ҚАРАЛЫ ҮЙ
ҚАРАЛЫ ҮЙ – адамы өлген, азалы отбасы. Дәстүрлі қазақ қоғамында “қаралы” сөзіне қатысты көптеген сөз орамдары бар. Мыс., қаралы ел – ел басшысы, батыры не биі дүйім елге қадірлі адамы дүниеден қайтқан ру, тайпа, ел-жұрт; қаралы ауыл – адамы қайтыс болып, аза тұтып отырған жұрт; қаралы қатын – ерін аза тұтқан зайыбы; қаралы қыз – әкесі қайтыс болып, артын күтіп, аза тұтып отырған қыз бала; қаралы ат – дүниеден өткен кісі құрметіне арналған аста сойылатын ат; қаралы күн – марқұмды азалау уақыты, жоқтау мезеті, т.б. Негізінен түбірі “қара” сөзінен шығады. Қазақ халқының жерлеу салтының бірі – Қ. ү-ге “қара” тігу болып табылған. Ол – кісісі өмірден өткен үйдің түндігі түріліп, үй ішінен найза шаншылады да, оның сыртқа шығып тұрған ұшына қарала ту тігіледі. Дүние салған адам жас болса қызылдан, қарт болса ақтан, орта жастағы адам болса бір жағы қара, бір жағы қызылдан ту тігіледі. Ал, қазақтар арасындағы төре тұқымдары жасына қарамай, шыққан тегіне қарай түрлі (ақ, қызыл, көк) ту тігіле береді. Қайтыс болған адам үшін тіккен ту қандай болса да “қара” деп есептелген. Қаза тапқан кісінің әйелі, қыздары, келіндері дауыс салып, жоқтау айтқан. Көңіл айтып келген адамдар олармен көріскен. Ал, марқұмның денесі үйдің оң жағына құрылған шымылдық ішіне қойылып, басы солт-ке, беті құбылаға қаратылып, шалқасынан жатқызылады, үстіндегі киімдері шешіледі де, үсті ақ шүберекпен жабылады немесе жеке үй тігіліп, ішіне шымылдық керіліп қойылады, мәйіт соның ішіне орналастырылады. Жаздың ыстық күндері кешкілік қайтыс болған адам ертесіне жерленуі мүмкін. Бірақ, қазақ халқының дәстүрлі жерлеу салтында, қазаға душар болған кісіні үш күнге дейін сақтап, күзететін болған. Себебі, ежелден келе жатқан түсінік бойынша, өлген адамның жаны бірінші күні үй ішінде ұшып жүреді, екінші күні шаңыраққа қонады, тек үшінші күні ғана көкке аттанады. Оның қасында қарттар, ауыл ақсақалдары кезектесіп, шырақ жағып, жарықты өшірмей әңгімелесіп отырған. Қ. ү-де шырақ жағу қырық күнге дейін созылған. Мұны бірқатар зерттеушілер (Ш.Уәлиханов, т.б.) қырық күнге дейін аруақ өз шаңырағына келіп тұрады деген түсініктен туған деп есептейді. Шырақ “жатқан жері жарық болсын” деген мағынада да жағылған. Қ. ү-де дауыс салу, жоқтау айту Құран оқылғанда саябырсиды. Қ. ү-ге көңіл айтуға келген әйелдер мен қыздар жүзік, сақина, шолпы сияқты әшекейлер тағынбай, қызылды-жасылды киім кимей барады. Қ. ү-ге қалтқысыз көмек көрсету, салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды сақтай отырып, демеу болу қазақ халқының рухани, мәдени және адамгершілік дүниесін аңғартады.
Әдеб.: Арғынбаев Х., Қазақ халқындағы семья мен неке,А., 1973; Наурыз: жаңғырған салт-дәстүрлер, А., 1991.
Ж. Жаппасов, Э. Телеуова
"Қазақ энциклопедиясы"