ҚАРАПАЙЫМДАР (Protozoa)
ҚАРАПАЙЫМДАР (Protozoa) – бір клеткалы эукариотты (ядролы) организмдер. Көпшілігі бір ядролы болғанымен көп ядролы формалары да бар. Ядро ішіндегі құрылым бірліктері (компоненттері) эукариотты организмдердікіндей, ал ядроларының көлемі мен пішіні әр алуан. Қ-дың кейбір топтарының эвол. дамуы барысында хромосомаларының жекелеген бөліктерінің, тіпті кейде бүкіл хромосомалар жиынтығының бірнеше есе ұлғаюы орын алған, соның салдарынан полигенділік жоғары дәрежеге жеткен. Инфузориялар мен фораминефералардың көпшілігіне ядр. дуализм тән, яғни бұлардың вегетативтік және генеративтік ядролары (макронуклеус және микронуклеус) ажыратылады. Қ-дың филогенезі мен жүйеленімінде осы күнге дейін бір тұжырымға келген көзқарастар жоқ. Ұзақ уақыт бойында Қ. бір типке жатқызылып келді. Олар саркодалар, талшықтылар, споровиктер, инфузориялар, книдоспоридиялар (немесе миксоспоридиялар) болып бес класқа бөлінетін. Бірақ электрондық микроскопия және өзге де зерттеу әдістерін қолдану, тіршілік циклдарын, биохим. және физиол. ерекшеліктерін зерттеу нәтижесінде оларға тән ортақ құрылу жобасы жоқтығы, ұқсастықтан гөрі айырмашылықтары басым екендігі анықталды. Сонымен қатар оларды біріктіруге негіз болған басты белгілер (эукариоттылық, бір клеткалылық, ұсақтығы) Қ-ға ғана тән белгілер деуге келмейді. Қазіргі кезде ғалымдардың біразы Қ-ды бұрынғыша тип ретінде, ал көпшілігі оларды патшалық тармағы ретінде қарастырып, 5, 7 немесе 9 типке бөледі. 1980 ж. Қ-дың жүйеленімі жөніндегі Халықар. к-т олардың саркомастигофоралар (Sarcomastіgophora), лабиринтоморфалар (Labіrіntomorpha), апикомплекстер (Apіcomplexa), микроспоридиялар (Mіcrospora), асцетоспоралар (Ascetospora), миксоспоридиялар (Myxozoa немесе Cnіdosporіdіa), инфузориялар немесе кірпікшелілер (Cіlіophora) деп аталатын 7 типін тануды бекітті. Ғалымдар осы классификацияны мойындайды. Қ. фаунасы әлі толық зерттелмеген, олардың 40 мыңдай (кейбір деректерде 70 мың) түрі белгілі. Қ-дың барлығының дерлік көлемі өте ұсақ болғанымен морфофизиол. жетілу деңгейлері әр түрлі: тұрақты қозғалу және азық қамту органеллалары жоқ амебалардың құрылысы өте қарапайым, ең күрделілері – инфузориялар. Қ. жыныссыз да (бөлінудің әр түрлі формалары арқылы), жыныстық жолмен де көбейеді. Қ-дың көптеген топтарында көбею формаларының заңды кезектесуі нәтижесінде күрделі тіршілік циклдары қалыптасқан, әсіресе споровиктердің (Sporozoa) көбею циклдары өте күрделі. Көптеген Қ. циста (бірклеткалы Қ-дың қолайсыз жағдайларда пайда болатын тығыз қабықшасы) түзе алады. Бұлар жер шарында кең тараған және биосферадағы зат айналымында елеулі қызмет атқарады. Қ-дың арасында адамның, малдың, бағалы аңдардың, өсімдіктердің жұқпалы ауруларын туғызатын паразиттер көп. Қ-дың бірқатар түрлері (амебалар, инфузориялар, т.б.) цитол., генетик., биофиз. токсикол. зерттеулерде, популяция аралық қарым-қатынастарды модельдеуде, т.б. кеңінен қолданылып жүр. Минералды қаңқасы бар теңіз Қ-ы (радиоляриялар, фораминифералар) шөгінді тау жыныстарының құрамында кездеседі, олар, әсіресе, бор, әктас кендерінің түзілуіне үлкен үлес қосады. Қ-ды зерттейтін ғылым саласы – протозоология.
Қ. Көшкімбаев
"Қазақ энциклопедиясы"