демек, арда ему уызға жарыған, тойынып бұла өскен, қыста емуін тоқтатпай, келер жазға дейін енесін емген деген ұғым тек жылқы төліне қатысты айтылады. Кейбір кезде, биені әдейілеп іш тастатып, үлкен төлін арда емізетін болған. Бұл айғыр қоюға лайықты болар деп таңдалған жылқы төліне байланысты жасалатын шара (қ. Айғыр қою). Арда емудің тағы да бір түрі бар. Қазақы дәстүрлі түсінік бойынша, биелерді тек қана тақ саны принципі бойынша байлайды. Сондықтан, тақ санды байланған биелердің сыртындағы біреуі, әдетте, соңғы құлындағаны, байланбағандықтан, оның құлыны арда емуге көшеді (мысалы, үйірдегі он құлынды биенің тек тоғызы ғана байлауға түскендіктен, «артық қалған» биенің құлыны А. емеді деген сияқты). Осы құбылыс сиыр, қой мен ешкі малдарында да кездескенімен, оны қысыр емген деп қана атайды. Әлбетте, көшпелі мал шаруашылығында енесі іш алған соң, төлді енесінен ажыратады. Ал, қоңыр күзде кенже қалған төл қысыр қалған енесін емуін келер жазға дейін үзбей жалғастыра береді.
Әдеб.: Арғынбаев Х. Қазақтың мал шаруашылығы туралы этнографиялық очерк. Алматы: Ғылым, 1969.
Арда емген тай сою/ жабағы сою – қазақы ортада сыйлы қонаққа (қонақтарға) деген айырықша құрметтің белгісі – малдың осындай ерекше күтімдісінің атауы. Бұл осындай қонақасыға арналған малдың жас ерекшелігін және ерекше күтімді күйінің атауы ғана емес, үй иесінің келген қонағының мәртебелі әлеуметтік статусына немесе ет жақын туыстығына байланысты риясыз құрметі мен ықыласын бейнелейтін символдық атау. Расында да, қазақы түсінік бойынша, арда емген ұғымы енесін екі жылдай қатар емген, ақжілік, әрі семіз, сүйегі құлыннан үлкен болса да, еті таза дегенді білдіреді. Яғни арда емгеннің еті дастарқан мәзірінің сәнін келтіретін таза, әрі дәмді ас. Демек, тек ерекше мәртебелі қонақтарға ғана лайық сыбағалы ас. Оның үстіне А. е. т. / ж. с. байлық пен салтанаттың өлшемі жылқыға бай, «шіріген» дәулеттілердің қолынан ғана келетін сый, әрі атақ-даңқтың көрсеткіші ретінде саналды. Қазақтар еті ерекше құнарлы, әрі дәмді деп есептейтін А. е. т.-дың немесе жабағының көбінесе, аса сыйлы қонаққа арнап сойылатындығы сондықтан. Қыста алыс жайылымға кеткен малдан екі жастан аспаған қысыр биелердің біразын алып қалып, ауыл маңына жайып, сыйлы қонақтарға сақтайды. Бұл жосынның дәстүрлі ортадағы осы құралыптас басқа да үрдістер сияқты әр деңгейлі әлеуметтік қатынастардың қалыпты функциясын қамтамасыз етудегі өзіндік орны мен рөлі болды.
Әдеб.: Арғынбаев Х. Қазақтың мал шаруашылығы туралы этнографиялық очерк. Алматы: Ғылым, 1969; Сейітқұлова Ж. Төрт түліктің қасиеті. Алматы, 2005; Тоқтабай А. Қазақ жылқысының тарихы. Алматы: Алматыкітап, 2010; ҚР МОМ – материалдарынан; ОМЭЭ – материалдарынан.
«Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі»