Жаңалықтар

ҚАРАКӨЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ

ҚАРАКӨЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ – қой шаруашылығының қаракөл қойын өсіретін саласы. Қ. ш. 1928 ж. Оңт. Қазақстан өңірінде “Шымқорған” кеңшарын құрудан басталды.
31.08.2014 06:46 8677

ҚАРАКӨЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ – қой шаруашылығының қаракөл қойын өсіретін саласы. Қ. ш. 1928 ж. Оңт. Қазақстан өңірінде “Шымқорған” кеңшарын құрудан басталды. Оған Өзбекстанның Бұхар және Самарқан облыстарынан таза тұқымды 5 мың қаракөл қойы әкелінді. Сонымен қатар әр түрлі жергілікті қойлар қаракөл қошқарларымен шағылыстырылды. Одан алынған будандар сіңіріле шағылыстырылды. 1941 жылға дейін қаракөл қойын өсіретін 13 кеңшар құрылды. 1941 – 45 ж. 7 кеңшар, 1946 – 52 ж. 3 кеңшар ұйымдастырылды. 1951 – 60 ж. 25 кеңшар құрылып, 1959 ж. Қазақстан бойынша 1 млн. дана қаракөл елтірісі дайындалды. 1960 – 80 ж. Қазақстанның Оңт. және Батыс өңірінің көптеген ұжымшарлары қаракөл қойын өсіруге бағытталып, Гурьев (қазіргі Атырау), Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Бат. Қазақстан және Оңт. Қазақстан облыстарында жаңадан 84 арнайы кеңшарлар құрылды. 1990 ж. қаракөл қойын өсіруге арналған шаруашылықтар саны 150-ден асып, жылына 2 млн. дана қаракөл елтірісі дайындалып, қаракөл қойының басы 6 млн. 200 мыңға жетті. Қазақстанның Қ. ш-ның өркендеуін 5 кезеңге бөлуге болады: Бірінші кезең 1920 – 30 ж. Қазақстанда алғашқы мамандандырылған арнайы Қ. ш-н құрумен бірге қазіргі Оңт. Қазақстан, Жамбыл және Қызылорда облыстарында жергілікті құйрықты қойларды қаракөл қошқарлармен сіңіре шағылыстыруды жүргізу. Екінші кезең 1930 – 40 ж. Қазақстанның шөл және шөлейт жайылымдарын тиімді пайдалану мақсатында арнайы қаракөл ш-тары ұйымдастырылды. 1939 ж. Шымкентте сыртқы сауда Халық комиссариатының құрамына кіретін “Қазсовхозқаракөл” тресі ұйымдастырылды. 1941 жылға дейін Қазақстан бойынша 12 арнайы Қ. ш. болған. Әсіресе, Бат. Қазақстанда Қ. ш-ның дамуы кең етек алды. 1949 ж. “Гурьевқаракөл” тресі ашылды. Үшінші кезең 1960 – 90 ж. – Қ. ш-ның өркендеу кезеңі. Қаракөл қойын өсіретін арнайы шаруашылықтардың саны 150-ге жетті (1980), жылдан-жылға мемлекетке өткізетін мал өнімінің көлемі ұлғая түсіп, 1984 ж. 2621 мың дана елтірі тапсырылды. Қаракөл қойының саны 6,4 млн. болды (1989). 1962 ж. Қазақ қаракөл ғыл.-зерт. ин-ты құрылды. Оның бөлімшелері Қызылорда, Жамбыл, Гурьев (Атырау) облыстарынан ашылды. Гурьевтегі бөлімшесі Маңғыстау және Бат. Қазақстан облыстарының Қ. ш-тарына басшылық жүргізді. Қ. ш-ның бас басқармасы құрылып, 6 облыстың а. ш. басқармаларында Қ. ш. бөлімдері ашылды. Қазақ қаракөл ш. ғыл.-зерт. ин-ты мен Қазақ а. ш-н механикаландыру және электрлендіру  ғыл.-зерт. ин-тының ғыл. қызметкерлері қаракөл елтірісін өндіру процестерін жан-жақты зерттеп, соның нәтижесінде қаракөлше қозының терісін сыпыру конвеерлік жүйеге қойылды.  Орта буынды  мамандарды дайындау тек қана Қапланбек және Жамбыл а. ш. техникумдарында жүргізіліп келсе, 1969 ж. Алматы зооветеринарлық ин-тының зоотех. ф-тінде жоғары білімді мамандар дайындайтын бөлім ұйымдастырылды және Қазақ қаракөл ш. ғыл.-зерт. ин-тында тұрақты жұмыс істейтін, мамандығын жетілдіретін курстар ашылды. Ғыл. жетістіктерді өндіріске ендіру, мал тұқымын асылдандыру жұмыстарын салалы жүйеге түсіру, малды азықтандыру мәселелерін жетілдіру нәтижесінде дербес асыл тұқымды мал қоры жинақталып мемл. асыл тұқымды шаруашылықтар құрылды. Сонымен қатар, шөл және шөлейт аймақтардың жайылымын жақсарту жұмысы да кеңінен қолға алынып, жайылымға жабайы өсетін шөптің ұрығын сеуіп, оның өнімділігін бірнеше есе көбейтуге қол жеткізілді. Өсірілетін жеріне бейімделген, жоғары сапалы өнім беруге бағытталған 14 жаңа з-ттық типті мал түрі бекітіліп, дүние жүзінде теңдесі жоқ атыраулық құйрықты елтірі – ет, май өнімдерін өндіретін қой тұқымы шығарылды (1974 – 98). Төртінші кезең. 1990 – 98 ж. Қ. ш-нда ондаған жылдар бойы жүргізілген сұрыптау, асылдандыру жұмыстарының нәтижесінде пайда болған асыл тұқымды мал басы күрт төмендеді. Қаракөл қойының 1582,0 мың басына дейін азайып, ал елтірі өндіру 17 есе кеміп – 101,3 мың болды. Асыл тұқымды мал басының үлесі 50%-дан 8,5%-ға дейін төмендеп, 108,4 мың басты құрады. Бесінші кезең 1999 жылдан басталады. Кейінгі жылдары қаракөл қойының саны жылдан жылға көбеюде. Мыс., республика бойынша 2001 ж. 1281,1 мың, 2002 ж. 1881,1 мың, ал 2003 ж. – 2011,5 мың бас болды. Түрлі меншіктегі асыл тұқымды қаракөл қой ш-ның саны 27-ге жетіп, онда өсірілетін асыл тұқымды қой 136,7 мың басты құрайды. Қазақстан ғалымдары мен мамандарының көп жылдар бойы, арнайы бағытта жүргізген мал тұқымын асылдандыру жұмыстарының нәтижесінде: Жамбыл обл-нда қара түсті қаракөл қойының төгіскендік з-ттық, көк түсті қаракөл қойының таластық типтері мемл. сынақтан өтті. Бұхарлық сұр түсті қаракөл қой тобы Оңт. Қазақстан обл., “Сүткент” асыл тұқымды з-тында, “Шардара” асыл тұқымды ш-нда және Бат. Қазақстан обл. “Тайпақ” асыл тұқымды ш-нда шығарылды. Қызғылт түсті қаракөл қой тобын шығару әдістемесі Созақ ауд., “Жарты-Төбе” ш-нда жүргізілді. Атыраулық қой тұқымы өте жоғары бағалы елтірі береді, құйрығының пішіні құйрықты қойға тән әрі тез жетілгіш. 1995 – 2000 ж. қаракөл қойының қарақалпақ сұры шамшырақ реңді әлімтаулық з-ттық типі, “Байырқұм” асыл тұқымды з-тында – бұхарлық сұр з-ттық типі, “Темір” асыл тұқымды з-тында көк қаракөл қойының көгілдір реңдісі, көгілдір реңді көк қаракөлдің сырдариялық з-ттық типі, қола реңді сұрхандария сұрының тартоғайлық з-ттық типі, қара түсті қаракөл қойының өсімтал қожатоғайлық типі, созақтық жакеттік типі бекітілді.

Б. Ақтуов, Ә. Омбаев

"Қазақ энциклопедиясы"

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға