Жаңалықтар

Аралда литий бойынша кен орындарының қоры туралы база жасау керек – депутат

Аралда литий бойынша кен орындарының қоры туралы база жасау керек – депутат
Фото: GOV.KZ 15.05.2024 14:04 768

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында геологиялық барлау көлемін 2,2 миллион шаршы шақырымға дейін жеткізу міндетін жүктеді. Сөйте тұра елімізде геологиялық барлау жұмыстарына инвестиция тарту көздері мен қаржы бөлу жұмыстары өз деңгейінде емес. Бұл туралы мәжілісмен Мархабат Жайымбетов премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға жолдаған сауалында айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Біз келешекті кемелдесек, геолоягиялық зерделеу жұмыстары үлкен сілкіністі қажет етіп тұр. Өздеріңізге мәлім, Қызылорда облысы – жаңа әлеуетті инвестиция тартуға болатын қатты пайдалы қазбалардың қорларының басты көздерінің бірі. Аймақта өткен ғасырдың 40-шы және 60-жылдарынан бері пайдалы қазбаларға ауқымды геологиялық зерттеулер мен барлау жұмыстары жүргізілмеген. Қарағанды облысында қатты пайдалы қазбалардың 109 кен орны игерілсе, Қызылорда облысында тек 2-ақ кен орны жұмыс істеп тұр, - деді ол.

Депутат Қазақстанның сирек кездесетін металдарды игеру бойынша Еуропа елдері және АҚШ-пен келісімшарт жасасқанын алға тарта келе, Арал ауданындағы литий бойынша әлеуетті кен орындарының қоры туралы ақпараттық база рәсімделуі қажет деп санайды.

Сонымен қатар ол Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2019-2022 жылдарға арналған кешенді жоспарында Шу-Сарысу, Сырдария және Арал бассейндерінде республикалық бюджет қаражаты есебінен зерттеу жұмыстарын жүргізу көзделгенін алға тартты.

2022 жылы Өңірлік геологиялық зерттеу бойынша Шу-Сарысу бассейнінде жұмыстар аяқталып, Арал  бассейні бойынша геологиялық-геофизикалық зерттеулер басталды. Ал Сырдария бассейнін зерттеу жұмыстары 2026 жылға жоспарланған. Аталған жұмыстар Қызылорда облысының экономикалық потенциалын арттырып, халқымызды сапалы жұмыстармен қамтамассыз етудің бір бағыты, - деді депутат.

Осы орайда мәжілісмен геология саласының өркендеуін қолға алу бойынша шешілуі тиіс бірқатар мәселені алға тартты:

  • Аймақтардағы перспективалы учаскелерді зерттеу жұмыстарын жүргізуді жеделдету.
  • Геологиялық барлау саласын дамытудың жоспарларын қоғаммен талқылап, оның ашықтығын қамтамассыз ету.
  • Мұнай өндіру көлемінің жыл сайынғы төмендеуін ескере отырып, 2024-2025 жылдары Сырдария бассейнін зерттеуге республикалық бюджеттен қаражат бөлу мәселесін басымдылықпен шешу.
Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға