Жаңалықтар

Арабияға алғаш жол салған қазақ дипломаты жайлы не білеміз?

Арабияға алғаш жол салған қазақ дипломаты жайлы не білеміз?
Фото: Нәзір Төреқұлов 21.07.2023 17:12 3070

Жақында Сауд Арабиясында Орталық Азия мен Араб елдерінің алғашқы саммиті өтті. Жидда қаласындағы басқосуға мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та барып қайтты. Осы ретте Сауд Арабиясымен байланысымыз қалай басталғанына тоқталмақпыз. Яғни, тұңғыш қазақ елшісі Нәзір Төреқұлов араб әлеміне алғаш қалай жол салғаны туралы сөз қозғамақшымыз.

Өткен ғасырдың 20-жылдары Сауд Арабиясының Англиямен қарым-қатынасы нашарлай бастады. Мұндай мүмкіндікті Кеңес одағы тиімді пайдаланды. Олар 1926 жылы Кәрім Хакимовтың арқасында Сауд Арабиясын өзгелерден бұрын мойындады. Ал  1927 жылғы 15 желтоқсанда КСРО-ның Хиджаз, Неджі және қосылған облыстар корольдігіндегі өкілетті елшісі болып Нәзір Төреқұлов тағайындалады. Ол тұста Сауд Арабиясы осылай аталған. Тұңғыш димпломат араб әлеміне елші болып барғанда жасы 36-да екен.

Жаңа елге, жаңа қызметке Төреқұлов «Ленин» теплоходына мініп, Одессадан Стамбұлға, сосын Италияның Неаполь қаласына жетеді. Одан «Франческо Криспи» параходына мініп, Сауд Арабиясының Жидда қаласына аман-есен жетеді. Қасында екінші әйелі Нина Александрова болған.

Араб жерінде КСРО-ның жаңа өкілетті өкілі ерекше құрмет және достық пейілмен қарсы алынып, 3 қазанда ол Меккеде корольдің ұлы ханзада Фейсалға өзінің сенім грамотасын тапсырды.

Тағы бір артқа шегініс жасасақ, бұл кезде араб әлемі жер астында мұнайдың бар екенін білмеген. Жері құнарсыз, халқы көшпенді мал шаруашылығымен күнін әзер көріп жүреді. Экономикасы артта қалған.

Ғаламдық саяси ойшыларды Сауд Арабиясының жері емес, орналасқан аумағы қатты қызықтырды. Өйткені, мұсылман әлемінің орталығы бір шеті Иракпен, енді бір жағы Иордания, Катармен шекаралас, Таяу Шығыстың бар мүддесі шоғырланған орта.

КСРО алып аймақта мұсылмандардың тыныс тіршілігін тамыршыдай тап басып, кеңестік жүйеге икемдей алатын дипломат іздеді. Бұл қызметке Нәзір Төреқұлов ұсынылады. Бірақ совет идеологтары оны баспа ісінен жібергісі келмеген. Сөйтіп, араб тілін жақсы меңгерген кавказдық Осман Әлиевті ұсынған.

Алайда сыртқы істер наркоматы келіспей, Сталинге хат жазған. Ол Нәзір Төреқұловтың саяси тәжірибесі қажет екенін айтып, келісімін алған, - дейді ғалым Тайыр Мансұров.

Нәзір Төреқұлов туралы зерттеу еңбектерін жазған ғалым Тайыр Мансұров қазақ елшісі аз уақыттың ішінде  жаңа қызметіне тез үйренісіп, жергілікті ықпалды адамдармен және көпестермен достық байланыс орнатып алды деп отыр.

 Бұған негізінен, оның қысқа мерзім ішінде араб тілін жақсы меңгеріп алғаны жол ашты деуге болады, оны жетік үйренгені соншалықты, ол салтанатты жиындарда дипкорпустың атынан құттықтау сөз сөйлеп, жергілікті діни гұламалармен теологиялық тақырыпта пікір таластыратындай дәрежеге жетті, -дейді Тайыр Мансұров.

Әйгілі «бензин мәмілесінен» кейін елшінің беделі артады. 1932 жылы Арабияға одақтан 50 мың жәшік бензин мен керосин алдырып береді. Бұл бір жылға жеткілікті еді. Бұған корольдің өзі риза болыпты. Қазір бұл күлкілі болуы мүмкін. Өйткені мұнай экспортында осы күні алып ел айналған империя ол тұста көлігіне жағатын жанар-жағармайға зәру болған.

Айтпақшы, Хиджазда сол кезде дәрігерлердің саны да жеткіліксіз еді. Дипломаттардың балалары ауырып, қалай емдеу керектігін білмей жүрген кез. Соны байқаған Нәзір кеңестік жүйемен аурухана ашқан. Онда әйелі Нина Алесандрова еңбек еткен. Бұл ауруханада корольдің балаларынан бастап, қарапайым халыққа дейін кезекке тұрған. Сол жерден тіс емханасын да ашқан көрінеді.

Сөйтіп, король Абдель Әзиз әл-Саудпен ағалық-інілік қарым-қатынасқа дейін жетеді. Ұлы ханзада Фейсалмен жақсы байланыста болған. Ол 1933 жылы Мәскеуге келген. Фейсалдың ресми сапарын ұйымдастырған Нәзір еді. Тақ мұрагерінің келуінің басты мақсаты – одақтан тауарлық несие алу еді. Бірақ ресми Кремль бензин қарызы өтелмей, ештеңе берілмейтінін ескертеді. Дегенмен, Төреқұловтың бастамасымен Мәскеу қонаққа жаңадан шығып жатқан АТС телефон станциясын сыйға тартады.

Сегіз жылдың ішінде қазақ баласының беделі артып, дипломат ретінде абыройы асқақтағаны одақтарға кейбіреулерге ұнаған жоқ. Оның үстіне, Совет елі батыс елімен байланыс орната бастаған. Сөйтіп, 1936 жылы Төреқұлов шақырып алады. Елге оралған соң, КСРО Ұлттар кеңесінің жанындағы Орталық тіл және жазу ғылыми-зертханалық институтына қызметке орналасады.

Ол француз, қазақ, араб, қырғыз, өзбек және т.б. тілдерді жетік білген. Сегіз жылдың ішінде бір рет ғана еңбек демалысына шығыпты. Қазіргі кездегідей кондиционердің жоқ кезі. Аптап ыстығы 50 градустан асатын Араб елінде табан аумай 8 жыл қызмет атқарады. Орталықтан көмекші сұрағанда да рұқсат етпеген. Сөйтіп, бар жұмысты өзі атқарған. Сырқаты да асқына бастайды. Тіпті, құлағы естуі баяулаған. Жасы бар-жоғы 44-те еді.

1937 жылдың шілдесінде Төреқұлов тұтқындалып, күзде атылған. Жұбайы – Нина Александровна «халық жауының» әйелі ретінде 5 жылға сотталып, «АЛЖИР» лагеріне жіберіледі. Кейінгі өмірі туралы дерек жоқ. Ал бірінші әйелінен туған Әнел Мәскеуде инженер болып еңбек еткен. Еуропада ауыр жүк көтеретін кранға Әнелдің аты берілген. Ол 2003 жылы қайтыс болып, әкесінің туған жері Түркістанда жерленді.

Төреқұлов атылған соң, Кеңес Одағы мен Сауд Арабиясы арасында қарым-қатынас бірнеше жыл бойы елеусіз қалады. Тек байланыс кейіннен 90-жылдары қалыпқа келді.

Нәзір Төреқұловтың тек қазақтың ғана емес, жалпы Орта Азиядан шыққан алғашқы дипломат Орта Азиядан шыққан алғашқы дипломат.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға