Жаңалықтар

ҚАРАДӨҢ БАТЫР ЖӘНЕ ОНЫҢ ҰРПАҚТАРЫ

ҚАРАДӨҢ БАТЫР ЖӘНЕ ОНЫҢ ҰРПАҚТАРЫ” – Мұрын жырау жырлаған “Қырымның қырық батыры” эпосының топтамасына енетін батырлық жырлар.
31.08.2014 06:37 7279

“ҚАРАДӨҢ БАТЫР ЖӘНЕ ОНЫҢ ҰРПАҚТАРЫ” – Мұрын жырау жырлаған “Қырымның қырық батыры” эпосының топтамасына енетін батырлық жырлар. Бұл жырларды алғаш рет 1942 жылы Сеңгірбайұлы Мұрын жыраудан ақын М. Хакімжанова жазып алған. Жырларда Ноғайлы дәуірінен басталған қазақ халқының қоғамдық, тарихи-әлеум. жай-күйі айқын көрініс береді, жоңғар қалмақтарының тыныш өмір сүріп жатқан бейбіт халыққа көрсеткен зорлық-зомбылықтары, туған елі мен жерінің бостандығы мен тәуелсіздігі жолындағы Қарадөң батыр мен оның қаһарман ұрпақтарының ерлік күрестері жан-жақты суреттеледі. “Қарадөң батыр және оның ұрпақтары.” батырлық эпосы топтамасына енетін жырлар: 1) “Қарадөң”. Көлемі 1000 жолдан тұратын жырда жетімдікті бастан кешіп, еліне сүйікті хан болған Қарадөң батырдың Қараменде, Харазым деген қалмақ хандарымен соғыстағы ерліктері баяндалады; 2) “Жұбаныш”. 1290 жолдан тұратын жырда Қарадөң батырдың қартайған шағында аңсап көрген баласы Жұбаныш батырдың өз елін шапқан қалмақ ханы Қылышханнан өш алып, Мұнартау деген жерде қалмақтарды жеңуі, туған жерін жаудан азат етуі сөз болады; 3) “Сүйініш”. 1560 жолдық жырдың бас кейіпкері – Жұбаныштан туған бала батыр Сүйініштің қалмақ хандарына қарсы соғыстағы жан сүйсінерлік ерлік істері қызықты баяндалады; 4) “Ер Бегіс”. Көл. 848 жолдан тұратын жыр Сүйініш батырдың 40 жасқа келгенде туған баласы Ер Бегістің қалмақтарға қарсы жорықтарда көрсеткен батырлық істерін баяндауға арналған; 5) “Көгіс-Тегіс”. 704 жол құраған жырда кеш үйленген Бегіс батырдың баласы Көгістің және Бегістің соғыста қаза тапқан досының баласы Тегістің қалмақтармен соғысып, жеңіспен оралуы, достыққа адалдығы айтылады; 6) “Тама”. Көлемі 680 жолдан тұратын жыр Көгіс батырдың баласы Таманың қалмақтарды ойсырата жеңіп, көп олжамен оралуы жайлы сыр шертеді. “Қарадөң батыр және оның ұрпақтары” топтамасына енетін жырлардың барлық нұсқалары толық, 7 – 8 буынды жыр үлгісіне құрылған, тілі жатық. Тақырып жағынан бір-бірімен ұқсас болғанымен соғыс көрінісін суреттегенде айырмашылық байқалады, негізгі сюжетке қосымша берілген эпизодтар да әр түрлі болып келеді. Жырлар алғаш рет “Батырлар жырының” 3-томында (1964), одан кейін “Ақсауыт” жинағының 2-томында (1977) және “Қазақ халық әдебиеті” көптомдығының 11-томында (1989) жарық көрген. Мұрын жыраудан жазып алынған жыр нұсқалары – ҚР ҰҒА Орталық ғылыми кітапхана қорында сақтаулы.

С. Қорабай

"Қазақ энциклопедиясы"

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға