ҚАРА ШОР ТҮРІК
ҚАРА ШОР ТҮРІК (Қара Сор Түрік, Қара Чурин Тюрк) (т.-ө.ж.б.) – Түрік қағандығын билеген сегізінші қаған (600 – 604) Істеми ханның ұлы. Қ. Ш. Т. әкесімен бірге 555 ж. эфталиттерге қарсы соғысқа қатысқан. 556 ж. жеке өзі қол бастап Жоңғарияны бағындырған. 558 ж. ағайындары Түрксанф және Бөріхан иеліктерін құру үшін Еділ мен Орал өңірлеріне жорық ұйымдастырған. 576 ж. Істеми хан қайтыс болғаннан кейін Тобоқаған оны елдің батыс бөлігіне билік жүргізуді және әскерлерге қолбасшылық етуді тапсырған. Ол Тордуш хан деген атпен қағаннан кейінгі екінші тұлғаға айналды. 581 ж. Түрік қағандығының батыстағы шекарасын Византияға дейін кеңейтті. Тобоқағанның будда дінін қабылдап, түркілер арасында осы дінді уағыздау үшін буддалық миссионерлерді қаптатып жібергеніне наразылық білдірді. 581 ж. Тобоқаған қайтыс болғаннан кейін, билікке Шету-Ишбар қаған келді де, Қара шор Түрік. Муған қағанның ұлы Төремен бірігіп орт. билікке қарсы топ құра бастады. Ишбар қағанның 582 – 83 ж. Қытайға жасаған жорығында Қара шор Түрік императордан алтыннан соғылған бөрі басын сыйға алған соң батыс бөліктің әскерін майданнан алып кеткен. Төремен де солай еткен. Сөйтіп, қытай әскері толық талқандалудан аман қалған. 584 ж. Қара шор Түрік Ишбар қағанмен соғысып жатқан Төременге көмек берген. 587 ж. Ишбар қаған қайтыс болған соң билік басына келген жаңа қағанға қолдау көрсетіп, Төремен ханға қарсы шықты. Бірақ Төремен хан өлтірілгеннен кейін, Қара шор Түрік батыс бөлікті Түрік қағандығынан бөліп алып, жеке мемлекет құру үшін күресті қайта бастады. 593 ж. қағандықтағы билік Қ.Ш.Т-тің қолына өтті. 600 ж. ол өзін ұлы қаған деп жариялады. Бірақ қағандықтың шығыс бөлігінің бектері мен ру басылары оны қолдамады. Қағанның құрылтайсыз билікке келуін, шығыс бөліктегілердің оны қолдамауын қытай билеушілері шебер пайдалана білді. 601 ж. Қара шор Түрік Қытайға басып кіріп, қытай қолбасшысы Хань Хунның әскерін талқандады. Бірақ жеңіс ұзаққа созылмады, қытай тыңшыларының ұйымдастыруымен телес тайпаларының конфедерациясы көтеріліс жасады. Көтеріліс Селенгі өз-нен Тянь-Шаньға дейінгі аймақты қамтыды. Қара шор Түрік әскері талқандалды. Ол Тоғанға қарай шегінуге мәжбүр болып, 604 ж. тибеттіктер қолынан қаза тапты. Қара шор Түрік – Түрік қағандығының соңғы қағаны болды. 604 ж. Қытайдың қолдауымен Жанғар хан Шығыс бөлікте қаған болып, Батыс бөлігі біржолата бөлініп шығып, жеке мемлекет құрды.
Әдеб.: Бичурин Н.Я., Собрание сведений о народах, обитавших в Средней Азии в древние времена, т.
Б. Кәрібаев, С. Сыздықов
"Қазақ энциклопедиясы"