ҚАРАШЫ
ҚАРАШЫ – ханға қызмет ететін, саяси-құқықтық, экономикалық жақтан басы азат әлеуметтік мәртебесі жоғары топ өкілі деген ұғымды білдіретін қоғамдық- саяси термин. Алайда ханға бағынышты болып қызмет ететіндердің бәрі бірдей Қ. аталмаған. Ордада ханның оң тізесін басып отыратын Қ.-сының да, сондай-ақ сол тізесін басып отыратын Қ.-сының да мәртебелері аса жоғары болған. Ханның оң тізесін басып отыратын Қ. ханға ақыл айтып, кеңес беріп отырған. Айталық, Тәуекел ханның немере інісі, Қасым ордасының ханы Оразмұхамедтің Қ.-сы Жалайыр тайпасынан шыққан би, аса көрнекті шежіреші- тарихшы, Қадырғали Қосымұлы өз заманында Оразмұхамед ханның оң тізесін басқан Қ.-сы болған. Ресейдегі белгілі тарихшы ғалым А.В. Беляковтың зерттеуінде Қадырғали бек Қосымұлы Ордадағы мәртебесі ең жоғары төрт бектің бірі болғаны айтылады.
Ел аузындағы аңызда атақты Жиренше шешен Әз Жәнібектің оң тізесін басып отырған Қ.-сы болған деседі. Осыған байланысты айтылатын әпсаналардың бірінде Ханның ақылы қарашысында, қарашысының ақылы қатынында дейді. Бұлай дейтіні Хан үнемі Жиренше шешеннен ақыл-кеңес сұрап отырған, ара-тұра Жиренше ақыл таба алар ма екен деп әдейі қисынсыз сұрақ қойып, жауабын күткен. Жиренше ақыл таппай қысылған жерде әйелі Қарашаш сұлудан ақыл-кеңес сұрап отырған. Сөйтіп, Қарашаштың ақылы Жиреншені небір сыннан құтқарған. Қарашы сөзі мақал-мәтелдерде көбінесе хан сөзімен қосарласа жүреді: Хан – қазық, қарашы – азық; Хан қасында қарашың болса, қара жерден кемең жүрер; Ханды құдай алайын десе қарашысымен қас болар; Ханның ісі қарашыға да түседі т.б. Мақал-мәтелдегі бұл қолданысқа қарағанда қарашы – хан қасындағы аса беделді, мемлекет ісінде салмағы бар тұлға болғаны байқалады.
Академик Р.Сыздық Қ. терминінің саяси-қоғамдық мәнін аша келіп, хандық биліктің жойылуымен байланысты бұл ұғымның «бұқара», «қара халық», «жалшы», «байғұс» болып өзгергенін атап көрсетеді: «Демек, қарашы сөзінің «қожасының шаруасын шаруалаушы, жалшы» мағынасы тіпті бертінде, хандық дәуір өткен соң пайда болғанға ұқсайды. Бертінгі заманда қазақ қоғамындағы байлар мен ел билеушілердің әлеуметтік-экономикалық салмағы артып, енді олар да өз айналасына бұрынғы хандар сияқты қызметкер топты ұстай алатын болған. Бұл қызметшілердің бірқатары бұрынғы дәстүрмен қарашы (қараша) аталса, енді бірқатары байғұс, қоңсы, жалшы сияқты аттарға ие болған тәрізді (байғұс сөзі қазірде «бейшара» мағынасында қолданылатын болса, күні кешеге дейін бұл сөз «жалшы, қызметші» мағынасында да жұмсалып келген)». Белгілі этнолингвист ғалым Е.Жанпейісов қараша атауын М.Әуезовтің «бағынышты, тәуелді, қызметші» деген мәнінде жұмсағанын атап өтеді. Мұндай мысалдарға қарағанда қарашы атауы білдіретін ұғым семантикалық өзгеріске түскен.
«Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлi жүйесi»