Арақ ішкен адамның оразасы қабыл бола ма? ҚМДБ жауап берді

Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы ішімдік ішетін адамдардың ораза ұстауына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Діни басқарма таратқан ақпаратта арақ-шарап ішу дінімізде харам, үлкен күнә саналатыны жөнінде айтылған.
Тағы бір хадисте: «Кім арақ ішсе, оның қырық күндік намазы қабыл болмайды. Егер тәубе етсе, Алла оның тәубесін қабыл етеді. Одан кейін тағы да арақ ішсе, Алла оның қырық күн намазын қабыл етпейді. Егер тәубе етсе, Алла тәубесін қабыл етеді. Бұдан кейін тағы арақ ішсе, Алла оның тағы да қырық күндік намазын қабылдамайды. Бұл ісіне тәубе етсе, тәубесі қабыл етіледі. Ал төртінші рет тағы да арақ ішсе, Алла оның қырық күндік намазын қабыл етпейді. Егер тәубе етсе, Алла оның тәубесін қабыл етпейді де оны «хабәл» (тозақтықтардың іріңінен жиналған) өзенінен сусындандырады» делінген.
Имам Науауи хадистегі «намазы қабыл болмайды» деген сөзді парызы мойнынан түседі, бірақ сауабы жоғалады деп түсіндірген.
Демек намаз сауабының жоғалуы тәубе етпей, арақ ішуді доғармауына байланысты. Егер шынайы тәубе етсе, бұл жаза (намаздың сауабы жоғалуы) да оның мойнынан түсіріледі. Өйткені шынайы тәубе алдыңғы істеген күнә істі жояды.
Осыған орай ораза ұстаушы Рамазан айынан екі күн бұрын арақ ішіп, соңынан шынайы тәубе етсе, Алла оның тәубесін қабыл етеді. Оның оразасы арақ ішпей ораза тұтқан адамның оразасындай болады. Ал ораза ұстап арақ ішуін доғармаса, оразасы дұрыс болады, бірақ сауабы болмайды. Арақ ішкені үшін күнә арқалайды, - делінген діни басқарма ақпаратында.
