Жаңалықтар

«Арай» журналы, 1200 ақын және арифметика

Әлi есiмде, 1989 жылдың күзiнде армиядан оралғасын ауылда көп аялдамай Алматыға тартқам.
30.06.2014 12:54 5158

Әлi есiмде, 1989 жылдың күзiнде армиядан оралғасын ауылда көп аялдамай Алматыға тартқам. Үлкен қалада алдымен бас сұққаным «Жалын» журналының поэзия бөлiмi болды. Бөлiм меңгерушiсi белгiлi жазушы Рақымжан Отарбаев сырттай таныстығымыз (хат арқылы) әлде әкеме пейiл қарыз болғандықтан ба (өз алдына бөлек әңгiме), жақсы қарсы алды. Ертесiне бiр топ өлеңiмдi дайындап әкелетiн болып келiскеннен кейiн, жазушы ағам:

– «Арай» журналында Мейiрхан дейтiн азамат бар. Ол кiсiге де бiр топ өлеңдерiңдi тастап кет,– деп кеңес берген.

Мiне, «Арай» журналы орналасқан үйдiң дәлiзiнде тұрмын. Тиесiлi кабинетке де ендiм. Аз-мұз танысудан кейiн «Жалындағыдай» емес, Мейiрхан ағам өлең оқы демедi.

– Қазақстанда кемi 1200 ақын бар. Бәрiн жариялау «Арай» журналының мiндетi емес,– деген бiр ғана ауыз сөз айтты.

Неге екенiн бiлмеймiн, көңiлiм алып-ұшып тұрған албырт жаста болсам да осы сөзге дәл сол сәтте ренжiген жоқпын. Ертесiне, «Жалынға» да өлең тастамай, ауылға көңiлдi қайтқаным әлi күн жадымда.

Кейiн студент болдық. Оң-солды тани бастадық. «Қазақ әдебиетi» газетiне алғашқы мақаламды сол сапар Рақымжан ағаның қасында отырған (есiнде жоқ шығар), әрдайым жастардың жанашыры болып жүретiн жазушымыз Жұмабай Шаштайұлы бастырды. Осы газетте жарық көрген тұңғыш өлеңiме Мейiрхан ағаның ықыласты қолы тигенiн де ризалықпен айта аламын.

Қазiр ойлансам, сол кездер «Арайдың» дүркiреп тұрған уақыты екен. Тыныштықбек Әбдiкәкiмов, Сабыр Адай, Гүлнәр Салықбаева, құрдасым, марқұм Әдiл Ботпанов, мiне, осы есiмдердiн өздерi-ақ өлең қадiрiн бiлетiн адамға «Арай» журналында ол тұстары өлеңге деген талаптың қаншалық кiрпияз болғандығын аңғартса керек. Мысалы, 1200 ақыннан журналдың бiр жылдық 12 санына сен тұр, мен атайын 12 ақынды таңдап, iрiктеп басу, шығармашылық мүмкiндiгiн тап басып жариялау қиынның қиыны екендiгiне кiм күмәндана алады.

Ендi негiзгi әңгiмеге оралайық. «Қазақ әдебиетi» газетiнiң бiр жылда оқырман қолына 52 нөмiрi тиедi екен. Яғни, орта мөлшермен 50-60 ақынның өлеңi жарияланады деген сөз. Есепке салып пайымдасақ, бұдан бiр жылда бүкiл Қазақстандағы қолына қалам алып жыр жазатын қауымның 20-дан бiрi – 5 пайызының ғана шығармашылығы «Қазақ әдебиетiнде» көрiне алатындығын аңғарамыз. Бiр қарағанның өзiнде-ақ аз, тым аз екендiгiне шек жоқ. Демек, азды саз қылып пайдалануымыз керек емес пе?!

Жоқ, бiзде олай емес. Көктемде жарияланған ағамыз не тәтемiздiң күзде тағы шыққысы келiп тұратыны бар. Және бiр жылдың iшiнде. Бейнебiр жыл құстары секiлдi. Кезек күту деген жоқ. Өйткенi кезек күтуге көкiрегi жiбермей жататын жайы бар.

Рас, 1200-дiң бәрi аузымен құс тiстеген ақындар емес. Әйтсе де кем 300-iнiң өлеңге таза таласы бар, мықтысы 50-60-ы ғана. Ал, ұлысы қанша, оны бiз де өткеннен қалған үлгiмен тарихтың таразысына қалдырамыз. Бiрақ сол ұлылар осы 50-60 емес, анау 300-дiң iшiнде жүргенiне сiз де, бiз де дау айта аламыз ба? Айта алмаспыз. Демек, азы 300 ақынның өлеңi «Қазақ әдебиетiнде» жариялануға құқылы болып шығады. Осы ретпен кезекке салсақ, өлең жазған кiм-кiмнiң де жариялануға ретi берiсi 2-3, арысы 4-5 жылда ғана келедi екен. Осыны редакция жағалағыш аға-апайларға қалай түсiндiруге болады, бiз бiлмедiк.

Редакциямызға қызметке келгенiме үш көктемдей уақыт болыпты. Бiрақ Ертай Ашықбаев, Тыныштықбек Әбдiкәкiм, Светқали Нұржан, Сабыр Адайлардың бiрде бiр топтамасы назарыма түспегенiне таңмын. Шамасы, кезегiн күтудi бiлетiн мәрт жiгiттер осылар болса керек. Болмаса, таланттары кiмнен кем! Осы пайымнан зерделегенде Қуандық Шолақ, Әбен Дәуренбековтер де қатардан қалыс қалатындай ақындар ма едi? Жоқ. Жоқ. Жоқ.

Амал жоқ, өлеңiн газет бетiнен көруге құмар кейбiр «ұшқалақ» аға-апаларымыздың «құлағына алтын сырға» болсын деп бiздiң де осындай арифметикалық қарапайым тәсiлдерге сүйенуiмiзге тура келiп отыр. Шын поэзияға алу, қосу, азайту, жүрмейтiнiн бiлсек те. Өйткенi, көкке ұша бермей, қарапайым пенде ретiнде кейде осындай жайттарды да ойлана жүрген дұрыс қой.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға