Жаңалықтар

Қарасүйектерге кімдер қараған?

Қарасүйек – байырғы қазақ қоғамында ақсүйек тобына жатпайтын жай халық, қара халық.
22.10.2015 07:34 18048

Қарасүйек – байырғы қазақ қоғамында ақсүйек тобына жатпайтын жай халық, қара халық. Қарасүйектер ертеректе қараша, қара кісі, қара халық деп те аталған.

Қарасүйектерге кімдер қараған?

Қазақ қоғамында қара сүйектер өз ішінде шаруалар (көшпелі малшы қауым, егінші жатақтар), билер, ақсақалдар, батырлар, бай-бағландар, құл-құтандар тәрізді әлеуметтік жіктерге бөлінген. Қара сүйектер мүліктік және жеке бастық құқығы бар ерікті тұлғалар деп танылған. Сондықтан әлеуметтік, саяси, құқықтық т.б. мәселелерді шешуде халықтық жиындарға қатыса алатын болған. Олар куәлікке жүріп, мал-мүлкін мұрагерлікке қалдыра алған. Қару ұстап, атқа міне алатындардың барлығы да әскери міндеттілігі бар санатқа жатқан. Олардың шапқыншылыққа қарсы жорықтарға қатысатын, түскен олжаны бөлісе алатын құқығы болған. Қарасүйектердің құқығы ханның аппарат жүйесі арқылы емес, рубасы билер мен ақсақалдардың билігі бойынша заңмен қорғалып, қамтамассыз етілген. Қарасүйектердің қай-қайсының да болмасын жоғары билікке мұрагерлік құқығы болмаған. Халықтың ұлы жиынында төрелерге жататын ақсүйек топтардан ғана хан, сұлтандар сайланған.

Ел ішінде әлеуметтік орны, салмағы, қоғамдық беделі жағынан қарасүйектің бәрі бірдей болмаған. Қарасүйектің ішінде көшпелі малшылар, егінші жатақтар сан жағынан басым түскен. Бұл аталғандардың ішінде материалдық игіліктерді өндіретін саны жағынан ең көбі шаруалар санатына жатытын көшпелі малшылар мен егінші жатақтар болды. Бұлар шаруа баққан, ырыс қуған жандар деп аталған.

Қарасүйектің арасында қоғамдық беделі, әлеуметтік орны жоғары топқа билер мен ақсақалдар жатқан. Билердің ең басты қызметі - ел ішін бүтіндеп отыру, қоғамды іріткі салатын дауға алдырмау. Билердің беделділері Хан кеңесінде мемлекеттің ішкі, сыртқы мәселелерін шешуге белсене қатысқан.

Қоғамдық әлеуметтік беделі жоғары санатқа елдің игі жақсылары деп аталатын батырлар мен бай-бағыландар жатқызылған. Батырлар жаугершілік жорықтан түскен олжаның едәуір бөлігін иемденген. Олжа бөлісуде олардың ат көлігі, жау-жарағы айрықша бағаланып, ерекше сыбаға берілетін болған. Атақты батырлардың ішінен шыққан билер де болған.

Байлар қазақ қоғамында материалдық игіліктің басым көпшілігін иеленген. Ірі байлардың жиырма мыңнан астам жылқысы, арбалы үйі, бірнеше ақ үйі мен боз үйі болған. Олардың бәйбіше, тоқалдары жеке-жеке ауыл болып отырған. Ел ішінде байлардың жомарттығы дәріптеліп, сараңдығы сынға алынған.

Қазақ қоғамында жеке басының еркі жоқ, куәлікке жүре алмайтын, өлсе құны дауланбайтын топқа құлдар мен күңдер жатқызылған. Олардың өз қожасының үстінен шағым айтуға құқығы болмаған. Құлдар мен күңдер жаугершілік жорықта қолға түскендер немесе сатып алу сияқты сауда жолымен келгендер. Аса ірі байлар күң, құл ұстаған және оларды қыз жасауына қоса беретін болған. Қазақ қоғамындағы ескілікті әңгімелерге қарағанда, үш атадан кейін сіңірген еңбегі мен көрсеткен қызметіне орай құл, күңдерге бас бостандық беріп, оларды үйлендіріп, өз ауылына қоңсы-қолаң етіп қондырған. «Батыр болдың – бұлдық жоқ, үш атадан кейін құлдық жоқ» деген қазақ мақалы осы жайтты растай түседі.


Әзірлеген: Досжан Мейірім.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға