Әрбір министрлік пен әкімдік инвестициялық жобаларды қолдауға тікелей жауапты – Бектенов

«Бизнестің бастамалары ведомстволардың арасындағы өзара байланыстардың нашарлығынан зардап шекпеуі тиіс». Бұл туралы Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов айтты.
Бектенов мемлекеттік органдар тарапынан инвесторларға барынша қолдау көрсетілуі тиіс екенін ескертті.
Әрбір министрлік пен әкімдік инвестициялық жобаларды қолдауға тікелей жауапты болады. Бизнестің бастамалары ведомстволардың арасындағы өзара байланыстардың нашарлығынан зардап шекпеуі тиіс. Салалық министрліктер жобалардың іске асырылуын қатаң бақылау тетігін әзірлесін, – деп атап өтті премьер-министр.
Үкімет басшысы экономиканың нақты секторын қаржыландыруға екінші деңгейлі банктерді тарту жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмасы шеңберінде бизнесті қолдаудың бірқатар жаңа шарасы жоспарланғанын атап өтті.
Үкімет биыл экономиканың нақты секторындағы жобаларды уақтылы қаржыландыруды қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдайды. Мемлекеттік кепілдікті қолдану аясын кеңейту, Шағын және орта бизнеске арналған кепілдік беру қорын құру, сондай-ақ «Бәйтерек» холдингінің капиталын арттыру жоспарлануда.
Жалпы, президент қойған міндеттерді шешу үшін мемлекеттік органдар мен банк секторы үйлесімді әрі нәтижелі жұмыс істеуі керек, – деп атап өтті Олжас Бектенов.
