Жаңалықтар

Арасандағы ақысыз демалыс: Жаманты минералды суы

Күннің ыстығынан сая іздесеңіз...
Арасандағы ақысыз демалыс: Жаманты минералды суы
31.07.2017 12:42 12947

Жаз. Жұмыстан демалыс ала салып, сауықтыру кешендері мен демалыс орындарын, жағажайлар мен шипалы жерлерге баратын мезгіл келді. Барлық мүмкіндік адамдардың қалтасындағы қаражатқа қарай реттеледі. Анығында аз ғана ақшамен ағзаға тынығу мен минералды заттарды дамытып, өз елімізде де демалуға болады.

Бұл тіпті елбасының Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру жолдауындағы ұсынылған «Туған жер» бағдарламасына сәйкес келетін қадам болатын еді. Себебі біздің Отанымыздың көрікті әрі шипалы жерлері инфрақұрылымдық дамуды күтіп, қойнауына минералды заттарды бұғып жатыр. Сондай өлкенің бірі Алматы қаласынан батысқа қарай 135 шақырым жердегі  Бесмойнақ ауылының солтүстік – батысындағы, Жаманты өзенінің аңғарындағы, теңіз деңгейінен 1620 м биіктікте орналасқан – Жаманты минералды бұлақтары болып табылады. Жергілікті халық бұл өлкені «Арасан»  деп  атайды.

Жазушы Есболат Айдабосынның осы өлкенің шипалық қасиетіне арналған «Арасан» атты эссесі бар. Шипалы бұлақтарға арнайы зерттеулер жүргізіліп, оның жүйке, аяқ пен қолдың қақсауына, бүйрек пен жүрек ауруларына ем екендігі анықталған. Судың құрамында гидрокарбанат,  сульфат, натрий мен ағзаға пайдалы ортокремний қышқылы, фтор секілді микроэлементтер бар. Бұлақтар тәулігіне 295м(куб) су өндіреді екен.

Шиапалы аймақ болғандықтан «Арасанға» қатысты  ауыздан ауызға тарап, бүгінге дейін жеткен аңыз әңгімелерді де көп кезіктіруге болады. Соның бірі алғаш мұсылмандықты уағыздаушы Арасан, Қорасан есімді екі дінбасының қоныстанған аймағы деген аңыз. Арасан-Қорасан шипалы бұлақтарының басында үңгір мешіт бар. Жер астынан шығып жатқан бұлақ суының температурасы - 17-28C. Мұнда  бір ғана  салқын бұлақ бар. Оны шипа іздеп келушілер Қорасан бұлақ деп атайды.  Ресми түрдегі жарнамасы қалыптаспаған өңір болса да, мұнда алыс-жақын шетелден келіп тынығушылар көп. Көбіне шілде айында барады. Сол айда таудағы салқын ауа сәл жыли бастайды. Бұлақтар орналасқан кеңістіктің дәл қасында Жаманты өзені ағып жатыр. Осы өзеннің атауына қатысты шипалы бұлақтарды ресми тұрғыда «Жаманты минералды бұлақтары» деп атаған. Алайда аталмыш шипалы өңір туралы ізденгенде Алакөл өңіріндегі Жаманты өзенімен  шатастырып алмаған дұрыс. Минералды бұлақтарға емделуге баратындар ол жерде қала өркениетінің белгілерінің жоқ екенін ескеруі тиіс.

Онда қазанға ас әзірленіп, самауырға шай қайнатылады. Деніне шипа дарып, сол аймаққа алғысы ретінде арнайы үй тұрғызып, киіз үйлерін қалдырып кеткендер бар. Сол киіз үйлерге, орын болса,  салынған үйге жатуға болады. Ал шілде айында ат басын бұратын емделушілер  өзімен бірге тігілетін шатыр ала барғаны дұрыс. Келушілерді қамтамасыз етуге арналған  ыдыс-аяқ жеткілікті. Таудың төбесінен 3-4 шақырым жалғыз аяқ тастақ жолмен түсетін болғандықтан жүктің жеңіл болғаны жөн. Бұл өңірге барған соң, тарихи білігіңізді  жаңғыртуға болады. Себебі мұнда  ортағасырлық малмен айналысқан монғолдық кезеңнің соңғы дәуіріне тән елді мекенді ескерткіш кешендері бар. Орта ғасыр дәуірінің археологиялық ескерткіштер кешенін өлкетанушы В.В.Сараев ашқан. Суықтөбе жонының солтүстік баурайындағы кешенді 2005 жылы А.Х.Марғұлан атындағы Археология институтының Алматы  барлау экспедициясы зерттеген болатын. Сонымен қатар Майтөбе жайлауынан қазақтың домбырасының тасқа қашалған үлгілері де табылған еді. Ол тасқа қашалған алғашқы домбыра тартқан адамның суреттері бар тас қазір Алматыдағы ұлт-аспаптар мұражайында сақтаулы. Шипалы бұлақтарға  келіп, кешенді ем қабылдап, таңбалы тастың жаңа құпиясын ашушы атануыңыз да ғажап емес. Сонымен қатар бұл өлкеде қызыл кітапқа енген дәрілік шөптер өседі. Емдік шөптерді терудің алдында оның сирек кездесетін тұқым түріне жатпайтынын анықтап алған дұрыс. Тау аңғары болғандықтан жазғы кеш пен түн тым салқын болатынын ескеру керек.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға