Жаңалықтар

Арбаға таңылу – өмірден қамығу емес

«Жылы жүрек жастар» еріктілер тобының жетекшісі Сағатбек Сиюовпен сұхбат
Арбаға таңылу – өмірден қамығу емес
02.05.2019 13:28 6676

Мемлекеттің беделі белсенді жастар қолында. Жалын жүректі, өршіл намысты жастар болашақтың жарқын кепілі. Сондай жастардың бірі ­– Қызылорда өңірінің жас патриоты Сағатбек Сиюов. Ол өмірдің қатал сынына түссе де мойымай, көпте жоқ қайсарлық пен төзімділіктің туын биік ұстаған жан. Сағатбек өзі тағдырлас жандарға үлгі болып, оларды түрлі бағыттағы жұмысқа бейімдеп, қоғамның толыққанды мүшесі екенін сезіндіріп, еңбекке деген құштарлықтарын оятып жүр.

Фотода: Сағатбек Сиюов

«Әңгімемді өмірге қайта келген күннен бастағым келіп отыр. Ол кезде Қорқыт ата университетінің 4-курсында оқып жүрген қарапайым студенттердің бірімін. Өзім студент болсам да, анама салмақ салмас үшін (әкем ертерек өмірден өткен) бос уақытымда жұмыс жасап, оқу ақысын төлейтінмін. Сол күні, яғни 2013 жылдың 9 тамызында таңертеңгілік жұмыс орныма бару үшін қоғамдық көлікке отырдым. Қатты жылдамдықпен келе жатқан біздің автобус күтпеген жерден жеңіл машинамен соқтығысты. Ішінде 12 адам едік. Тағдырымызға бей-жай қараған жүргізушінің кесірінен бәріміз ауруханадан бір-ақ шықтық. Ол жерде ес-түссіз үш күн жатыппын. Жан-жақтан келген білікті дәрігерлердің арқасында бір айдай ем-дом алып, үйге қайттым. Бірақ, арбамен... Мұндай ситуацияға тап болған кез келген адам үлкен күйзелісті басынан өткереді емес пе? Маған да оңай болған жоқ. Бірақ, туған туыстарым мен достарым қасымнан табылып, үлкен қолдау көрсетті. Оның үстіне ауруханада жатқанымда дәрігерім былай деген еді: «Сағатбек, сенің жарақаттарың өте ауыр еді. Біз тіпті, өміріңе араша түсе алмаймыз ба деп қатты қорықтық. Десе де, көрер жарығың бар екен. Мейлі сен арбада отыратын болсаң да, Алла Тағала екінші өмір беріпті, осыған шүкірлік айтып, қуан!».

Дәрігер сөзі оның келешектен жақсылық күтер үміті сөгілмеуіне, келген сынаққа қайтпас-қайсарлықпен қарсы тұруына күш бергендей еді.

«Жалпы, сол кездегі көпшіліктің көзқарасы арбада отырғандарға басқаша болатын. Мүмкіндігі шектеулі жандар қоғамдық орындарға көп шыға бермейтін. Шыға қалса, сырттан қадалар мүсіркеген аянышты көздерге тап келетін. Ондайды өзім де басымнан өткердім. Соның кесірінен сыртқа көп шығуға ыңғайсыздана бастадым. Алайда, «мен неге біреулердің көзқарастарынан қорқып, үйде жатуым керек?» деп ойланып, өз-өзіме «мүгедек жандар да барлық адамдар сияқты тең құқыққа ие екенін дәлелдеймін» деп ант еттім».

Фотода: белсенді жастар балалармен

Бұл Сағатбектің өзіне берген бірінші уәдесі еді. Одан кейін оның жігерін жаныған тағы бір оқиға орын алды.

«Бір күні достарыммен мешітке бардым. Сол жерде бір аға баласына «мына ақшаны, анау арбада отырған ағаңа апарып бер» деп жұмсапты. Әлгі бала әкесі берген тиындарды маған әкеліп тұр. Осы сәтте жүрегім қақ айырыла жаздады. Біздің қоғам арбада отыратындарды қайыр тілеуші немесе көмекке мұқтаж жандар ретінде қабылдап кеткеніне нақты көз жеткіздім. Балаға рақметімді айтып, бірақ ақшаны шын мұқтаж жанға беруін өтіндім. Өйткені, менің қаржыға зәрулігім жоқ еді. Бұл оқиға менің екінші рет өз-өзіме серт беруіме итермеледі. Қоғам арбадағы жандарды көмекке мұқтаж деп қабылдамауы үшін барымды саламын дедім».

Осыдан кейін Сағатбек алдына үлкен жоспарлар қойып, ғаламтордан қоғамдық қорлар мен еріктілер тобын іздеп, ұйымдастырған шараларына арбада отырса да, белсене қатыса бастайды. Бұл ұлы мақсаттарының алғашқы баспалдағы еді. Осылайша, өзі бастамашы болып, 2017 жылдың желтоқсан айында «Жылы жүрек жастар» еріктілер тобының іргесін қалады.

«Еріктілер тобының ерекше шығу тарихы бар. Жаңа жыл қарсаңында facebook парақшама: «Мен мерекелік отырыстан бас тартамын, оған жұмсалатын қаржыға өзіммен тағдырлас жандарға сыйлық аламын. Маған қосылатындар бар ма?» деген мағынада жазба қалдырдым. Шынымды айтсам, сол жазбам жастардан үлкен қолдау табады деп күтпеген едім. Қалта телефоныма дамыл болмады. Сөйтіп, белсенді болған жандардың басын қосып, сыйлықтар алып, церебральды сал ауруына (ДЦП) шалдыққан қаладағы 150-ден аса бүлдіршіндердің үйіне арнайы бас сұғып, алған заттарымызды табыстадық».

Ойлаған жобасын сәтті аяқтаған Сағатбек қасына жиналған жастардың әрі қарай да осындай қайырымды шараларға қатысуға қарсы еместіктерін байқайды.

«Жақсылық жасауға жаны құмар жандардың басын біріктіріп, еріктілер тобын құру керек деп шештім. Осылайша, сол желтоқсан айында-ақ, бүгінгі күнге дейін белсенді жұмыс жасап келе жатқан «Жылы жүрек жастары» өмірге келді. Қазір 30-ға жуық жанның қолдауына иеміз. Одан да басқа, келіп-кетіп жатқан жастар жетерлік».

Фотода: белсенді жастар

Бұл еріктілер тобының басты мақсаты – қаладағы қайырымды жастардың уақытын тиімді пайдалануына септігін тигізіп, басқаларға қуаныш сыйлау екен. Сағатбектің айтуынша, қазіргі жастар жақсылық жасауға жаны құмар болғанымен, оның көзін таппай қиналады.

«Бүгінге дейін бірнеше қайырымдылық жұмыстарымен айналыстық. Жоғарыда айтып кеткен Жаңа жыл мерекесіне арналған шараға «Сиқырлы керуен» атауын беріп, дәстүрлі түрде өткізіп келеміз. Ол екі күнге жалғасады. Алғашқы күні, жүріп-тұруға мүмкіндігі жоқ, төсекте жатқан балалардың үйіне барып, Аяз ата, Ақша қар және басқа да ертегі кейіпкерлері кейпіне еніп, тамаша көңіл күй сыйлауға тырысамыз. Ал келесі күні мәдениет үйімен бірлесе, мүмкіндігі шектеулі жүзге жуық баланы жинап, концерт қойып, сыйлықтарымызды үлестіреміз».

Еріктелер тобының тағы бір көптің алғысына бөленген қайырымдылық шарасы «Жылы жүректен – ыстық шай» деп аталады. Ол қыс мезгілінде қала тазалығына жауап беретін жандарға шай мен тәтті тоқаштарын ұсыну мақсатында ұйымдастырылады.  

«Шараның басты мақсаты – үскірген аязды күнге қарамай, қала тазалығын қамтамасыз етіп жүрген жандардың еңбегін бағалау. Онымен қоса жақында Ділназ есімді қыздың еміне қаржылай көмек көрсету мақсатында тобымыздағы жастармен ауқымды концерт өткіздік. Билетті сату арқылы 300 мың теңгейде ақша жинап, анасының есепшотына аудардық. Жастарымыз сонша сомада өз қалталарынан ақша шығарып бере алмаса да, белсенді түрде концертке қатысып, ән айтып, би билеу арқылы қайырымдылық жасап отыр».

Өткен жылы еріктілер Қасиетті Рамазан айында кешкі ауызашар уақытында автовокзал және теміржол вокзалына барып, ауыз бекіткен жолаушыларға су мен құрма ұсыну арқылы алғыстарын алыпты. Сонымен қоса, жүрегі жылуға толы жастардың жиі баратын орындары – қарттар мен мүмкіндігі шектеулі балалар үйі.

Сағатбек 2016 жылы өзі тағдырлас азаматтармен бірге Қызылорда қаласында алғаш болып қол арбада отырып билеу өнерін қолға алған. Сол уақыттан бері үзбей жаттыққан ол 2018 жылы 14 сәуірде Елордада өткен Пара-биден ҚР чемпионатының «Фристайл» санаты бойынша І-орын жүлдегері болса, сол жылдың 28-30 тамыз аралығында Ақтау қаласында жалауы желбіреген «Aktau open – 2018» ҚР кубогында «Комби фристайл» санаты бойынша 2-орын жеңімпазы атанып, әлем чемпионатына жолдама алады.

Фотода: биші Сағатбек өнердегі жұбымен

«Осы жағдайға түскенше, би ер адамдардың өнері емес сияқты көрінетін. Өзімді бұл салада сынап көрем деп мүлде ойламағам. Бірақ, еңбектене білген адамға барлық өнердің есігі ашық екен. Сонымен, қазан айында Тайваньдағы халықаралық бәсекеде ел намысын қорғау бақыты бұйырыпты. 15 мемлекеттен келген кіл мықтылардың ішінде жүлдегерлер қатарынан көріне алмасам да, тәжірибе жинап қайттым. Бірақ, осы жылдан бастап, би өнерімен айналысып жатқам жоқ. Өзімді басқа спорт түрінде сынап көргім келеді. Жақында мені өзге саладан көріп қалсаңыз, таңғалмаңыз».

Сағатбек өзі сияқты белсенді, әр салада жетістікке жеткен мүмкіндігі шектеулі жандарды насихаттап, көпке үлгі ету мақсатында жазылған «Қайсарлықты үлгі еткен жеті тағдыр» атты кітаптың авторы.

«Біздің қалада мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған Оңалту орталығы бар. Сол жерге жиі бас сұққанда «неге мүгедек болса да, өмірде өз орнын таба білген адамдарды көпшілікке таныстырмасқа?» деген ой келді. Осылайша, өнер мен спорт саласында жоғары жетістіктерге жеткендер мен өзара шаңырақ көтеріп, бақытты отбасы болып отырған жұптар туралы кітап жазылды. Алдағы уақытта ол туындының екіншісін шығаруды жоспарлап отырмыз».

Қазіргі кезде Сағатбек мектеп, колледж қабырғасында оқитын оқушы-студенттермен тығыз жұмыс жасап келеді. Қиын жағдайға тап болып, стресс алып, өз-өзіне қол жұмсамақ болғандармен әңгіме-дүкен құрып, оларды қарттар мен мүмкіндігі шектеулі балалар үйіне апарып, концертке қатыстырады.

«Шүкір, нәтиже бар. Бір концертен шыққанда бір бала келіп, қолымды қысып тұрып «аға, сізге рақмет, барымды бағаламай келіппін. Көп нәрсенің байыбына бармаппын. Өмірдің осындай кереметтілігін түсіне бермейді екенбіз» деді. Оның сөзінен жасап жатқан жұмыстарым зая кетіп жатпағанын түсініп, бойымды қуаныш кернеді».

Сағатбек «Кедергісіз аймақ» шарасы бойынша да қаладағы пандустардың жай-күйін көріп, келіспеген тұстарын қадағалап, өзі секілді жандар қоғамда кедергіге тап болмас үшін талап-арыздарын қорықпай айтып келеді.

Жүрегі жылулыққа толы жастың өмірлік ұстанымы ақиық ақын Мұқағалидың мына бір өлең жолдары: «Мәңгі сені жазбаған сүрінуге, қайта тұрып қақың бар жүгіруге».

Фотода: Сағатбектің кеудесіне тағылған жаңа жұлдыз

Иә, әркез тынбай, кез келген салада белсенділік танытып жүрген Сағатбек 2017 жылдың қортындысы бойынша «Самғау» жастар сыйлығының, «Мүгедектерге арналған оңалту орталығы» КММ-нің мүмкіндігі шектеулі азаматтар арасындағы «Жыл адамы 2017» номинациясының, Қызылорда облысының «Жыл патриоты 2018» номинациясының иегері болып, атқарған жұмыстарының жемісін көруде.

Бірақ, ол «белсенді еріктілердің басын қосып, әртүрлі шараларды өткізу – жұмыс емес, керісінше адами парызым» дейді.

Дені сау, тепсе темір үзетін жастарымыздың аздаған қиындыққа бола еңсесі түсе қалатынын көріп жүрміз. Сағатбек Сиюов тағдырдың тосыннан келген сынағына сынып кетпей, талай жанға үлгі боларлық ғұмыр кешіп жатқанына шын қуандық. Ол әркімге бұйыра бермейтін ұлы күштің иесі!

(Суреттер Сағатбектің жеке мұрағатынан)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға