Қарақойлы мен Аққойлы жайлы білесіз бе?!
Тарих беттерінде көп айтыла бермейтін Қарақойлы мемлекетін Батыс Азияда өмір сүрген оғыз тайпаларды құрған. Оны кейбір деректерде Кара коюнлу мемлекеті деп атайды.
Сыр бойынан ауған оғыз тайпалары ХІІ-ХІІІ ғасырларда Диярбекир, Әзербайжан, Ирак жерлеріне барып жайласып, тұрақты қоныстанады.
Олар Шыңғыс ханның немересі Хулагу ұрған илхандар мемлекетінде зор белсенділік танытып, үлкен рөл атқарады. Билік басындағы Хулагу әулетінің алауыздықтан әлсірегенін пайдаланып, көптеген оғыз тайпалары азаттық алу үшін тәуелсіздікке ұмтылды.
Қарақойлы мемлекетінің негізін салушы – Байрам Қожа. Ол Жалайыр әулетінен шыққан Уәйіс сұлтанға адал қызмет етіп, Тебриз шаһарының әмірі болып тағайындалады. 1380 жылы Байрам Қожа дүние салғаннан кейін оның ұлы Қара Мұхаммед тәуелсіз саясат ұстанып, Ван қаласын өзіне астана етеді. Жалайыр әулетінің қолдау көмегімен 1408 жылы сәуір айында Ақсақ Темірдің мұрагері Шах рух пен Мираншаһтың әскерлерін талқандайды. Осыдан кейін ол 1410 жылы тамызда Тебриз шаһары маңында жалайырлардың әскери жасақтарын күйрете жеңді. Сөйтіп құрамына Кура өзенінің оңтүстік жағындағы Әзербайжан, Армения, Күрдістан, Ирак елдері кіретін Қарақойлы мемлекеті құрылды. Астанасы Тебриз шаһары болып белгіленеді.
Жаңа мемлекет Әмір Темір әулеті мен Ширван шахтарына қарсы үздіксіз соғыс жүргізді. Қара Жүсіп (1410-1420) өлгеннен кейін орнына отырған ұлы Ескендірдің (1420-1436) үш рет Ширванға жасаған жорығы сәтсіз аяқталады. 1435 жылы Шахрух сұлтан Ширван шахымен бірлесе отырып, Ескендір әскерлеріне ойсырата соққы берді.
Жаңа билеуші Жаһан шах (1437-1468) Ширванмен бейбіт келісімге келуді ойлайды. Бірақ, 1447 жылы Шахрух сұлтанның қайтыс болған уақытын пайдаланып, ол қайтадан дара билікке қол жеткізуге жанталасты. Алайда, мемлекетте ішкі қайшылықтар мен үкімет билігіне наразылық жиі-жиі бой көрсетіп тұрды. Осы жағдайлардың куәгері болған Аққойлы әулетінен шыққан Ұзын Хасан (1453-1478) Жаһан шах әскеріне 1467 жылы қарсы көтеріліп, оны бас көтертпей талқандап тастайды. Ал келесі жылы мемлекет ыдырап, Аққойлы әулетіне толық бағынды.
Аққойлы мемлекеті (Ак-коюнлу) – ХIV-ХV ғасырларда Тигр өзенінің жоғары сағасын, Тебриз, Бақы (Баку) маңайын жайлап, қоныстанған көшпелі түрік-оғыз тайпаларының мемлекеттік бірлестігі. Көне деректерде Шу, Талас өзендері алабын, Тараз шаһары маңын мекендеген аққойлы руының бір бөлігі осы Аққойлы мемлекетінің негізін қалауға атсалысқан деген болжам-жорамалдар бар.
Ұзын Хасанның билік құрған тұсында (1453-1478) мемлекет барынша дәуірлеп, халықаралық саясатта маңызды рөл атқарды. Ол Арменияны, Әзірбайжанды, «Парсы елінің» батыс өлкелерін, иракты басып алып, Тебризді өзіне астана етті. Ұзын Хасан 1463 жылы Венциямен, Руммен, Венгриямен одаққа кіріп, Осман сұлтандығына қарсы күресті. 1468 жылы өзінің басты бақталасы Қарақойлы мемлекетін әлсіретіп, ыдыратты.
ХV ғасырдың аяғында ханзадалардың үздіксіз тақ таласынан, ұдайы туындаған халық наразылығынан мемлекеттің күш-қуаты әлсірей бастады. ХVІ ғасырда оны Иранның Сефеви әулетінен шыққан ханзада Исмайыл І шах басып алады. Осылайша екі мемлекет тарих сахнасынан жоғалып кете барды.