Арбау
Арбау – болмысы магиялық-мистикалық түсінікке негізделген адамға психикалық тұрғыдан әсер ететін дұға сөздер, «сиқырлы» сөздер, дуалы сөздер сияқты сөздерді айтады.
Арбау жақсылық әкелуге, әртүрлі ауруларды емдеуге байланысты айтылатын ақ арбау және жаманшылық немесе ауру шақыратын, қара ниетті арбау деп жіктеледі. Мысалы, түрлі улану немесе зиянкес шаққан уды денеге жайылтпау мақсатында айтылатын ғұрыптық мәнді сөздер ақ арбауға жатады. Арбау Сүлеймен пайғамбар мен оның ұлы Дәуіт пайғамбардың рухтарын көмекке шақыру арқылы орындалды. Бұл тәсілді көбінесе, бақсылар қолданды. Арбау барысында арнайы арбау өлеңдері айтылатын болған. Арбау өлеңдері әртүрлі болып келеді. Ол арбаудың объектісі мен соған байланысты қалыптасқан ахуалдың сипатына байланысты болды. Мысалы, бір жағынан, жылан, бүйі, қарақұрт сияқты улы жәндіктердің уының уытын қайтаруға қолданылатын арбауға байланысты арнайы арбау өлеңдері болса, екінші жағынан, малдың әрбір түріне байланысты арбаудың өзінің композициялық және сюжеттік құрылыммен ерекшеленетін өлеңдер де болды. Алайда, арбау өлеңдерінің улы жәндіктердің зиянкестігінен қорғайтын әмбебап түрлері де қолданылды. Яғни өлеңдердің осындай әмбебап түрлері жоғарыда аталған екі жайтқа да байланысты қолданыла беретін болған. Арбау үрдісі өзінің композициясы мен орындалуы жағынан өте күрделі ғұрыптық шаралардың қатарына жатады. Арбау – арбау сөздерді айтуды ғана емес, ол бақсының зікірін, осыған байланысты сан құбылған бақсының қимылын да білдіреді. Яғни арбау өзіндік жүйе құрайды. Мысалы, бүйіні арбау кезінде зиянкестерді інінен шығара білген олардың иесі Қамбар көмекке шақырылып, бұйыру, алдау, қорқыту сарынында арбау өлеңдері айтылады. Демек, арбау жалаң сөз ғана емес, белгілі іс-әрекетпен бірге орындалады. Арбаудың шарты – арбау сөздерін дем алмай және үнемі қайталап айтып отыру қажет. Мұндай тәсілдің ауру адамға да, көрушілерге де психологиялық әсері мейлінше күшті болды. Төменде бүйі (қ. Бүйі), жылан (қ. Жылан), қарақұрт (қ. Қарақұрт) сияқты аса қауіпті улы жәндіктерге байланысты қазақы ортада кең тараған арбау өлеңдерінің үлгілері келтіріліп отыр:
Бүйі-бүйі, бүйі шық!
Бүйі иесі Қамбар шық!
Қамбар болсаң қалмай шық,
Тас төбеден таймай шық,
Май табаннан талмай шық!
немесе:
Кер, кер, кер, жылан.
Құралай таудың басынан
Қуып келген қу жылан
Пайғамбардың демінен
Дегелек келді шық жылдам.
Орман түнінің басынан
Лек-лек келді шық, жылан, –
сондай-ақ:
Қара келді, қой келді,
Аман келді, күн келді.
Күмән келді, шықсын
Сүлейменнен медет келді.
Шық тәңірден парман келді.
Халық мұндай арбау өлеңдер улы жәндіктер малды шаққанда да айтылса, арбаудан әлгі жәндіктер жеңіліп, уыты өздеріне жайылып өледі деп есептеді. Арбау адамның әртүрлі ауруларды емдеу үшін де қолданылды. Ә.Диваев молда Ә.Мақтыбаевтан жазып алған дерекке сүйене отырып, арбаушы арбау арқылы емдеп жазатын аурулардың бірі топалаң (күйдіргі) мен мерез екендігін атап көрсетті. Тіс ауруларын емдеу үшін жасалатын арбау шарасы тістің құртын шақыру деп аталады (толығырақ қ. Тіс).
Арбаушы адам улы жәндіктерді – адыраспан, кекіре, жалбыз, қалақай, тікен, кәріқыз сияқты халықтық медицина мен ветеринарияда көп қолданылатын шөп аттарымен немесе белгілі бір жануарлардың аттарын атау арқылы
«үрейлендіру» тәсілін қолданған. Соның ішінде, қазақы ортада парсы тілінде тараған жындар мен зиянкестердің атауларын айғайлап айтуды арбау өлеңдерге ұластыру арқылы улы жәндіктерді үркітіп-қорқытуға болады-мыс. Осындайда арбаушы өзін-өзі көтермелеп, арқаланып, сұсты етіп көрсетуге тырысады. Оның ең тиімді метафоралық тәсілі – өзін бірде алмас қылыш жүзіне, бірде өткір пышақ ұшына, бірде дәрілік шөптерге теңеу:
Алмас қылыш жүзімін,
Айтулының өзімін,
Адыраспан дәнімін,
Алабота гүлімін,
Өткір пышақ ұшымын.
Сондай-ақ, арбау адамға ғана емес, жануарларға тән қасиет: мысалы, жыланның торғай немесе тышқан сияқты ұсақ құстар мен жануарларды ұстауы арбаудың салдары деген сияқты. Мұндайда адам баласы бейтарап болуы шарт. Әйтпесе, албасты, жын, марту, әруей сияқты қара ниеттілер араласып, мысы басып кетеді-мыс. Мысалы, үй мысығы мен жылан қарсы келгенін көрген адам мысықтың атын атаса, оның күші қайтып, жыланға арбалып мерт болады деп есептеді.
Ал, қара ниетті арбау – аты айтып тұрғандай, ойы бұзық, ниеті қара адамдарға тән қасиет. Сонымен бірге, қара ниетті арбауды бақсылар да қолданды. Олар бұл үрдісті өздерінше пиғылы нашар адамдардан сақтану үшін жасалатын шара ретінде түсіндіруге тырысты.
Арбау тек емдеу тұрғысында ғана емес, табиғат құбылыстарын «реттеу» ісінде де қолданды. Мысалы, бұлт шақырып, жаңбыр жаудырту үшін бақсылар зікір салып, арбау өлеңін оқыған. «Күн жайлату» (толығырақ қ. Күн жайлату) деп аталатын арбаудың бұл түрінің дәстүрлі астрономиялық және метеорологиялық, сондай-ақ, календарлық дүниетаным мен наным-сенімдер жүйесінде өзіндік орны мен маңызы болды.
«Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі»