Жаңалықтар

Арайлым Қадыр: Ескі кітаптардан ерекше дүкен ашу арманым еді

Арайлым Қадыр: Ескі кітаптардан ерекше дүкен ашу арманым еді
Фото: ©El.kz/Артем ЧУРСИНОВ 17.05.2024 18:45 1752

Кітап – білім бұлағы, адам жанының рухани азығы. Ұрпақтан ұрпаққа мұра болып келе жатқан асыл қазынаның құндылығы қашанда жоғары.

Бүгінде ертеректе басылып шыққан кітаптарды жинақтап, сатумен айналысатын жандардың қатары айтарлықтай көп емес. Қазақстанның астанасы Астана қаласының өзінде жақында ашылған жалғыз букинистік дүкен бар. El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі «Kitapashar» дүкеніне барып, оның иесі Арайлым Қадырмен сұхбаттасып қайтты.  

Дүкен қалай ашылды

Кейіпкеріміз Арайлым ескі кітаптарды ерекше құрметтейді.

Кітап сататын дүкен ашуды бұрыннан армандадым десем өтірік болар. Бірақ менің кішкентай кезімнен кітапқа деген махаббатым да, құрметім де ерекше болды. Оған бірден-бір септігін тигізген үйдегі атамның кітапханасы. Оның іші менің дүкенімнен әлдеқайда үлкен. Ескі кітаптарға деген қызығушылық менде сол кезде пайда болған сияқты, - дейді ол.

Арайлымға кітап дүкенін ашу үшін біраз уақыт қажет болған.

Негізінен өткен жылдың жаз айында кішігірім жобаны бастаған едім. Әртүрлі жәрмеңкелерге қатысып жүрдім. Сол кезде халық «дүкеніңіз қашан ашылады?» деп сұрай бастады. Сөйтіп, біз «Kitapashar-дың» қоғамға керек екенін түсініп, күзде дүкен ашу туралы ойға келдім, - деді.

Арайлым Қадыр: Ескі кітаптардан ерекше дүкен ашу арманым еді

Арайлым Қадыр: Ескі кітаптардан ерекше дүкен ашу арманым еді

Суреттер: ©El.kz/Артем ЧУРСИНОВ

Кейіпкеріміз қараша айында бір орынды тауып, жалға алып, қаңтар айына дейін жөндеу жұмыстарын жүргізген. Осылайша дүкенді ақпан айының басында ашып, келген оқырмандарға кітаптарды таныстыратын болғандықтан, дүкенге «Kitapashar» деген атау береді.

«Kitapashar-дың» мақсаты

Әңгіме барысында дүкеннің иесі барлық кәсіптің арасынан неліктен букинистиканы таңдағанын айтты.

Арайлым Қадыр: Ескі кітаптардан ерекше дүкен ашу арманым еді

Сурет: ©El.kz/Артем ЧУРСИНОВ

Алматы қаласында букинистік дүкендер 20 жылдан астам уақыт бойы қызмет етіп келеді. Ал Астана қаласында букинистика мүлде дамымаған. Жаңа кітаптарды сататын әртүрлі бағыттағы бірнеше дүкен бар, бірақ букинистика жоқ. Бұл не деген сөз? Яғни елордадағы ескі кітаптар қоқысқа кетеді не үйде шаң басып жатады дегенді білдірді. Өзім ескі кітаптарды қатты жақсы көремін. Сондықтан ескінің көзін сақтап қалу мақсатында осындай кітап сататын дүкен аштым, - дейді Арайлым.

Кейіпкеріміз дүкеннің ішін әрлеуге «loft» стилін таңдаған.

Арайлым Қадыр: Ескі кітаптардан ерекше дүкен ашу арманым еді

Сурет: ©El.kz/Артем ЧУРСИНОВ

Бұл дүкеннен оқырмандардың тек кітап қана емес, басқа да дүниелерді алып кеткенін қалар едім. Кейбір адамдар келіп кейде ақыл сұрап кетеді. Тіпті осы дүкеннен шабыт алып, өзінің дүкенін ашуға ниеті пайда болған оқырмандар да бар. Осы сияқты бұл дүкеннің адамдарға өз қажетіне қол жеткізуге пайдасын тигізе алса екен деймін, - деді ол.

Оқырман алдындағы жауапкершілік

Арайлым Қадыр кез келген кәсіпті дөңгелету үшін көп қаржы қажет деп есептейді. Себебі өзінің бастапқыда жетеді деп ойлаған ақшасы жарты жылда таусылып қалған.

Ақша бітіп қалғаннан кейін шегінуге жол жоқ, кәсіпке қажетті қаржыны табудың басқа жолдарын қарастыра бастадым. «Тәуелсіздік ұрпақтары» деген мемлекеттік гранттың бар екенін білдім. Оның жеңімпаздарына 3 миллион теңгеден береді. 2023 жылы сол конкурсқа қатысып, жеңімпаз атандым, - деді.

Кітап дүкенінің иесі өзіне министрліктің үлкен сенім артып отырғанын да айтты.

Арайлым Қадыр: Ескі кітаптардан ерекше дүкен ашу арманым еді

Сурет: ©El.kz/Артем ЧУРСИНОВ

Менің жобама өзімнен гөрі Мәдениет және ақпарат министрлігі көбірек сенім білдірген секілді. Олар жобамды талдап, басқаларымен салыстырып, қаншама қатысушының арасынан іріктеп алды. Сол кезден бастап маған жүктелген жауапкершілікті сезіне бастадым, - дейді Арайлым.  

Басты ерекшелігі

Кейіпкеріміз дүкеннің ішін елордалықтардың ескі кітаптарымен толтырған екен.

Мұндағы кітаптар Астана қаласының тұрғындарының үйінде сөреде шаң басып тұрған. Біз сол кітаптарды әр адамның үйінен бір-бірден, он-оннан, жүз-жүзден жинадық. Дүкеніміз ашылғаннан келіп, өз кітабын сыйға беріп кетіп жатқандар бар, - деді ол.

Арайлым Қадыр: Ескі кітаптардан ерекше дүкен ашу арманым еді

Арайлым Қадыр: Ескі кітаптардан ерекше дүкен ашу арманым еді

Суреттер: ©El.kz/Артем ЧУРСИНОВ

«Kitapashar» дүкенінің бір ерекшелігі – кейбір кітаптардың сырты қаптаулы күйінде сатылатындығында. Оның сыртына сол кітапты оқып шыққан оқырмандар өзінің жазбасын қалдырады. Дүкенге келген оқырмандар кітапты сол жазуға қарап, сатып алады екен.

Адамдар кітаптың сыртына қарап, ішінде қандай басылымның бар екенін білгісі келеді. Соның арқасында кітап оқи қоймайтын жандар да келіп, кітап сатып алып жатады, - деді ол.

Кейіпкеріміз кітаптың сыртына кез келген сөзді таңдап жаза салуға болмайды деп есептейді.

Арайлым Қадыр: Ескі кітаптардан ерекше дүкен ашу арманым еді

Сурет: ©El.kz/Артем ЧУРСИНОВ

Мысалы «мына кітапта бір үйдің бес қызы туралы жазылған» дейтін болсақ, ол ешкімді қызықтырмас еді. Сондықтан біз адамды сол кітапты оқуға итермелейтіндей, оны қызықтыра алатындай дүниені жазуымыз қажет, - дейді Арайлым.

Дүкен иесі мұнда сатылатын кітаптардың бағасы халыққа қолжетімді деген ойда.

Арайлым Қадыр: Ескі кітаптардан ерекше дүкен ашу арманым еді

Арайлым Қадыр: Ескі кітаптардан ерекше дүкен ашу арманым еді

Суреттер: ©El.kz/Артем ЧУРСИНОВ

Біз пайда қумағаннан кейін оған барынша әділетті бағаны қоюға тырысамыз. Мына жердегі кейбір кітаптар 200-300 теңге тұрады. Орташа бағасы 1500-3000 теңге аралығында, - деді ол.

Арайлым кейбір ескі кітаптар нашар күйінде келгендіктен, оны өңдеп барып қана сатылымға қоятынын айтты.

Сүйікті қаламгерлері

Кейіпкеріміз Арайлым кітап оқығанды жақсы көреді.

Арайлым Қадыр: Ескі кітаптардан ерекше дүкен ашу арманым еді

Сурет: ©El.kz/Артем ЧУРСИНОВ

Дүкенді ашпас бұрын жылына 30-40 кітаптан оқып жүрдім. Қазір кәсіпті қолға алғаннан кейін кітап оқуға қолым босамай кетті. Қазақ әдебиетінен Нәсіреддин Серәлиевтің шығармаларын ұнатамын. Тілі өте қарапайым, жазатын дүниелері де шынайы өмірден келтірілген. Орыс әдебиетінен Макс Фрай, шетел әдебиетінен Эрнест Хемингуей, Рэй Бредбери, Герман Гессенің туындылары ұнайды, - деді ол.

Арайлым Қадыр адамдардың білімді, саналы, ақылды, мәдениетті болуына өз үлесін қосқысы келеді.

Адамдардың дамуына үлесімді қосқан маған ұнайды. Болашақта жасайтын іс-әрекеттерім де сонымен байланысты болмақ. Кейде маған дүкенге келіп, өзінің жағдайымен бөлісіп, ақыл сұрап кететіндер бар. Барынша білгенімді айтып, көмек көрсетуге тырысамын, - деді кейіпкер.

Дүкенде қандай іс-шаралар өтіп тұрады

Кейіпкеріміз Астана тұрғындарының арасында жалғыздық мәселесі өзекті екенін айтады. Сондықтан Арайлым дүкенде кейде оқырмандарға арналған поэзиялық кештер, концерттер, кино кештер, лекциялар өткізіп тұрады.

Көп адам елордаға басқа қаладан көшіп келетіндіктен, жақындары жоқ, кіммен араласатынын білмей жалғыз-жалғыздан жүреді. Сол себепті «Kitapashar» дүкені аясында қоғам қауымдастығын құрғым келеді. Дүкенде түрлі мәдени іс-шаралар өткізіп тұрамыз. Жалғызсырап, өнерді аңсап жүрген жандар үшін бұл басқосу керемет мүмкіндік деп ойлаймын, - деп сөзін қорытындылады Арайлым.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға